- Басты бет
- /
- Операциялық қызмет нәтижелері
Операциялық қызмет нәтижелері
Ақпараттық даму
Банк өз дамуында бөлімшелерінің қызметін ақпараттық-техникалық қолдауға үлкен көңіл бөледі. IT-инфрақұрылымды, автоматтандырылған ақпараттық жүйені дамыту бойынша жұмыстар оның функционалдық және техникалық мүмкіндіктерін жетілдіру, оларды тарифтік бағдарламалардың талаптарына сәйкестендіру, сондай-ақ аналитикалық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында тұрақты негізде жүргізіледі.
Ақпараттық даму бағытында Банк автоматтандырылған бизнес-процестердің оңтайлы құрылымы бар динамикалық цифрлық банк құруды, банк қызметтерін дамытудың озық технологияларын және банк қызметін көрсетудің инновациялық жүйелерін енгізуді қамтамасыз етуді мақсат етеді.
Өзінің даму кезеңінде Банк IT бағыты бойынша мынадай міндеттерді табысты әрі тиімді шеше алды:
- IT-инфрақұрылымды жаңғырту және Банктің ақпараттық жүйелерінің істен шығуға төзімділігін қамтамасыз ету;
- компьютерлік паркті жаңарту;
- орталық аппаратта сервистік басып шығару қызметін енгізу;
- Colvir АБАЖ-ды дамыту: «Онлайн архивтеу», 24/7 шоттар процессингі, заңды тұлғаларға арналған интернет-банкинг;
- Computer Vision енгізуді қоса алғанда, Банктің бизнес-процестерін роботтандыру;
- Банктің соңғы құрылғыларын басқару жүйесін дамыту;
- дерекқорларды кезең-кезеңімен лицензиялық қамту;
- қолданыстағы IT-сервистерді басқару жүйесін таңдау және кейіннен ауыстыру мақсатында ITSM-жүйелерді тестілеу бойынша пилоттық жобаны өткізу;
- электрондық архивтің өткен жылдардағы файлдарын архивтеу;
- баламалы (open source және басқа) ДҚБЖ-ға көшу.
Банк жаңа сын-қатерлер мен қауіптерді ескере отырып, инфрақұрылымды заманауи технологиялық деңгейде қолдау және оның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тұрақты негізде жұмыстар жүргізеді.
Қашықтан және баламалы қызмет көрсету арналарын дамыту
Соңғы бірнеше жыл ішінде Банк филиалдар мен агенттік желінің физикалық инфрақұрылымын дамытумен қатар, клиенттерге қызмет көрсетудің заманауи әдістерін дамыту бойынша, оның ішінде қарапайым және күнделікті операцияларды онлайн форматқа көшіру үшін интернет және мобильді құрылғылар арқылы клиенттерге сатылым жасау және қызмет көрсету бойынша меншікті арналары мен құралдарын дамыту бағытында жұмыс жүргізді. Банк клиенттердің тұрғын үй жағдайын жақсарту қажеттілігі бойынша сұранысын және тұрғын үй мен ілеспе қызметтер, оның ішінде тұрғын үйді жөндеу бойынша әріптестердің ұсыныстарын қамту үшін «Баспана» жылжымайтын мүлік порталын дамытты. Сондай-ақ интернет және мобильді құрылғылар арқылы клиенттерге қызмет көрсету үшін сату арналары мен құралдарын дамытты, бұл филиалдардағы кезектер санын және клиенттерге қызмет көрсету уақытын қысқартуға мүмкіндік берді.
Банк қызметін автоматтандыру және бизнес-процестерін дамыту (IT-инфрақұрылымды қайта ұйымдастыру және Банктің ақпараттық жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету)
Көрсетілетін қызметтердің сапасын, еңбек өнімділігін және шешім қабылдау жылдамдығын арттыру, сондай-ақ операциялық тәуекелдерді азайту шеңберінде Банк өз қызметін автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізеді.
