- Басты бет
- /
- Тұрақты дамуды басқарудың ұйымдастырушылық құрылымы
Тұрақты дамуды басқарудың ұйымдастырушылық құрылымы
Банкте тұрақты дамуды басқару корпоративтік басқарудың жалпы жүйесі шеңберінде ұйымдастырылып, оның ажырамас бөлігі болып табылады.
Саясат ережелеріне сәйкес, тұрақты дамуды басқару жүйесінде тұрақты даму саласындағы қағидаттар мен стандарттарды іске асыру үшін әрбір органның және барлық қызметкерлердің рөлі, құзыреті мен жауапкершілігі нақты айқындалып, бекітілген.
Тұрақты дамуды енгізуге стратегиялық басшылық ету мен бақылауды Банктің Директорлар кеңесі атқарады. Банктің Директорлар кеңесі тұрақты даму саласындағы Банктің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарын, мақсаттары мен іргелі қағидаттарын айқындайды. Бұл тұрақты даму қағидаттарын енгізуді, климаттың өзгеруі мәселелерін және тұрақты дамудың өзге де аспектілерін қамтиды.
Директорлар кеңесінің мүшелері тұрақты даму саласындағы білімдері мен құзыреттерін тұрақты түрде жетілдіреді. Өз қызметінде олар Банктің мүдделерін басшылыққа алып, шешім қабылдау кезінде тұрақты даму қағидаттарын ескереді.
Директорлар кеңесі тұрақты даму саласында Банктің стратегиялық дамуына, нормативтік реттеуіне, операциялық нәтижелеріне және беделіне, оның ішінде мүдделі тараптар үшін ақпаратты ашуға айтарлықтай ықпал етеді. Директорлар кеңесі жыл сайын Банктің жылдық есебі мен тұрақты даму туралы есебін алдын ала қарайды. Банк есептеріне қосымшалардың бірі ретінде «Маңызды тақырыптар және оларды бағалау» бөлімі енгізіледі, оны Банктің Директорлар кеңесі қарайды.
Директорлар кеңесі жанында Стратегиялық жоспарлау және корпоративтік даму комитеті жұмыс істейді. Ол тұрақты даму мәселелерін алдын ала пысықтап, ұсынымдар дайындайды. Комитет тұрақты даму қағидаттарын Банк қызметіне кіріктіру, тұрақты даму саласындағы басымдықтар мен бастамаларды қалыптастыру, сондай-ақ Банктің экологиялық және әлеуметтік тиімділігін арттыруға бағытталған іс-шаралар мәселелерін қарайды және тиісті ұсынымдарды Директорлар кеңесінің қарауына енгізеді.
Басқарма тұрақты даму саласында тиісті жүйені қалыптастыруға және оны енгізуге, Банктің тұрақты даму саласындағы стратегиялық даму бағытын орындауға, Банктің Директорлар кеңесі бекіткен рәсімдер, процестер мен саясаттардың сақталуына жауапты. Басқарма Банктің тұрақты даму саласындағы стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуын бақылайды.
Банк Басқармасы жанында Стратегия және корпоративтік даму комитеті жұмыс істейді. Ол тұрақты даму саласындағы іс-шараларды үйлестіруге жауапты, тұрақты даму мәселелерін қарауды және ұйымдастыруды, тұрақты даму саласындағы саясаттың стратегиялық құжаттарын бекіту, ҚНК мен тұрақты даму жөніндегі стратегиялық мақсаттарды айқындау бойынша Банк Басқармасына ұсынымдар дайындауды атқарады.
Банктің құрылымдық бөлімшелері тұрақты даму саласындағы іс-шаралар жоспарын іске асырады. Бұл жоспар Банктің даму стратегиясында белгіленген тұрақты даму саласындағы ҚНК-ға қол жеткізуге бағытталған. Сонымен қатар құрылымдық бөлімшелер тұрақты даму саласындағы жобаларды іске асырып, осы бағыттағы тәуекелдерді айқындайды.
Жоспарлау және стратегиялық талдау департаменті жанындағы Тұрақты даму басқармасы Банктің тұрақты даму саласындағы негізгі үйлестіруші құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Басқарма Банктің басқа бөлімшелеріне тұрақты даму саласында сараптамалық қолдау көрсетеді, Банктің тұрақты даму саласындағы стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарының іске асырылуын басқарады, сондай-ақ осы бағыт бойынша мониторинг пен есептілікті ұсынуды ұйымдастырады.
Барлық деңгейдегі қызметкерлер мен лауазымды тұлғалар тұрақты дамуға өз үлесін қосады. Банктің тұрақты даму саласындағы қызмет бағытына жетекшілік ететін құрылымдық бөлімше басшысы Саясат ережелерінің сақталуына жауапты болады, сондай-ақ тұрақты даму жөніндегі мақсаттар мен ҚНК-ға қол жеткізу тәсілдерін үйлестіреді, тұрақты даму саласындағы корпоративтік стандарттардың орындалуын, жылдық есеп пен тұрақты даму туралы есептің дайындалуын бақылайды.
Банкте оқыту және біліктілікті арттыру бағдарламалары тұрақты негізде өткізіледі. Оқыту тұрақты дамуды енгізудегі тұрақты элемент болып табылады. Банктің лауазымды тұлғалары қызметкерлердің тұрақты даму қағидаттарын түсінуі мен ұстануына, сондай-ақ қызмет жүргізу және міндеттерді орындау кезіндегі мәдениет пен мінез-құлықтың өзгеруіне негізделген тұрақты дамуға қатысуын арттыруға ықпал етеді.