- Басты бет
- /
- ESG өнімдері мен қызметтері
ESG өнімдері мен қызметтері

2024-2025 жылдары Банк «Қазақстан қор биржасы» АҚ алаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша экономикалық өсім жөніндегі ауқымды мемлекеттік жоспар шеңберінде әзірленген «Наурыз» бағдарламасын қорландыру мақсатында инвесторлардың шектеусіз тобы үшін номиналды мәнде 491,9 млрд теңге сомасына әлеуметтік облигациялар орналастырды. Облигациялар жылдық 14,25-18,00% кірістілік диапазонында нарықтық мөлшерлеме бойынша шығарылды.
Төмендегі кестеде «Наурыз» бағдарламасын іске асыру шеңберінде орналастырылған облигациялар туралы есеп ұсынылған:
«Наурыз» бағдарламасына соңғы 5 жыл ішінде меншігінде тұрғын үйі болмаған және тұрғын үй бойынша операциялар жасамаған ел азаматтары қатысты. Олардың қатарында бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері: тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, «жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар және толық емес отбасылар бар.
Барлық қатысушылар балл есептеу арқылы конкурстық іріктеуден өтеді. Жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына бағдарламаға қатысу мүмкіндігін арттыратын қосымша балдар беріледі. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін видео-банкинг және Банктің «Baspana market» жылжымайтын мүлік порталы арқылы онлайн өтінім беру мүмкіндігі әзірленді. Бұл кредит алу процесін қолайлы әрі қолжетімді етіп, шалғай өңірлердің тұрғындарына Банк бөлімшелеріне бармай-ақ қызмет алуға жағдай жасайды.
_______
Ипотекалық нарық деректерін талдауға сәйкес, екінші деңгейдегі банктердің ипотека бойынша орташа пайыздық мөлшерлемелері жылдық 20-24%-ды құрайды. «Наурыз» бағдарламасы бойынша соңғы қарыз алушы үшін кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі 9%-ды құрады (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін). Бұл ретте Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 68-бабына сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар үшін мөлшерлеме 7%-ды құрады (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін). Бастапқы жарна мөлшері таза әрлеудегі бастапқы тұрғын үйді сатып алу кезінде қарыз сомасының небәрі 10%-ын, ал қара әрлеудегі бастапқы тұрғын үйді және қайталама тұрғын үйді сатып алу кезінде 20%-ын құрайды.
Осылайша, «Наурыз» бағдарламасы халықтың әлеуметтік осал топтары, жас отбасылар және өңір тұрғындары үшін тиімді жұмыс істеп, жеңілдікті шарттарды қамтамасыз етеді. Облигациялар мен субсидиялар арқылы тұрақты қаржыландыруды ескере отырып, бағдарлама бойынша мөлшерлемелер төмен деңгейде сақталады, бұл оны кең ауқымды азаматтар үшін қолжетімді етеді.
2026 жылы Банк «Наурыз» бағдарламасын іске асыруды жалғастырады. Бағдарламаны қаржыландыру үшін Банк әлеуметтік облигацияларды орналастыруды да жоспарлап отыр. Кез келген инвестор, оның ішінде жеке тұлғалар, сенімді әрі тартымды қаржы құралына инвестициялай алады.
2025 жылы Банктің әлеуметтік облигацияларының алғашқы шығарылымына қатысты АХҚО-дағы «Green Investment Group» филиалы дайындаған екінші тарап пікірі нысанындағы алғашқы тәуелсіз сыртқы шолу алынды. Ол Әлеуметтік облигациялар саласындағы саясаттың халықаралық қағидаттарға және тұрақты қаржыландыру нарығының үздік практикаларына сәйкестігін растады. Сыртқы бағалау Банктің жобаларды іріктеу, қаражатты нысаналы пайдалану және ақпаратты ашу тәсілдерінің ашықтығын, сондай-ақ тұрақты даму саласындағы жауапкершілік пен есептілік қағидаттарына бейілділігін көрсетті.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Отбасы банк екінші жыл қатарынан Қазақстан қор биржасының KASE «ESG-облигациялар нарығының көшбасшысы» номинациясы бойынша марапатына ие болды. Әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға бағытталған Банктің әлеуметтік облигациялары Банктің тұрақты ұстанымын, дәйекті стратегиясын және институционалдық инвесторлар мен серіктестер тарапынан жоғары сенім деңгейін растайды.
Берілген қарыздар туралы ақпаратты тіркелген PDF файлынан көріңіз