Банкте кредиттік және посткредиттік операциялар, депозиттік және постдепозиттік операциялар, азаматтардың өтініштері, клиенттер ағыны мен төлемдерді, кіріс қоңырауларды мониторингтеу, бейнесервис, HR процестері, бухгалтерлік есеп, IT және IT-қауіпсіздік процестері, есептілікті жинау және дайындау, банктік құжат айналымы бойынша процестер автоматтандырылады. Олар нарық конъюнктурасындағы өзгерістерге бейімдеу мақсатында тұрақты негізде бағаланып, талданады.
Есепті жылы Банктің 2025 жылға арналған бизнес-процестерін автоматтандыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес Банктің цифрлық арналарындағы клиенттік операциялар, тәуекел-менеджмент, кепілмен қамтамасыз ету, HR, есепке алу, комплаенс-бақылау, есептілік және басқа да процестер автоматтандырылды. Жыл қорытындысы бойынша Банктің 2025 жылға арналған бизнес-процестерін автоматтандыру жөніндегі іс-шаралар жоспары 100%-ға орындалды.
Сонымен қатар 2025 жылы Банк цифрлық инфрақұрылымды дамыту және негізгі бизнес-процестерді автоматтандыру жөніндегі іс-шараларды іске асыруды жалғастырды. Электрондық құжат айналымы жүйесін Бизнес-процестерді басқару жүйесіне BPM 2.0 (БПБЖ BPM 2.0) кезең-кезеңімен көшіру шеңберінде Банктің уәкілетті органдары процестерін автоматтандыру қамтамасыз етілді. Өңірлік кредиттеу бағдарламаларын дамыту шеңберінде BPM жүйесіндегі процестерді автоматтандыру бойынша жұмыстар орындалды.
Есепті жылы клиенттердің шоттары туралы деректермен алмасу үшін Open API платформасымен интеграциялар, сондай-ақ регламенттік есептілікті және Банк қызметінің негізгі көрсеткіштерін беру бөлігінде «Бәйтерек» ҰИХ» холдингінің Аналитикалық орталығымен ETL-интеграция іске асырылды. Open API-ді дамыту жалғастырылды, оның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ұлттық төлем корпорациясымен бірлесіп, түрлі екінші деңгейлі банктердегі клиенттердің өз шоттары арасында ақша қаражатын аударуды (Me2Me) іске асыру қамтылды.
2025 жылы Банк «E-Kezekte» жүйесінен кезекте тұрған азаматтардың дерекқорын қабылдады. Дерекқорды Банктің кезекте тұрған азаматтарды жүргізу жүйесі - «ТҚО» жүйесіне көшіру бойынша жұмыстар жүргізілді, тиісті бизнес-процестер әзірленді және кезекте тұрған азаматтардың өтінімдерін қабылдауға арналған orken.baspana.kz мамандандырылған веб-ресурсы іске қосылды.
Сондай-ақ деректерді жедел сақтау жүйесін (ODS) дамыту жалғастырылды, оның CRM-жүйемен және Baspana жүйесімен интеграциясы қамтамасыз етілді. Банктің IT-ландшафтының тұрақтылығын, масштабталуын және технологиялық сенімділігін арттыру мақсатында заманауи технологиялық шешімдерді қолдана отырып, сервистік шина архитектурасын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
IT-инфрақұрылымды жаңғырту және Банктің ақпараттық жүйелері жұмысының істен шығуға төзімділігін қамтамасыз ету шеңберінде есепті жылы мынадай жабдықтар пайдалануға берілді және мынадай іс-шаралар орындалды:
1) Netapp массиві үшін 15 TB NVMe-SSD дискілері - 12 дана, Huawei массиві үшін 3,8 TB NVMe-SSD дискілері - 24 дана, сондай-ақ 1 дана дискілік массив пайдалануға енгізілді. Нәтижесінде өнімділігі жоғары корпоративтік деңгейдегі жүйенің икемділігі, сенімділігі, платформалар аралық үйлесімділігі және қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Жаңарту көлемі 8%-ды құрады.
