• Басты бет
  • /
  • Климаттық өзгерістерді, тәуекелдер мен мүмкіндіктерді басқару

Климаттық өзгерістерді, тәуекелдер мен мүмкіндіктерді басқару

Климаттық өзгерістер Орталық Азия өңірінде және Қазақстан Республикасында қаржы секторын стратегиялық трансформациялаудың айқындаушы факторларының біріне айналуда. Температураның жоғарылауы, экстремалды ауа райы құбылыстарының жиілеуі макроэкономикалық тұрақтылық үшін де, жекелеген бизнес-модельдердің тұрақтылығы үшін де елеулі тәуекелдер тудырады. Қазақстан Республикасы жаһандық климаттық кеңістіктің бір бөлігі ретінде бірқатар сын-қатерлерге тап болып отыр: құрғақшылық пен су тасқындары жиілігінің артуы, су ресурстарының ауытқуы, сондай-ақ климаттық факторлардың қалалық және тұрғын үй инфрақұрылымына әсерінің күшеюі.

Осындай жағдайларда Отбасы банк тұрғын үйді қаржыландыру саласындағы негізгі институт ретінде климаттық өзгерістерге уақтылы бейімделудің маңыздылығын түсінеді. Сонымен қатар қаржы институттарынан ашықтықты, жауапкершілікті және климаттық аспектілерді даму стратегиясына интеграциялау қабілетін күтетін инвесторлар, халықаралық серіктестер мен клиенттер, ұлттық реттеушілер тарапынан қысым артып келеді.

2024 жылдан бастап Банк климаттық күн тәртібін стратегиялық және операциялық процестерге интеграциялауға кешенді тәсілді іске асырды. 2024 жылы климаттық тәуекелдерді бағалаудың ішкі әдіснамасын әзірлеу және енгізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді, оның ішінде:

- климаттық стресс-тестілеу жүргізу және климаттық факторлардың Банктің ипотекалық портфеліне әсерін сценарийлік талдау рәсімі әзірленіп, енгізілді;

- елдің өңірлік ерекшеліктері мен портфель құрылымын ескере отырып, физикалық және өтпелі тәуекелдердің жіктемесі қалыптастырылды.

Іске асырылған бастамалар халықаралық тәсілдерге, оның ішінде Халықаралық есеп айырысу банкінің (BIS), Еуропалық орталық банктің ұсынымдарына, GRI және SASB тұрақты есептілік стандарттарына, сондай-ақ IFRS S2 - климаттық тәуекелдерді ашып көрсету жөніндегі жаһандық стандарттың талаптарына негізделеді.

Банктің ESG-трансформация векторы Қазақстан Республикасының 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге бағытталған стратегиялық басымдықтарына сәйкес келеді.

Банк үшін климаттық күн тәртібі нормативтік сәйкестік шеңберінен шығып, ұзақ мерзімді тұрақтылықтың, бәсекеге қабілеттіліктің және әлеуметтік жауапкершіліктің негізгі құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Климаттық тәуекелдерді басқару Банктің миссиясының ажырамас бөлігіне айналуда - Банк өз қызметін жүзеге асыратын Қазақстан өңірлері тап болып отырған климаттық сын-қатерлерді ескере отырып, халықтың сапалы тұрғын үйге тұрақты қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Банк IFRS S2 қоса алғанда, халықаралық стандарттарға, сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің әдіснамалық нұсқауларына бағдарлана отырып, климаттық тәуекелдерді тәуекелдерді басқарудың жалпы жүйесіне интеграциялауды дәйекті түрде дамытып келеді. Климаттық факторлар банктік тәуекелдердің дәстүрлі санаттарын - кредиттік тәуекелден бастап операциялық және стратегиялық тәуекелге дейін - тікелей немесе жанама түрде күшейте алатынын түсіну Банктің осы тәуекелдерді басқаруға жүйелі тәсілінің негізіне алынды.

Банк халықаралық консультанттармен бірлесіп, физикалық және өтпелі тәуекелдерді жіктеуді қамтитын климаттық тәуекелдерді бағалаудың меншікті әдіснамасын әзірледі. Әдіснама шеңберінде географиялық деректерді, кепілдер туралы деректерді және жылжымайтын мүлік түрлерін пайдалана отырып, кредиттік портфельдің климаттық тәуекелдерге ұшырау деңгейіне бастапқы диагностика жүргізілді. Соның нәтижесінде ипотекалық портфельдің су тасқындарына, температуралық ауытқуларға және басқа да климаттық құбылыстарға қатысты ең осал аймақтары анықталды. Климаттық факторлардың портфельге әсерін стресс-тестілеу және сценарийлік талдау Банктің тәуекелдерді бағалау жөніндегі тұрақты тәжірибесіне енгізілді.

Климаттық тәуекелдерді басқару қолданыстағы тәуекел-процеске біріктірілген және сәйкестендіру, бағалау, мониторинг пен ден қою кезеңдерін қамтиды. Физикалық тәуекелдер - экстремалды ауа райы жағдайларынан (су тасқындары мен көшкіндер) кепіл мүлкінің зақымдану ықтималдығы сияқты - энергия тиімділігі нормаларының қатаңдауымен, энергия тиімді тұрғын үйге сұраныстың өсуімен және қорландыру саясатының өзгеруімен байланысты өтпелі тәуекелдермен қатар бағаланады.

