Тұрақты даму туралы есеп 2025
  • Басты бет
  • /
  • Әлеуметтік бағдарламалар мен жобаларды іске асыру

Әлеуметтік бағдарламалар мен жобаларды іске асыру

Банк мемлекеттің тұрғын үй саясатын іске асыру жөніндегі негізгі операторлардың бірі болып табылады. Есепті жылы Банк көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, мүгедектігі бар адамдар, жетім балалар, тұрғын үй төлемдерін алушылар, жастар, әйелдер мен жас ғалымдар, сондай-ақ жұмысшы кәсіптер өкілдері сияқты әлеуметтік топтарға арналған арнайы тұрғын үй бағдарламаларын іске асырды.

2025 жылы «Наурыз» бағдарламасының екі бағыты - «Наурыз қызметкер» және «Наурыз Әскери» іске қосылып, орындалды. «Наурыз қызметкер» ел Президенті жариялаған «Жұмысшы кәсіптер жылы» шеңберінде іске асырылды және өнеркәсіп, құрылыс, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салаларындағы жұмысшы кәсіптер өкілдеріне арналған. Кредиттеу шарттары «Наурыз» бағдарламасының шарттарымен толықтай ұқсас.

«Наурыз Әскери» бағыты шеңберінде тұрғын үй жағдайларын тек тұрғын үй төлемдерін алушылар жақсарта алады. «Наурыз Әскери» бағытын іске асыру конкурссыз және ранжирлеусіз, тұрғын үй төлемдерін алушылар қызмет ететін мемлекеттік органдар мен ведомстволар қалыптастырып, Банкке жолдайтын тізімдер негізінде жүргізіледі.

 

 

Банктің барлық әлеуметтік бағдарламалары бойынша қорытындылар келесі кестеде келтірілген:

«Әлеуметтік» ипотеканың жалпы портфельдегі үлесі 43%-ды құрайды.

Бұдан басқа, 2020 жылдан бастап Банк балаларға арналған жеке бағдарламаны - «АРНАУ» балалар депозитін іске асырады. Бағдарлама баланың болашақ тұрғын үйіне қаражат жинауға арналған. Бағдарламаның артықшылығы - болашақта төлем қабілеттілігін растаудың жеңілдетілген рәсімі. Сонымен қатар салым жыл ішіндегі жинақ сомасының 20%-ы мөлшерінде мемлекет сыйлықақысымен ынталандырылады, бұл ретте сыйлықақы есептелетін сома 200 АЕК-тен аспайды. 18 жасқа толғаннан кейін салымшы депозиттің толық құқықты иесі болады және жинақталған қаражатты жеңілдікті тұрғын үй қарызын алу үшін пайдалана алады. 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Банкте 6,97 млрд теңге сомасына 38 611 балалар депозиті ашылды.

2021 жылдан бастап Банк Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген тәртіппен тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделу ақысын төлеу мақсатында зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін пайдалану жөніндегі мемлекеттің әлеуметтік жобасына қатысады. «enpf-otbasy.kz» жобасы бойынша Банк жалпы сомасы 5,3 трлн теңге болатын 3 956 921 өтінімді өңдеді.

2022 жылдан бастап Банк мемлекет бюджеті, оның ішінде жергілікті әкімдіктер қаражаты есебінен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйді жалға алуды субсидиялау бағдарламасын іске асырады. Есепті жылы Банк жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдерді тағайындау және төлеу тетігін іске асыруды жалғастырды. 2025 жылы іс жүзінде 9,7 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 7,6 млрд теңге - республикалық бюджет қаражаты, 2,1 млрд теңге - жергілікті бюджеттер қаражаты. Игерілген қаражат көлемі 9,5 млрд теңгені құрады, оның ішінде тиісінше 7,6 млрд теңге және 1,9 млрд теңге. Пайдаланылмаған қаражат қалдығы жергілікті бюджеттерге қайтарылды. Есепті жылдың соңында көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, жетім балаларға, сондай-ақ I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға 9 791 өтінім бойынша жалпы сомасы 9,5 млрд теңге көлемінде төлемдер жүзеге асырылды.

2023 жылдан бастап Банк «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасын іске асырады. Бағдарлама шеңберінде Банк ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен салаларының мамандары, ауыл, кент және ауылдық округ әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері үшін қашықтан өтінім беру мүмкіндігін, сондай-ақ жергілікті органдарға берілген өтінімдерді әкімшілендіруге арналған жеке кабинетті әзірлейді. Клиенттік сервисті жақсарту және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру деңгейін арттыру мақсатында процесс толықтай онлайн форматқа көшірілді. Бұл ауылдық аумақтарды дамыту шеңберінде бюджеттік кредиттер алуға өтінімдерді беру және өңдеу кезінде білім беру, денсаулық сақтау, агроөнеркәсіптік кешен мамандарының және жергілікті атқарушы органдардағы бағдарлама әкімшілерінің уақытын үнемдеуге ықпал етті. 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша бағдарлама бойынша жалпы сомасы 70 млрд теңге болатын 9 917 кредит берілді, оның ішінде тек 2025 жылы 15,7 млрд теңге сомасына 1 824 кредит берілді.

2024 жылдан бастап Банк негізгі мемлекеттік жобалардың бірі - «Ұлттық қор - балаларға» жобасының уәкілетті операторы болып табылады. «Ұлттық қор - балаларға» жобасы шеңберінде 2006 жылы және одан кейін туған Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын әрбір балаға жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50%-ы есептеледі. 2025 жылы Қазақстан Республикасының 129 279 баласының шоттарына барлығы 22 270 мың АҚШ доллары есептелді.

Сонымен қатар Банк ел азаматтарын білім беру мәселелерінде әлеуметтік қолдауға бағытталған «AQYL» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің қатысушысы болып табылады. Банк қаражаты мемлекет тарапынан толық қорғалатын және қол сұғылмайтын «AQYL» білім беру жинақтау салымын аша бастады.

Осы жоба бойынша Банк Қазақстан азаматтарына жинақтау мерзіміне қарай жылдық 14,9% сыйақы мөлшерлемесімен (ЖТСМ 16%) ел ішінде де, шетелде де кәсіптік-техникалық және жоғары білімнің ақысын төлеу үшін қаражатты жоспарлы түрде жинақтау мүмкіндігін ұсынады. Сонымен бірге азаматтардың әлеуметтік санатына қарай жыл сайын 5-7% мөлшерінде мемлекет сыйлықақысы есептеледі, бірақ ол 100 АЕК-тен аспайды. Депозит жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, сондай-ақ көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар сияқты азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік қолдау көрсетеді. «AQYL» жобасы іске қосылған сәттен бастап 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Банкте
157 937-ден астам депозит ашылды, бұл аталған өнімнің халық арасында жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді.