Тұрақты даму туралы есеп 2025
  • Басты бет
  • /
  • Стратегиялық бағыт (климаттық күн тәртібін ескере отырып трансформациялау)

Стратегиялық бағыт (климаттық күн тәртібін ескере отырып трансформациялау)

Банк климаттың өзгеруін қаржылық тұрақтылыққа, бизнес-модельге және даму басымдықтарына әсер ете алатын стратегиялық маңызды фактор ретінде қарастырады. Есепті жылы ESG және климаттық тәуекелдерді басқару саласындағы Банктің мақсаттары мен басымдықтарын бекітетін және Банктің 2024-2033 жылдарға арналған Даму стратегиясының ажырамас бөлігі болып табылатын Тұрақты даму стратегиясы бекітілді.

Қызметтің стратегиялық негізгі көрсеткіштері (ҚНК) операциялық және қаржылық аспектілерді ғана емес, тұрақты даму саласындағы бағыттарды да қамтиды. Климаттық күн тәртібі бөлігінде Банк мынадай ҚНК белгіледі:

1.    Банк қызметінен болатын парниктік газдар шығарындыларын қысқарту (1, 2, 3-қамту салалары[1]) - 2030 жылға қарай 2024 жылғы базалық деңгейден минус 7%, 2033 жылға қарай 2024 жылғы базалық деңгейден минус 10%;

2.    «Жасыл» ипотека көлемі - 2030 жылға қарай ≥ 70 млрд теңге.

Климаттық ҚНК-ға қол жеткізу мониторингі Банктің стратегиялық басқару жүйесі шеңберінде жүзеге асырылады және корпоративтік басқару органдары деңгейінде көрсеткіштерді тұрақты қарау процестеріне интеграцияланған.

Қоршаған ортаға және жаһандық климаттың өзгеруіне әсерді төмендету саласындағы Банктің мақсаттары:

-              қоршаған ортаны қорғау, оның ішінде ресурстарды ұтымды пайдалану, жаһандық климаттың өзгеруіне әсерді төмендету;

-              Банк қабылдаған міндетті заңнамалық және өзге де талаптарды орындау;

-              экологиялық, энергия және материал үнемдейтін технологияларды қолдану.

Энергия тиімді құрылыс жобаларын қолдауды және тұрақты тұрғын үй стандарттарын енгізуді қоса алғанда, «жасыл» ипотекалық портфельді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Банк Қазақстан Республикасының жасыл жобалар таксономиясына сәйкес келуге бағдарланады, сондай-ақ елдің 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясында бекітілген климаттық мақсаттарды ескереді. Климаттық бастамаларды іске асыру Банктің неғұрлым кең ESG күн тәртібіне, оның ішінде халықаралық серіктестермен жұмысқа және ашықтықты арттыруға кіріктіріледі.

Есепті жылы Банк ESG және климаттық тәуекелдерді басқару жүйесін дамытуды жалғастырды. Атап айтқанда, тұрақты даму және декарбонизация саласындағы стратегиялық мақсаттарды, басымдықтарды және қызметтің негізгі көрсеткіштерін формализациялайтын, сондай-ақ климаттық факторларды корпоративтік басқару және тәуекел-менеджмент жүйесіне интеграциялауды бекітетін Тұрақты даму стратегиясы бекітілді.

Бұдан басқа, Банк қызметін жүзеге асыру және қаржы құралдарын іске асыру кезінде тиісті тәуекелдерді сәйкестендіру, бағалау, мониторингтеу және барынша азайту қағидаттарын айқындайтын Экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді басқару саясаты бекітілді. Есепке алу периметрін кеңейтуді және 3-қамту саласы бойынша көрсеткіштерді енгізуді ескере отырып, Парниктік газдар шығарындыларын есептеу әдістемесі өзектендірілді.

Қабылданған құжаттар ESG және климаттық тәуекелдер мен мүмкіндіктерді басқару үшін жүйелі және ұзақ мерзімді негізді қамтамасыз етеді, сондай-ақ Банктің реттеушілер мен мүдделі тараптардың күтулеріне сәйкестігін күшейтеді. Есепті жылы сондай-ақ халықаралық Sustainable Fitch рейтингтік агенттігінің Банктің ESG-рейтингін «3» деңгейінен және «55» бағасынан «60» бағасына дейін арттырды.

 



[1] 15-санат бойынша қаржыландырылатын шығарындыларды қоспағанда