Есепті жылы Банк климаттық факторларды тәуекел-аппетитке, тәуекелдер тізіліміне және есептілікке енгізу бойынша ішкі рәсімдерді әзірлеп, енгізді, сондай-ақ қызметтің негізгі көрсеткіштерін (ҚНК) бекітті. Климаттық тәуекелдер тәуекелдерді бағалау және басқару процестеріне интеграцияланды, Тұрақты даму стратегиясы климаттық әсерді басқару және парниктік газдар шығарындыларын қысқарту саласындағы қызметтің негізгі көрсеткіштерін бекітеді. Бұдан басқа, Банк қысқа, орта және ұзақ мерзімді көкжиектерде капитал мен өтімділіктің жүйелі климаттық күйзелістерге тұрақтылығын бағалау үшін климаттық стресс-тестілеу және сценарийлік талдау тәжірибесін енгізді.

Банк күшейіп келе жатқан экологиялық және реттеушілік сын-қатерлер жағдайында бейімделгіштікті, ашықтықты және сенімділікті қамтамасыз ететін климаттық тәуекелдерді басқарудың кешенді, сандық тұрғыдан негізделген және стратегияға кіріктірілген тетігін қалыптастырады.

Климаттық өзгерістерді басқару - корпоративтік басқару жүйесін және стратегияны жетілдіру

Отбасы банк климаттық тәуекелдерді басқаруды корпоративтік басқару органдарының қатысуымен іске асырылатын тұрақты даму стратегиясының маңызды бөлігі ретінде қарастырады. 2023 жылы ESG күн тәртібін институционализациялау мақсатында қоршаған ортаға әсерді, әлеуметтік жауапкершілікті және климаттық бейімделу мәселелерін басқарудың стратегиялық қағидаттарын бекітетін Тұрақты даму саясаты бекітілді. Осы саясатқа сәйкес тұрақты даму стратегиялық шешімдерді ғана емес, барлық деңгейдегі барлық қызметкерлер мен лауазымды тұлғалардың күнделікті қызметін де қамтитын корпоративтік басқарудың іргелі қағидаты ретінде танылады.

ESG күн тәртібін басқару корпоративтік басқарудың интеграцияланған құрылымы аясында ұйымдастырылады. Директорлар кеңесі тұрақты даму стратегиясының, оның ішінде климаттық құрамдасының іске асырылуын қадағалауды қамтамасыз етеді. Басқарма бейінді бөлімшелермен және мамандандырылған комитеттермен бірлесіп, ESG-бастамалардың орындалуына, олардың операциялық процестерге интеграциялануына, сондай-ақ ішкі регламенттеу және сыртқы есептілік деңгейінде тиісті стандарттардың сақталуына жауап береді.

Тәуекелдер жөніндегі комитет бизнес-модельдің тұрақтылығына әсер ететін факторларды тұрақты талдаумен қатар, климаттық және ESG-тәуекелдерге қатысты ішкі нормативтік құжаттарды бақылауды және алдын ала бекітуді жүзеге асырады. Комитет қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективаларда климаттық тәуекелдердің Банк қызметіне әсерін бағалау нәтижелерін қарайды. Климаттық тәуекелдерді басқару функцияларын үйлестіруді атқарушы деңгейдің қадағалауымен бейінді бөлімшелер жүзеге асырады.

Банктің тәуекелдерді басқару жүйесі тұрақты даму тұрғысынан негізгі тәуекелдер ретінде танылатын бедел, ESG және климаттық тәуекелдерді де қамтиды. Бұл тәуекелдерді басқару бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг жүргізу, мүдделі тараптардан кері байланыс алу, тұрақты консультациялар өткізу, сондай-ақ физикалық және өтпелі климаттық тәуекелдерді қоса алғанда, сыртқы және ішкі әсер ету факторларын бағалау негізінде атқарылады. Негізгі мақсат - Банк қызметінің қоршаған ортаға теріс әсерін барынша азайту, клиенттер мен әріптестер тарапынан сенімді арттыру, бизнес-модельдің тұрақтылығын қамтамасыз ету және әлеуметтік тұрақтылықты нығайту.

Банктің ішкі құжаттары тәуекелдің негізгі индикаторларын (KRI) және тиімділік көрсеткіштерін (ҚНК) әзірлеу мен енгізуді, беделдік тәуекелді басқару рәсімдерін, сондай-ақ физикалық және өтпелі климаттық факторларды бағалауды қоса алғанда, ESG және климаттық тәуекелдерді бағалау және мониторингтеу тәртібін айқындайды. Болашақта жеткізу тізбектерінің тұрақтылығы мен транспаренттілігіне баса назар аудара отырып, ESG қағидаттарын жеткізушілермен және контрагенттермен шарттық қатынастарға кезең-кезеңімен интеграциялау қаралатын болады.

Тұрақтылықтың корпоративтік мәдениетін дамытуға, оның ішінде қызметкерлерді тұрақты оқытуға және менеджменттің климаттық тәуекел-менеджмент пен тұрақты даму саласындағы біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылады. Аталған шаралар тәсілдің тұтастығын сақтап, жауапты іскерлік тәжірибені қалыптастыруға ықпал етеді және Банктің өсіп келе жатқан реттеушілік әрі нарықтық күтулерге тиімді бейімделуіне жағдай жасайды. Банктің корпоративтік басқару жүйесі ESG және климаттық тәуекелдерді стратегиялық және операциялық басқаруға жүйелі әрі кешенді түрде интеграциялауды қамтамасыз етіп, бизнес-модельдің орнықтылығын нығайтады және халықаралық әрі ұлттық стандарттарға сәйкес ұзақ мерзімді даму үшін негіз қалыптастырады.