- Басты бет
- /
- Ішкі аудит
Ішкі аудит
Банктің Ішкі аудит департаментінің қызметі Ішкі аудиторлар институты (The Institute of Internal Auditors) ұсынған Кәсіби практиканың халықаралық негіздеріне сүйене отырып құрылған және адалдық, объективтілік, құзыреттілік, тиісті кәсіби сақтық және құпиялылық қағидаттарына бейілділікті көздейтін этика мен кәсібилік стандарттары мен қағидаттарын сақтай отырып атқарылады.
Ішкі аудит департаментінің өз міндеттері мен функцияларын орындау кезіндегі тәуелсіздігі тиісті ұйымдық мәртебемен қамтамасыз етіледі. Ол Ішкі аудит департаментінің ұйымдық тұрғыдан Банктің Директорлар кеңесіне бағыныстылығын және функционалдық есептілігін көздейді. Ішкі аудит департаментінің қызметіне тікелей жетекшілік етуді Банктің Директорлар кеңесінің Аудит комитеті атқарады.
Ішкі аудит департаменті қызметінің негізгі мақсаты - Директорлар кеңесі мен атқарушы органға тәуекелдерді бағалауға негізделген тәуелсіз, объективті растауларды, пікірлерді, ұсынымдар мен болжамдарды ұсына отырып, Банктің құндылық жасау, қорғау және қолдау қабілетін нығайту.
Ішкі аудит департаменті туралы ережеде кез келген активтерге, барлық құжаттарға, бухгалтерлік жазбаларға және Банк қызметі туралы кез келген өзге ақпаратқа, оның ішінде құпия мәліметтерге кедергісіз және толық қол жеткізу құқығы, сондай-ақ деректерді енгізу және түзету құқығынсыз, пассивті қарау режимінде ақпараттық дерекқорларға және бағдарламалық қамтамасыз етуге кедергісіз әрі толық қол жеткізу құқығы айқындалған.
Өз қызметін бекітілген тәуекелге бағдарланған жылдық аудиторлық жоспар негізінде атқару шеңберінде ішкі аудиторлар негізгі міндеттер мен функцияларды орындау мақсатында жазбаша сұрау салу бойынша өз құқықтарын іске асырады. Сондай-ақ Ішкі аудит департаменті туралы ережеде Ішкі аудит департаментінің тәуелсіз, объективті, тиімді, уақтылы және/немесе толық көлемде қойылған міндеттерді, жылдық аудиторлық жоспарды орындауына кедергі келтіретін проблемалар, бұзушылықтар және/немесе шектеулер туралы Аудит комитетін және/немесе Директорлар кеңесін хабардар ету құқығы айқындалған. Бұл осындай проблемаларды шешу және/немесе шектеулерді жою мақсатында іске асырылады.
Ішкі аудит департаменті тәуелсіз құрылымдық бөлімше болып табылады және функционалдық тұрғыдан Директорлар кеңесіне, әкімшілік тұрғыдан Банктің Басқармасына есеп береді. Ішкі аудит департаментінің басшысы мен қызметкерлерін Директорлар кеңесі тағайындайды.
2025 жылы Ішкі аудит департаментінің штат саны 11 бірлікті құрады. Ішкі аудит департаментінің басшысы CIA (Certified Internal Auditor) ішкі аудиттің халықаралық сертификатына ие және Қазақстанның Ішкі аудиторлар институтының «2025 жылдың ішкі аудитінің үздік басшысы» номинациясының жеңімпазы болып табылады. Ішкі аудиторлар тұрақты негізде үздіксіз кәсіби дамудан өтеді және ішкі аудит саласындағы кәсіби сертификаттар мен дипломдарға ие (CIA, DipPIA және DiPCPIA).
Ішкі аудит департаментінің негізгі міндеттері мен функциялары мыналар болып табылады:
- атқарушы органға және Банк қызметкерлеріне тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау және корпоративтік басқару жүйелерін жетілдіру жөніндегі рәсімдер мен іс-шараларды әзірлеуге және олардың орындалуына мониторинг жүргізуге жәрдемдесу;
- Банктің сыртқы аудиторымен, сондай-ақ тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау және корпоративтік басқару саласында консультациялық қызмет көрсететін тұлғалармен қызметті үйлестіру;
- Директорлар кеңесіне және Аудит комитетіне Ішкі аудит департаменті қызметінің нәтижелері және жылдық аудиторлық жоспардың орындалуы туралы тоқсан сайынғы есептерді дайындау және ұсыну, оның ішінде маңызды тәуекелдер, кемшіліктер, анықталған кемшіліктерді жою жөніндегі іс-шараларды орындау нәтижелері мен тиімділігі, тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау және корпоративтік басқару жүйесінің нақты жай-күйін, сенімділігі мен тиімділігін бағалау нәтижелері туралы ақпаратты қамтитын есептер;
- Банктің Басқарма мүшелері мен оның қызметкерлерінің инсайдерлік ақпаратқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысты Қазақстан Республикасы заңнамасының және ішкі құжаттардың ережелерін, сондай-ақ этикалық талаптарды сақтауын тексеру;
- сыртқы аудитор ұсынымдарының орындалуына мониторинг жүргізу;
- Директорлар кеңесіне, атқарушы органға, құрылымдық бөлімшелерге ішкі бақылауды, тәуекелдерді басқаруды, корпоративтік басқаруды және ішкі аудитті ұйымдастыру және жетілдіру мәселелері бойынша, сондай-ақ Ішкі аудит департаментінің құзыретіне кіретін өзге де мәселелер бойынша консультациялар беру.
2025 жылға жоспарланған барлық аудиторлық тапсырмалар толық көлемде орындалды. Аудиторлық тексерулер нәтижелері бойынша анықталған маңызды проблемалар адами фактормен байланысты болды. Бұл мынадай негізгі тәуекелдердің іске асуына әкеп соқты: Банктің ішкі құжаттарының, процестерінің және/немесе рәсімдерінің Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына толық сәйкес келмеуі, ақпараттық жүйелерге деректердің дұрыс және/немесе уақтылы енгізілмеуі, Банктің ішкі құжаттары талаптарының толық сақталмауы.
Банк аталған тәуекелдер мен проблемаларды барынша азайту үшін қабылдаған негізгі шаралар бизнес-процестерді автоматтандырудан және Банктің ақпараттық жүйелеріне техникалық пысықтаулар жүргізуден, Банктің ішкі құжаттарын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес келтіру бойынша жұмыстар жүргізуден, Банк қызметкерлеріне нұсқама беру мен оқыту өткізуден, сондай-ақ Банк қызметкерлеріне тәртіптік жаза шараларын қолданудан тұрды.
2025 жылы Банктің ақпараттық технологиялары мен ақпараттық қауіпсіздігіне Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына, COBIT 2019 халықаралық әдіснамасына және ISO:27001 стандартына сәйкестігі бойынша сыртқы кешенді тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижелері бойынша Банктің бақылау IT-рәсімдерінің тиімділік деңгейі COBIT 2019 халықаралық әдіснамасының негізгі өлшемшарттарына сәйкес айтарлықтай жоғары деңгейде болып, 95%-ды құрады, бұл «адекватты» рейтингіне сәйкес келеді.
Жылдық тәуекелге бағдарланған аудиторлық жоспарларды Директорлар кеңесі қарайды және бекітеді.
Өз функцияларын орындау барысында Ішкі аудит департаменті Директорлар кеңесіне өзінің тәуелсіздігін растады.