Тұрақты даму туралы есеп 2025
  • Басты бет
  • /
  • Директор кеңесі төрағасының үндеуі

Директор кеңесі төрағасының үндеуі

                                    Құрметті клиенттер, акционерлер және серіктестер!

 

Назарларыңызға «Отбасы банк» АҚ-ның (бұдан әрі - Отбасы банк, Банк) 2025 жылғы тұрақты даму туралы есебін ұсынамын. Бұл - Банк қызметкерлері адамдар мен ел болашағы үшін еңбек ете отырып, күн сайын ұстанатын құндылықтар, жауапкершілік және ұзақ мерзімді таңдау туралы есеп.

2025 жыл Қазақстанның Орталық Азияда жаңа ESG күн тәртібін сенімді түрде қалыптастырып келе жатқанын растады. Көміртегі бейтараптығының ұлттық стандарттарын енгізу, жаңартылатын энергия көздері үлесінің артуы, сондай-ақ шығарындыларды қысқарту жөніндегі мемлекеттің өршіл климаттық міндеттемелері - дерексіз күн тәртібі емес, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) мен БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) сияқты халықаралық ұйымдар мойындаған нақты стратегиялық бағыт. Қаржы институттары үшін мұндай бағыт бейімделумен ғана шектелмей, өзгерістерге белсенді қатысуды білдіреді.

Отбасы банк тұрақты даму қағидаттарын саналы түрде әрі жүйелі ұстанады. Біз оларды қызметтің жеке бағыты емес, Банктің даму моделінің негізі ретінде қарастырамыз. Біз үшін тұрақты даму - азаматтардың сенімі, әлеуметтік әділеттілік және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік.

Әлеуметтік күн тәртібі Отбасы банк қызметінің әрдайым негізгі өзегі болып келді және солай болып қала береді. 2025 жылы Банк ұлттық даму институты мәртебесіне ие болды. Бұл оның мемлекеттік тұрғын үй саясатын іске асырудағы рөлін күшейтті. «Наурыз» бағдарламасы және оның «Наурыз қызметкер» мен «Наурыз Әскери» жаңа бағыттары көпбалалы отбасыларды, жетім балаларды, мүгедектігі бар адамдарды, жастарды, өнеркәсіп кәсіпорындары мен зауыттардың қызметкерлерін, сондай-ақ әскери қызметшілерді қолдауға бағытталған. Аталған бастамалар әлеуметтік мәні бар азаматтар санаттары үшін тұрғын үйге қолжетімділікті кеңейтіп, қоғам мен сарапшылар қауымдастығы тарапынан оң бағаланатын тұрақты әлеуметтік әсер қалыптастырады. Бұл 2025 жылы Отбасы банктің беделіне қатысты қоғамдық пікірді зерттеу шеңберінде өткізілген халық сауалнамасының нәтижелерімен де расталады. Респонденттердің басым бөлігі Отбасы банкті әлеуметтік жауапты қаржы институты ретінде таниды.

2025 жылы бұл жұмыс нақты бағасын алды. Отбасы банк Қазақстан қор биржасы KASE тарапынан Қазақстанның ESG-облигациялар нарығының көшбасшысы деп танылды. Шығарылған әлеуметтік облигациялар көлемі 500 млрд теңгеге жуықтады, ал тартылған қаражат мыңдаған отбасының тұрғын үй мәселесін шешудің нақты құралына айналды.

Sustainable Fitch халықаралық агенттігі Отбасы банктің тұрақты даму бағасын 55-тен 60 балға дейін көтерді. ESG рейтинг деңгейі «3» белгісінде расталды. Бұл Банктің әлеуметтік бағдарламаларды табысты дамытып, ESG-бастамалары туралы ашық хабарлап, тұрақты даму қағидаттарын өз қызметіне тиімді енгізіп келе жатқанын көрсетеді.

Sustainable Fitch Отбасы банк қызметінің айтарлықтай әлеуметтік әсерін және оның Қазақстанның мемлекеттік тұрғын үй саясатын іске асыруда маңызды орын алатынын атап өтті. 2025 жылы Отбасы банк мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 381 отбасының, I және II топтағы мүгедектігі бар 469 адамның, 729 көпбалалы отбасының және «жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 259 қазақстандықтың қоныс тойын тойлауына көмектесті. Оларға берілген қарыздардың жалпы сомасы 24 млрд теңгені құрады. Жалпы 2025 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарын жеңілдікпен кредиттеу үшін 1 842 қарыз берілді.

Сонымен бірге тұрақты даму экологиялық жауапкершіліксіз мүмкін емес. Сондықтан Банк жұмысында «жасыл ипотеканы» дамытуға ерекше мән беріледі. Отбасы банк Қазақстанда бұл құралды тұрақты даму қағидаттарының практикалық көрінісі ретінде алғаш әрі жалғыз болып ұсынып отыр. Экологиялық таза тұрғын үй Қазақстанда оның қолжетімділігі мен сапасы сияқты қалыпты өлшемге айналуға тиіс екеніне сенімдімін. Энерго тиімді үйлер салу - ресурстарды үнемдеуге ғана емес, салауатты қалалық ортаны қалыптастыруға да қосылатын үлес. Банк «жасыл ипотека» бойынша қарыздарды 2023 жылдан бері береді. Қаржыландыру үшін жыл сайын Банктің меншікті қаражаты бөлінеді. Жобаның географиясы Астана, Алматы, Шымкент, Қосшы, Түркістан қалаларын, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Алматы және Ақтөбе облыстарын қамтиды. Жалпы 46,1 млрд теңге сомасына 1 825 қарыз берілді.

Қазақстандық жасыл құрылыс кеңесі (KazGBC) Банкке табыстаған Green Awards 2025 салалық наградасы біз таңдаған бағыттың дұрыстығын растады.

Азаматтардың Банкке деген сенімінің артуы айрықша назар аудартады. 2025 жылы қазақстандықтар рекордтық көлемде депозит ашты - бір миллион жаңа шот. Бүгінде 3,4 млн адам Отбасы банкте жеке баспанасына қаражат жинап жатыр, ал 77 мыңнан астам отбасы үшін баспана арманы 2025 жылы шындыққа айналды. Биыл әрбір үшінші қарыз алушы өзінің алғашқы тұрғын үйін сатып алды, бұл Банктің жұмысы тиімділігінің маңызды көрсеткіші.

Тұрақты даму Отбасы банк үшін есептік термин де, бір жолғы бастама да емес. Бұл - қоғам, мемлекет және болашақ ұрпақ алдындағы ұзақ мерзімді міндеттеме. Біз алдағы уақытта да тұрақты даму тәсілдерін нығайтып, әлеуметтік және «жасыл» қаржы құралдарын дамытып, Қазақстанның тұрақты дамуына үлес қоса береміз.