Тұрақты даму туралы есеп 2025

Сыйақы

Банктің басшы қызметкерлеріне еңбекақы төлеу және сыйлықақы беру саясатының мақсаты - Банктің міндеттерін орындаудағы жұмыстың күрделілігі мен көлеміне, атқаратын лауазымына және жеке үлесіне қарай әділ сыйақы беруге мүмкіндік беретін адал, тиімді және сапалы еңбекті ынталандыру.

Банктің Директорлар кеңесінің мүшелері - Жалғыз акционер «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ өкілдеріне сыйақылар мен сыйлықақылар төленбейді. Банктің Директорлар кеңесінің мүшелері болып табылатын тәуелсіз директорларға сыйақы Банктің Директорлар кеңесі туралы ережеге сәйкес белгіленеді. Сыйақы мөлшері Қазақстан Республикасының заңнамасында және Банктің Жарғысында көзделген тәртіппен, тәуелсіз директордың тәжірибесі мен біліктілігі ескеріле отырып айқындалады.

Басқарма мүшелеріне жыл қорытындысы бойынша төленетін сыйақы олардың еңбегінің тиімділігін ынталандыруға арналған және Банктің Директорлар кеңесінің шешімі бойынша стратегиялық қызметтің негізгі көрсеткіштеріне (ҚНК) қол жеткізу нәтижелеріне және қызметті бағалау нәтижелеріне қарай төленеді.

Басқарма мүшелерінің қызметін бағалау қызметтің негізгі көрсеткіштері (бұдан әрі - ҚНК) негізінде жүргізіледі, оның қорытындысы бойынша сыйақы төленуі мүмкін. Басқарма мүшелерінің қызмет тиімділігін бағалау рәсімі мынадай кезеңдерден тұрады:

1)        ҚНК таңдау, нысаналы мәндерді белгілеу, ҚНК карталарын Жалғыз акционердің уәкілетті алқалы органымен келісу;

2)        ҚНК карталарын бекіту;

3)        нақты нәтижелілікті есептеу және оны Жалғыз акционердің уәкілетті алқалы органымен және Ішкі аудит департаментімен келісу;

4)        Комитеттің ұсынымдары негізінде Банктің Директорлар кеңесінің есепті жылдағы қызмет нәтижелері бойынша сыйақы төлеу немесе төлемеу туралы шешім қабылдауы.

Тұрақты даму және ESG қағидаттарын ескеру мақсатында Банктің басшы қызметкерлерінің мотивациялық ҚНК карталарына тұрақты даму стратегиясын іске асыруды және Банктің негізгі мақсаттарына қол жеткізуді көрсететін көрсеткіштер енгізіледі.

Осылайша, 2025 жылы Басқарма мүшелері үшін тұрақты даму саласындағы ҚНК ретінде мынадай көрсеткіштер белгіленді:

- «жасыл» бастамалар және экологиялық шаралар, оның ішінде «жасыл» және тұрақты жобаларды енгізу, экологиялық әсерді төмендету, жасыл желектер отырғызу;

- әлеуметтік және клиенттік бағдарлар, оның ішінде халықтың Банктің бағдарламалары, соның ішінде «Наурыз» және оның жаңа бағыттары туралы хабардар болуы, әлеуметтік бағдарламалар бойынша берілген қарыздар көлемі, кезекте тұрған азаматтар мен субсидияларға қатысушыларды қолдау;

- корпоративтік көрсеткіштер, оның ішінде кадр құрамының тұрақтылық деңгейі, клиенттердің қанағаттануы, ESG-рейтингті арттыру және Банк процестерінің орнықтылығы.

Бұл көрсеткіштерді енгізу Басқарма мүшелерінің ауыспалы сыйақысын есептеу кезінде Банктің тұрақты даму, әлеуметтік жауапкершілік және ESG саласына қосқан үлесін ескеруге мүмкіндік берді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Директорлар кеңесінің мүшелері болып табылатын тәуелсіз директорларға төленген сыйақылардың және Басқарма мүшелеріне төленген сыйақылар мен сыйлықақылардың мөлшері 471,7 млн теңгені құрады.

2026 жылға арналған мотивациялық ҚНК карталары жаңартылып, Банктің тұрақты даму, әлеуметтік жауапкершілік, экологиялық тиімділік, клиенттік сервис сапасы және корпоративтік басқару саласындағы стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған көрсеткіштерді қамтиды. Жаңарту шеңберінде ҚНК жүйесіне парниктік газдар шығарындыларын қысқартуға байланысты климаттық көрсеткіштер енгізілді.

Осылайша, басшылардың ауыспалы сыйақы жүйесі Банктің стратегиялық мақсаттарына, оның ішінде ESG және әлеуметтік көрсеткіштерге қол жеткізуді сыйақы төлеумен тікелей байланыстырады. Бұл тұрақты даму және корпоративтік жауапкершілік жөніндегі кешенді міндеттердің орындалуын ынталандырады.