• Басты бет
  • /
  • Корпоративтік басқару жүйесінің сипаттамасы

Корпоративтік басқару жүйесінің сипаттамасы

Банк корпоративтік басқаруды өз қызметінің тиімділігін арттыру, транспаренттілік пен есептілікті қамтамасыз ету, өзінің беделін нығайту және капитал тартуға арналған шығындарды төмендету құралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасында заң үстемдігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі және Банктің қазіргі экономика мен жалпы қоғамдағы орнын айқындайтын фактор ретінде қарастырады.

Банктің корпоративтік басқаруы әділдік, адалдық, жауапкершілік, ашықтық, кәсібилік және құзыреттілік негіздеріне құрылады. Корпоративтік басқарудың тиімді құрылымы Банктің қызметіне мүдделі барлық тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін құрметтеуді көздейді және Банктің табысты қызметіне, оның ішінде оның құнының өсуіне, қаржылық тұрақтылық пен кірістілікті қолдауға ықпал етеді.

Банктегі корпоративтік басқару жүйесіне қатысушылар арасындағы қатынастар халықаралық тәжірибе негізінде әзірленген Корпоративтік басқару кодексімен және Банктің басқа да ішкі құжаттарымен реттеледі. Банктің корпоративтік басқару құрылымы заңнамаға сәйкес келеді және Банк органдары арасындағы міндеттердің бөлінуін айқындайды.

Банктің корпоративтік басқару кодексіне сәйкес Банктің корпоративтік басқару қағидаттары мыналар болып табылады:

1)                 өкілеттіктерді ажырату қағидаты;

2)                 Қазақстан Республикасының азаматтық және банктік заңнамасына, Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамасына сәйкес көзделген Банктің Жалғыз акционерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау және осы құқықтар мен мүдделерді іске асыруды қолдау қағидаты;

3)                 Банкті Директорлар кеңесі мен Басқарманың тиімді басқаруы қағидаты;

4)                 тұрақты даму қағидаты;

5)                 тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау және ішкі аудит қағидаты;

6)                 корпоративтік қақтығыстар мен мүдделер қақтығысын реттеу қағидаты;

7)                 Қазақстан Республикасының банктік заңнамасына, Қазақстан Республикасының қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы заңнамасына, Қазақстан Республикасының валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы, төлемдер және төлем жүйелері туралы, бағалы қағаздар нарығы туралы, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы, акционерлік қоғамдар туралы заңнамасына сәйкес Банктің қызметі туралы ақпаратты уақтылы және дәйекті ашуды қамтамасыз ету қағидаты;

8)                 Банк қызметінің ауқымы мен сипатының оның құрылымына, тәуекелдер бейініне, Банктің бизнес-моделіне сәйкестігі қағидаты;

9)                 Банктің Директорлар кеңесі мүшелерінің өз міндеттерін орындауы үшін Банк қызметі туралы толық, өзекті және уақтылы ақпаратқа қол жеткізу қағидаты.

Корпоративтік басқару жүйесін бағалауды Банктің ішкі аудит департаменті Банктің ішкі аудитін ұйымдастыру қағидаларының талаптарына сәйкес кезең-кезеңімен, бірақ кемінде екі жылда бір рет жүзеге асырады.

«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 182-бабы 3-тармағына сәйкес корпоративтік басқаруды тәуелсіз бағалау мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдарда (Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда) кемінде үш жылда бір рет жүргізілуі тиіс. 2024 жылы Банктің корпоративтік басқаруын «Отбасы банк» АҚ корпоративтік басқару жүйесін бағалау әдістемесінің критерийлеріне сәйкестігі тұрғысынан сыртқы бағалау жүргізілді. Сыртқы бағалау нәтижелері бойынша сәйкестік деңгейі жеткілікті жоғары деңгейде болып, 95,4%-ды құрады («адекватты» рейтингіне сәйкес келеді).