Тұрақты даму туралы есеп 2025

Қаржылық қолжетімділік

 

Қаржылық қолжетімділік Банктің тұрақты дамуының негізгі құрамдас бөлігі болып табылады, ол клиенттердің кең ауқымына банктік өнімдер мен қызметтерді қаржылық кедергілерсіз пайдалануға мүмкіндік береді.

Халықтың қаржылық қолжетімділігін арттыру үшін мемлекет Банк клиенттеріне тұрғын үй жинақтары жүйесіне қатысуды ынталандыратын, жыл ішіндегі 200 АЕК-тен аспайтын жинақ сомасының 20%-ы мөлшерінде мемлекет сыйлықақысын береді. Банк қаржылық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету және халық арасында, оның ішінде табысы төмен клиенттер, жастар мен әйелдер арасында олар туралы хабардарлықты арттыру үшін әлеуметтік жауапкершілік алады.

2025 жылы Банк депозиттер ашуға, қаражат жинақтауға және жеңілдікті шарттармен тұрғын үй қарыздарын алуға бағытталған операциялық және маркетингтік науқандарды жалғастырды. Жыл сайын салымшыларға SMS және push-таратылымдар, IVR автоқоңыраулары және интеллектуалды дауыстық робот арқылы депозиттерді тұрақты толықтыру қажеттігі туралы хабарлай отырып, «Мемлекет сыйлықақысы» ауқымды науқаны өткізіледі.

Банк тұрғын үй жинақтары жүйесін белсенді түрде кеңінен танытады, қазақстандықтарды оған қатысу мүмкіндіктері туралы хабардар етеді және ірі PR және маркетингтік науқандарды іске асырады. 2025 жылы 96 баспасөз релизі дайындалды, олардың қорытындысы бойынша БАҚ-та мемлекеттік бағдарламалар, жастар бастамалары, білім беру депозиттері және Банктің басқа да жобалары туралы 700-ден астам тегін материал жарияланды.

Халықаралық тәжірибе алмасуға және тұрғын үйді қаржыландырудың тұрақты тетіктерін ілгерілетуге жеке көңіл бөлінді. Банк International Union for Housing Finance және European Federation of Building Societies қолдауымен «Тұрғын үйге арналған тұрғын үй құрылыс жинақтары: әртүрлі өңірлердегі озық тәжірибе және стратегиялық көшбасшылық» халықаралық конференциясын ұйымдастырды. Конференция барысында тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру және тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйелерін дамыту бойынша үздік халықаралық практикалар талқыланды. Іс-шара қорытындысы бойынша 23 ақпараттық материал, оның ішінде талдамалық шолулар мен сараптамалық пікірлер жарияланды.

Сондай-ақ 2025 жылы Банк мынадай іс-шараларды іске асырды:

1)   Білім беру іс-шаралары және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру:

-                   халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша 957 білім беру іс-шарасы өткізілді, оның ішінде білім беру ұйымдарының оқушыларына арналған ашық сабақтар, колледждер мен университеттерге арналған дәрістер, ұйымдарға жинақтау, ұтымды қаржылық мінез-құлық, дербес деректерге жауапкершілікпен қарау және басқа да мәселелер бойынша семинарлар өткізілді. Іс-шараларға барлығы 30 993 адам қатысты;

-                   әлеуметтік желілерде және Банктің ресми сайтында қаржылық сауаттылық, алаяқтық схемалары туралы ескертулер, фишингтік шабуылдар және цифрлық қауіпсіздік шаралары бойынша материалдар тұрақты түрде жарияланды;

-                   Банктің Instagram аккаунттарында 2025 жылы жеке қаржыны басқару және қаражат жинақтау бойынша кеңестер тұрақты негізде жарияланып, сондай-ақ Банктің өнімдері мен қашықтан қызмет көрсету бойынша «сұрақ-жауап» форматында тікелей эфирлер өткізілді.

2)   Цифрлық қызмет көрсету арналарын дамыту:

-                   қашықтан көрсетілетін сервистерді жетілдіру жалғастырылды: онлайн-консультациялар, чат-боттар, видеобанкинг, цифрлық гидтер халықтың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыруға ықпал етеді;

-                   қызмет көрсетудің байланыс арналары оңтайландырылды: IVR-жүйелерді дамыту, операторды күтпей консультациялар алу мүмкіндіктерін кеңейту;

-                   WhatsApp және Quanysh-Ai онлайн-консультанты арқылы клиенттерге арналған тәулік бойғы сервистер енгізілді. Бөлімшеге бармай-ақ депозиттер ашу және операциялар жүргізуді қоса алғанда, қашықтан қызмет көрсету мүмкіндіктері туралы SMS және push-хабарламалар тұрақты түрде таратылды.

3)   Шалғай елді мекендердегі банктік қызметтердің қолжетімділігі:

-                   «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп «Почтальон» жобасы жалғастырылды, оның арқасында шалғай аудандардың тұрғындары қашықтан қызмет көрсету арналары арқылы депозиттер ашып, ипотекалық қызметтер ала алады.

4)   Клиенттердің қауіпсіздігі мен хабардарлығын арттыру:

-                   ресми сайтта және цифрлық арналар арқылы клиенттік деректердің қауіпсіздігі және алаяқтықтың алдын алу шаралары туралы ақпарат тұрақты түрде орналастырылды;

-                   жиі қойылатын сұрақтарға жауаптары бар ақпараттық бөлімдер өзектендірілді, бұл халықтың сауатты қаржылық мінез-құлқын қалыптастыруға ықпал етеді.

5)   Банктік өнімдерді қашықтан ресімдеуді ынталандыру:

-                   2025 жыл ішінде банктік өнімдер мен қызметтерді қашықтан ресімдеу үлесін арттыруға бағытталған операциялық науқандар жалғастырылды.