- Басты бет
- /
- Кредиттік қызметтегі ESG-факторларды басқару
Кредиттік қызметтегі ESG-факторларды басқару
Банк кредиттік қызметте тәуекелдерді анықтау, бағалау, басқару және мониторингтеу жүйесін қалыптастыратын, процестердің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ететін Экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді (ЭӘТ) басқару саясатын бекітті. Саясаттың мақсаты - кредиттеу кезінде ЭӘТ басқарудың тиімді жүйесін құру, ипотекалық портфельге теріс әсерді барынша азайту, тұрақты даму қағидаттарын ескеру және Қазақстан Республикасының заңнамасы мен халықаралық стандарттарды сақтау.
ЭӘТ басқару тұрақты даму, сақтық, ашықтық, жауапкершілік және пропорционалдылық қағидаттарына негізделеді. Процесс ықтимал тәуекелдерді сәйкестендіруді, олардың кредиттік бағдарламаларға әсерін бағалауды, энергия тиімді объектілер мен әлеуметтік маңызы бар қарыз алушылар үшін арнайы шарттарды қоса алғанда, түзету шараларын әзірлеу мен енгізуді, сондай-ақ Саясат талаптарының орындалуына мониторинг жүргізуді және портфельді бақылауды қамтиды.
ЭӘТ басқару функциялары Банктің негізгі органдары мен бөлімшелері арасында бөлінген. Директорлар кеңесі Саясатты және тұрақты даму стратегиясын бекітеді, тұрақты даму бойынша ақпараттың ашылуын бақылайды. Директорлар кеңесінің комитеттері стратегия мен Саясатты алдын ала мақұлдайды, Басқарма Саясатты іске асырады және есептілікті қалыптастырады. Тәуекелдерді басқару бөлімшесі ЭӘТ бағалау әдіснамасын әзірлейді және мониторинг жүргізеді, ал тұрақты даму жөніндегі бөлімше тәуекелдерді төмендету стратегиясын қалыптастырады, персоналды оқытады және сыртқы ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды. Мұндай құрылым тәуекелдерді төмендетуді, кредиттік портфельдің орнықтылығын арттыруды және клиенттердің, инвесторлар мен қоғамның сенімін нығайтуды қамтамасыз етеді.
Банк жаңа кредиттеу бағдарламаларының тұрақты даму қағидаттарына сәйкестігін бағалау әдістемесін бекітті. Оның өлшемшарттары бойынша кейіннен әлеуметтік және «жасыл» кредиттер тарту және/немесе әлеуметтік және «жасыл» облигациялар шығару арқылы қаржыландыруға жіберілуі мүмкін кредиттеу бағдарламалары айқындалады.
Әдістемеге сәйкес мұндай ESG-жобаларды іріктеу өлшемшарттары халықаралық және ұлттық стандарттар мен практикалардың әлеуметтік және экологиялық мақсаттары мен сипаттамалары негізінде айқындалады.
Мұндай ESG-жобаларды іріктеу процесінде Банк осы кредиттеу бағдарламаларының:
1) әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан тұрақты сипатта болуына (ESG-бағыттылық);
2) кредиттеу бағдарламаларының әсеріне ұшырайтын қызметкерлер мен жергілікті халықтың құқықтарын құрметтеуді қамтамасыз етуіне;
3) қолданылатын нормативтік талаптарға және озық халықаралық практикаға сәйкес әзірленіп, орындалуына ұмтылады.
Банктің тұрақты даму қағидаттарына сәйкес келетін кредиттеу бағдарламаларының тізімі қалыптастырылып, Банктің hcsbk.kz ресми сайтындағы «Тұрақты даму» / «Есептілік» бөлімінде жарияланды.