- Басты бет
- /
- Банк қызметкерлерінің еңбекақысы
Банк қызметкерлерінің еңбекақысы
Банк өз қызметкерлеріне еңбек қызметі процесінде өз әлеуетін іске асыруға, олардың нәтижелерін бейтарап және әділ бағалауға тең мүмкіндіктер береді. Әділ сыйақы белгілеу саласында Банк еңбек нәтижелерін және қызметтің негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізуді, біліктілік пен құзыреттер деңгейін, орындалатын жұмыстың күрделілігі мен сапасын тануға негізделеді.
Банк қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесі еңбекақының тұрақты бөлігінен (лауазымдық айлықақы, бонустар) және еңбекақының ауыспалы бөлігінен (сыйлықақы) тұрады.
Лауазымдық айлықақы мөлшері грейдтер құрылымы негізінде айқындалады және Банк Басқармасы бекітетін лауазымдық айлықақылар схемасына және штат кестесіне сәйкес белгіленеді.
Әрбір грейд үшін еңбекақы төлеу диапазоны белгіленеді, ол ең төменгі, орташа және ең жоғары мәнді айқындайды.
Лауазымдық айлықақылар схемасы грейдтегі ақы төлеу деңгейінің ең төменгі мәнінен ең жоғары мәніне дейінгі шаманы көрсетеді.
Лауазымдық айлықақылар схемасы ішкі әділдік қағидатын (Банк үшін құндылығы ұқсас лауазымдарға белгіленген диапазонда ақы төлеу) және сыртқы бәсекеге қабілеттілікті (Банк қызметкерлерін тарту және ұстап қалу үшін базалық сыйақының жеткілікті деңгейі) сақтау ескеріле отырып қалыптастырылады. Есепті жылы кемсітушілік жағдайлары тіркелген жоқ.
Есепті жылы қызметкерлер санаттары бойынша ерлер мен әйелдердің орташа базалық айлықақысының арақатынасы 1:0,8 құрады.
Жоғары басшылықтың базалық айлықақысының Банктегі еңбекақы төлеудің орташа деңгейіне арақатынасы 1:0,2 құрады.
Банктегі қызметкерлердің ең төменгі жалақысының Қазақстан Республикасындағы ең төменгі жалақыға арақатынасы 1:0,6 құрады.
Банк Басқармасы төрағасының орташа айлықақысының Банк қызметкерлерінің орташа айлықақысына арақатынасы 2024 жылы 1:0,1 құрады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша орташа жалақының өсімі 12%-ды құрады.
Ішкі құжаттарға сәйкес Банк персоналды ұстауға арналған шығыстарды және олармен байланысты аударымдарды өтейді, олар жалақыға арналған шығыстарды, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына және әлеуметтік сақтандыру қорына міндетті жарналарды, әлеуметтік салықты, жыл сайынғы демалыстарға және төленетін ауруына байланысты демалысқа есептелген шығыстарды, ерікті медициналық сақтандыруды, сыйлықақыларды және ақшалай нысандағы әлеуметтік көмекті қамтиды. Банктің белгіленген жарналары бар мемлекеттік жоспарға сәйкес төлемдерден басқа, зейнетақыларды немесе осыған ұқсас төлемдерді төлеу бойынша қандай да бір құқықтық немесе тәжірибесімен негізделген міндеттемелері жоқ.