Тұрақты даму туралы есеп 2025

Басқарма төрайымының үндеуі

 

Құрметті клиенттер мен серіктестер!

Отбасы банк үшін тұрақты даму - жеке күн тәртібі емес, жұмыс қағидаты. Банкте қабылданатын шешімдер азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға және болашақ ұрпақ үшін сенімді негіз қалыптастыруға бағытталған.

Отбасы банк Қазақстанның қаржы жүйесінде ерекше орын алады. Бұл - елде тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесін іске асырып отырған жалғыз Банк. Уақыт бұл жүйенің азаматтарға қолжетімді талаптармен жеке баспана сатып алуға көмектесетін әлеуметтік саясаттың тиімді құралы екенін көрсетті.

Бүгінде әрбір үшінші жұмыс істейтін азамат өз отбасының болашағын жоспарлай отырып, Отбасы банкте қаражат жинайды, ал осы уақыт ішінде 650 437 адам қоныс тойын тойлады. 2025 жылы Отбасы банктің әрбір үшінші қарыз алушысы өміріндегі алғашқы баспанасының иесі атанды. Бұл сандардың артында бақытты отбасылар, балалардың күлкісі, қауіпсіздік сезімі және ертеңгі күнге деген сенім тұр.

Банк өз тәжірибесін халықаралық алаңдарда бөлісіп келеді. Бұл әлеуметтік бағдарланған қаржы модельдерінің тұрақты, тиімді және кең ауқымда қолдануға жарамды бола алатынын дәлелдейді.

2025 жылы Алматыда Отбасы банк «Тұрғын үй құрылыс жинақтары: түрлі өңірлердегі озық тәжірибе және стратегиялық көшбасшылық» атты конференцияға халықаралық және өңірлік сарапшыларды жинады. Бұл іс-шара Халықаралық тұрғын үй қаржыландыру одағының (IUHF) және Еуропалық құрылыс қоғамдары федерациясының (EFBS) қолдауымен ұйымдастырылды.

2025 жылы Отбасы банк ұлттық даму институты мәртебесін алды. Бұл оның мемлекеттік тұрғын үй саясатын іске асырудағы рөлін айтарлықтай кеңейтті. Трансформация шеңберінде негізгі процестер цифрландырылып, автоматтандырылды, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграция жолға қойылды және orken.otbasybank.kz тұрғын үйді бөлу цифрлық платформасы іске қосылды. Бұл шешімдер тұрғын үйді бөлу жүйесін азаматтар үшін анағұрлым ашық, түсінікті және әділ етті. Жаңа мәртебеде Банк өңірлерде жалға берілетін және кредиттік тұрғын үйді бөлуді бастады. Осы мақсатта облыстық әкімдіктер 9 261 пәтер берді, оның 4 209-ы - кредиттік тұрғын үйге, 5 052-сі - жалға берілетін тұрғын үйге арналған.

Әлеуметтік күн тәртібімен қатар, тұрақты даму жауапты корпоративтік басқару мен серіктестіксіз мүмкін емес. 2025 жылы Отбасы банк Азия даму банкімен (бұдан әрі - АДБ) өзара іс-қимылды нығайтты. Банкке АДБ-ның Орталық және Батыс Азия бойынша бас директоры Лея Гутиеррес келді. Кездесудің негізгі тақырыбы тұрақты даму тәсілдері, ұзақ мерзімді орнықтылық және қоғамға өлшенетін пайда әкелетін жобалар бойынша бірлескен жұмыс болды. Мұндай ынтымақтастық таңдалған даму стратегиясының халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін растайды.

Отбасы банк жұмысының тиімділігін айғақтайтын маңызды көрсеткіштердің бірі Sustainable Fitch халықаралық агенттігінің жаңартылған бағасы болды. Баға 55-тен 60 балға дейін көтерілді. ESG рейтинг деңгейі «3» белгісінде расталды.

Бағаның жоғарылауы Банктің әлеуметтік бағдарламаларды табысты дамытып, ESG-бастамалары туралы ашық хабарлап, тұрақты даму қағидаттарын өз жұмысына тиімді енгізіп келе жатқанын көрсетеді.

2025 жылы Отбасы банк мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 381 отбасының, I және II топтағы мүгедектігі бар 469 адамның, 729 көпбалалы отбасының және «жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 259 қазақстандықтың қоныс тойын тойлауына көмектесті. Оларға берілген қарыздардың жалпы сомасы 24 млрд теңгені құрады. Жалпы 2025 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарын жеңілдікпен кредиттеу үшін 1 842 қарыз берілді.

Sustainable Fitch Отбасы банк қызметінің айтарлықтай әлеуметтік әсерін және оның Қазақстанның мемлекеттік тұрғын үй саясатын іске асыруда маңызды орын алатынын атап өтті.

Бұл баға - Банктің алдағы қозғалысы үшін маңызды бағдар. Өйткені тұрақты даму туралы айтқанда, мәселе тек ағымдағы нәтижелермен шектелмейтінін, оның болашаққа тікелей қатысты екенін есте ұстау маңызды. Біздің жобаларымыз БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына: теңсіздікті азайтуға, тұрақты қалаларды дамытуға және өмір сапасын арттыруға тікелей байланысты. Сонымен қатар Банк өзінің экологиялық әсерін азайту, ресурстарды ұтымды пайдалану және Банк ішінде экологиялық жауапкершілікті арттыру бағытында жұмыс істейді.

2026 жылы біз қазақстандықтарға тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесуді жалғастырып, әлеуметтік бағдарламаларды дамытамыз және азаматтар мен мемлекет сенім артатын сенімді банк болып қала береміз.