Тұрақты даму туралы есеп 2025

Есеп туралы

«Отбасы банк» АҚ өзінің экономикалық және әлеуметтік қызметінің маңызын түсінеді және ішкі әрі сыртқы мүдделі тараптар үшін ашықтықтың жоғары деңгейін сақтауға ұмтылады.

Банктің 2025 жылғы тұрақты даму туралы есебі (бұдан әрі - Есеп) Банктің тұрақты даму, мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл, қызметкерлерді қолдау және дамыту, адам құқықтарын сақтау, қоршаған ортаға әсерді азайту және ел экономикасының дамуына үлес қосу саласындағы қызметі туралы ақпаратты қамтиды. Есеп Банктің БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына (бұдан әрі - БҰҰ ТДМ) сәйкес және Банк өзара іс-қимыл жасайтын барлық мүдделі тараптардың: клиенттердің, серіктестердің, инвесторлардың, мемлекеттік органдардың, жеткізушілердің, қызметкерлердің және қоғамның мүддесі үшін бизнесті жауапты жүргізу тәсілін көрсетеді.

Есеп Тұрақты даму саласындағы есептілік жөніндегі жаһандық бастама стандарттарына (бұдан әрі - GRI), Тұрақты даму саласындағы есепке алу стандарттары кеңесі (Sustainability Accounting Standards Board) жариялаған қаржы секторы стандарттарына (Commercial Banks, Consumer Finance, Mortgage Finance) (бұдан әрі - SASB), сондай-ақ Халықаралық қаржылық есептілік стандарты S2 (бұдан әрі - IFRS S2) жекелеген ережелерін, Корпоративтік басқару кодексінің, Тұрақты даму саясатының және Банктің өзге де ішкі құжаттарының ережелерін қолдана отырып, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі - ҚНРДА) банктер мен басқа да қаржы ұйымдары үшін экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару (Environmental, Social and Corporate Governance, ESG) саласындағы ақпаратты ашу жөніндегі нұсқаулығы шеңберіндегі ұсынымдары мен үздік әлемдік тәжірибелер ескеріле отырып дайындалды.

2025 жылы Банктің жылдық есебі екінші жыл қатарынан Қазақстан қор биржасы KASE листингтік компаниялары арасында үздік деп танылды. Бұл Банктің ашықтық деңгейінің, ақпаратты ашу сапасының жоғары екенін және корпоративтік басқарудың үздік тәжірибелерін ұстанатынын көрсетеді.

Осы Есеп Банктің алтыншы қаржылық емес есебі болып табылады және Банктің 2025 жылғы 1 қаңтардан 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі қызмет нәтижелерін көрсетеді. Банктің қаржылық есептілігі мен тұрақты даму туралы есебінің есепті кезеңдері бірдей. Есеп Банктің Стратегия және корпоративтік даму комитетінде, Банк Басқармасында, Банктің Директорлар кеңесінің Стратегиялық жоспарлау және корпоративтік даму комитетінде қаралады, содан кейін Банктің Директорлар кеңесінің отырысында бекітіледі.

Банк өз қызметі туралы қаржылық емес есептілікті мүдделі тараптардың кең ауқымына арнап жариялайды және әрбір топтың мүддесіне сәйкес келетін маңызды ақпаратты теңгерімді түрде ұсынуға ұмтылады. Банк ақпаратты ашу сапасын тұрақты түрде жетілдіруді жоспарлап отыр.

Осы есепте ұсынылған және GRI мен SASB стандарттарына сәйкес дайындалған таңдамалы ақпарат «ПрайсуотерхаусКуперс Такс энд Эдвайзори» ЖШС тарапынан тәуелсіз сыртқы растаудан өтті. Бұл растау Халықаралық аудит және сенімділікті қамтамасыз ету тапсырмалары стандарттары жөніндегі кеңес шығарған Сенімділікті қамтамасыз ететін тапсырмалар бойынша халықаралық стандартқа (СҚТХС) 3000 (қайта қаралған) («Өткен кезеңдердің қаржылық ақпаратын аудиттеу мен шолып тексеруден өзге сенімділікті қамтамасыз ететін тапсырмалар») сәйкес, қолданылатын критерийлер негізінде көрсетілген ақпаратқа қатысты шектеулі сенімділік білдіру мақсатында рәсімдер орындау арқылы жүргізілді. 2025 жылғы 31 желтоқсанда аяқталған жыл бойынша шектеулі сенімділік деңгейіндегі тексеруден өткен таңдамалы ақпарат «✓» белгісімен белгіленген.

