Тұрақты даму туралы есеп 2025

Капитал мен өтімділікті басқару

Банк үшін капиталды басқарудың негізгі мақсаты капиталға қатысты сыртқы реттеушілік талаптардың сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ қызметті жүргізу және акционерлік құнды барынша арттыру үшін қажетті жоғары кредиттік рейтинг пен капитал жеткіліктілігі нормативтерін қолдау болып табылады.

Банк капиталды басқаруға ағымдағы нарықтық жағдайға, ұзақ мерзімді стратегияға және Банк операцияларының ауқымына сәйкестікті қамтамасыз ететін кешенді тәсілді қолданады. Капиталды басқару жүйесі меншікті капитал жеткіліктілігі деңгейіне тиімді мониторинг пен бақылау жүргізуге бағытталған.

Капиталды басқару жүйесінің компоненттері:

1)        капиталды басқару саясаты;

2)        капиталды қаржыландыру жоспары;

3)        капитал жеткіліктілігі деңгейіне мониторинг және бақылау жүргізу рәсімдері;

4)        басқарушылық ақпарат жүйесі;

5)        ішкі бақылау тетіктері;

6)        ішкі аудит бөлімшесінің капиталды басқару жүйесінің тиімділігін тұрақты бағалауы.

Капитал жеткіліктілігін бағалау мақсатында Банкте Банктің Директорлар кеңесі бекіткен Капитал жеткіліктілігін бағалаудың ішкі процесі туралы ереже (КЖБІП) әзірленді.

КЖБІП шеңберінде Банкте мыналар іске асырылады:

- Банк қызметіне тән маңызды тәуекелдерді анықтау, бағалау және бақылау;

- капиталды стратегиялық жоспарлау;

- Банктің қаржылық орнықтылығына стресс-тестілеу жүргізу;

- Банктің меншікті капиталы жеткіліктілігінің нормативтік талаптарға сәйкестігіне мониторинг жүргізу.

Банктің ағымдағы тәуекел бейінін және болашақ даму жоспарларын, сондай-ақ Банктің маңызды тәуекелдерін стресс-тестілеу нәтижелерін ескере отырып, меншікті капитал жеткіліктілігін талдау рәсімдері меншікті капиталға ықтимал қажеттілікті анықтау үшін мынадай іс-шараларды жүргізуді қамтиды:

1)   Банк тәуекелдеріне тұрақты стресс-тестілеу жүргізу және олардың Банктің меншікті капиталы жеткіліктілігі деңгейіне жиынтық әсерін бағалау;

2)   тәуекелдердің ағымдағы және болжамды деңгейлерін есептеу;

3)   Банктің бюджетін/даму жоспарын/ұзақ мерзімді стратегиясын әзірлеу немесе түзету кезінде капиталды ұлғайту қажеттілігін айқындау;

4)   Банктің тәуекел-аппетит стратегиясының деңгейін ескере отырып, Банктің капитал деңгейін өзгерту жөніндегі ниеттерін қоса алғанда, Банктің бюджетін/даму жоспарын/ұзақ мерзімді стратегиясын Директорлар кеңесінің бекітуі.

Өтімділік жеткіліктілігін бағалау мақсатында Банкте Банктің Директорлар кеңесі бекіткен Өтімділік жеткіліктілігін бағалаудың ішкі процесі туралы ереже (ӨЖБІП) әзірленіп, енгізілді. ӨЖБІП шеңберінде Банкте өтімділік тәуекелін анықтау, бағалау, мониторингтеу және бақылау бойынша тиімді процесс іске асырылады. Ол әртүрлі уақыт аралықтарында активтер мен міндеттемелер бойынша ақша ағындарын болжауды қамтиды. Банк өтімділік тәуекелі деңгейіне әсер ететін барлық баланстық және баланстан тыс баптарды, сондай-ақ өтімділік тәуекелін реттеу мақсатында қорландыру тартуға Банктің қажеттілігін жабу үшін нарықтағы өтімділік деңгейін бағалайды.

Өтімділікті бағалаудың уақытша көкжиектері мыналарға қажеттілікті көздейді:

- күн ішіндегі негізде өтімділікке және қаржыландыру мүмкіндігіне;

-          1 (бір) жылға дейінгі қысқа және орта мерзімді көкжиектерде өтімділікке және қаржыландыру мүмкіндігіне;

-          1 (бір) жылдан асатын ұзақ мерзімді өтімділікке.

Өтімділік жеткіліктілігін талдау рәсімдері тәуекелдердің ағымдағы және болжамды деңгейлерін есептеуді, Банк тәуекелдеріне тұрақты стресс-тестілеу жүргізуді және олардың Банктің өтімділік деңгейіне жиынтық әсерін бағалауды, сондай-ақ қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және ұзақ мерзімді перспективада өтімділік нормативтерін сақтауға бағытталған ықтимал дағдарыстық жағдайларға жедел ден қою шараларын әзірлеу мен енгізуді қамтиды.