Есеп мазмұнын анықтау

Маңызды тақырыптарды айқындау және бағалау процесі GRI стандартына сәйкес жүргізілді. Осы есепке енгізілуге тиіс ақпараттың тізбесін айқындау үшін Банк GRI, SASB, IFRS S2 стандарттарында, ҚНРДА ұсынымдарында, сондай-ақ үздік тәжірибелерде көзделген тұрақты даму тақырыптарының барлығына талдау жасады. Тақырыптар Банктің даму стратегиясын ескере отырып, Банк үшін маңыздылық деңгейі бойынша және жыл бойы мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл барысында айқындалған олардың мүдделі тараптар үшін маңыздылық деңгейі бойынша бағаланды. Бұл ретте тақырыптар қосарлы маңыздылық қағидатын (double materiality) ескере отырып қаралды: Банктің қызметі экономикаға, қоршаған ортаға және қоғамға, оның ішінде адам құқықтарына қалай әсер ететіні тұрғысынан да, сыртқы факторлардың Банктің өз қызметіне ықпалы тұрғысынан да бағаланды.

Талдау нәтижелері бойынша сауалнама дайындалып, оның негізінде Банктің мүдделі тараптары арасында сауал жүргізілді. Олардың қатарында Директорлар кеңесінің, Басқарманың мүшелері, Банк қызметкерлері, «Бәйтерек» ұлттық инвестиция холдингі» АҚ (бұдан әрі - Холдинг), Холдингтің басқа да еншілес ұйымдары, БАҚ өкілдері, сыртқы аудиторлар және басқа да тараптар болды. Сауалнамаға 32 респондент қатысты. Олардың әрқайсысына 2025 жылғы жылдық есеп пен тұрақты даму туралы есеп үшін әртүрлі тақырыптардың маңыздылығын бес балдық шкала бойынша бағалау ұсынылды, мұнда жоғары баға тақырыптың анағұрлым маңызды екенін білдірді. Әрбір тақырыптың маңыздылығы ішкі және сыртқы мүдделі тараптар үшін маңыздылығы тұрғысынан сараланды.

Маңыздылықты бағалау нәтижелері матрица түрінде ұсынылған. Төмендегі кестеде сұр түспен белгіленген тақырыптар Банк пен мүдделі тараптар үшін ең маңызды болып табылады. Сауалнама нәтижелері бойынша ең жоғары баға алған 9 негізгі маңызды тақырып айқындалды. Олардың Банк қызметіне ықпалы және мүдделі тараптар үшін маңыздылығы критерийлері бойынша есептелген орташа мәні 4,5 балға жуық болды. Осы матрицаның оң жақ жоғарғы бөлігіне кірген тақырыптар ең маңызды деп танылып, осы есепте толық көлемде ашылды.

Есептің шекаралары

Осы Есеп Банктің тұрақты даму саласындағы қызметі туралы ақпаратты қамтиды және Банктің Орталық аппараты мен филиалдарын қамтиды. Банк туралы неғұрлым толық ақпарат, оның ішінде операциялық қызмет нәтижелері Банктің 2025 жылғы жылдық есебінде ашылған. Банктің 2025 жылғы жылдық есебі Банктің hcsbk.kz ресми сайтында «Банк туралы»/«Есептілік», «Тұрақты даму/ESG есептілік» бөлімдерінде жарияланған. Маңызды тақырыптар бойынша ақпарат жинау шекаралары Есеп Банктің қызметінен туындайтын ең маңызды әсерлерді толық әрі жан-жақты көрсететіндей етіп айқындалды