2) Резервтік Деректерді өңдеу орталығының (ДӨО) істен шығуға төзімділік деңгейін арттыруға бағытталған іс-шаралар жүргізілді. Осыған байланысты серверлік және желілік жабдықты Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 17 мекенжайындағы ДӨО-дан Астана қаласы, Абай даңғылы, 47А мекенжайындағы ДӨО-ға көшіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Жаңа резервтік ДӨО TIER III істен шығуға төзімділік деңгейіне сәйкес келеді, бұл инфрақұрылымның жоғары сенімділігін, сервистерді тоқтатпай регламенттік жұмыстар жүргізу мүмкіндігін және инженерлік инфрақұрылымның қолжетімділігі бойынша халықаралық стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз етеді.
3) Банктің IT-инфрақұрылымының жай-күйін мониторингтеу деңгейін жақсарту және істен шығуға төзімділікті арттыру мақсатында физикалық және виртуалды серверлердің, сондай-ақ LUN-дардың (деректерді сақтаудың логикалық құрылғыларының) жай-күйін мониторингтеу үшін VMware vCenter жүйесін Grafana мониторинг жүйесіне (monitor.otbasybank.kz) интеграциялау бойынша жұмыстар жүргізілді. Серверлер мен LUN жай-күйі туралы деректерді жедел алу қамтамасыз етілді, бұл ықтимал іркілістерді алдын ала жоюға және маңызды сервистердің тоқтап қалу тәуекелдерін барынша азайтуға ықпал етеді.
4) Proxmox-та VDI-ортаны (виртуалды жұмыс орындарын) дамыту мақсатында жұмыстар орындалды. VDI инфрақұрылымы үшін Windows 11 шаблоны енгізілді, оның нәтижесінде мынадай міндеттер шешіледі:
- виртуалды жұмыс орындарының конфигурацияларын стандарттау;
- қызметкерлер үшін VDI-ді өрістету уақытын қысқарту;
- операциялық жүйенің жаңартулары мен баптауларын орталықтандырылған басқару;
- бірыңғай конфигурация саясаты есебінен ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыру;
- жұмыс орындарын сүйемелдеуге арналған операциялық шығындарды төмендету;
- VDI-инфрақұрылымының істен шығуға төзімділігі мен басқарылуын арттыру.
5) Банктің желілік инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту шеңберінде 2025 жылы мынадай іс-шаралар орындалды:
- 2025 жылға арналған сатып алу жоспарына сәйкес, оның ішінде Банктің Орталық аппаратының Астана қаласына көшуі шеңберінде коммутаторлар сатып алынып, пайдалануға енгізілді. Нәтижесінде жаңа алаңда желілік инфрақұрылымның қажетті өткізу қабілеті, масштабталуы және істен шығуға төзімділігі қамтамасыз етілді;
- Астана қаласындағы жаңа локацияда құрылымдалған кабельдік жүйені (ҚКЖ) жобалау және ұйымдастыру бойынша жұмыстар орындалды, оның ішінде кабельдік желілерді тарту, телекоммуникациялық шкафтар мен кросстық тораптарды ұйымдастыру қамтылды. Бұл инфрақұрылымның сенімділік және одан әрі кеңейту талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етті;
- Банктің сервистері Cisco ACI фабрикасына көшірілді. Осы арқылы дата-орталықтың желілік инфрақұрылымын басқару орталықтандырылып, автоматтандыру деңгейі, конфигурация икемділігі және сервистердің істен шығуға төзімділігі артты;
- Cisco желіаралық экрандарының бағдарламалық қамтамасыз етуі жаңартылды, бұл ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыруды, анықталған осалдықтарды жоюды және қауіпсіздік саясаттарының өзекті нұсқаларын қолдауды қамтамасыз етті;
- Cisco SD-WAN желісінің бағдарламалық қамтылымы жаңартылды. Бұл филиалдық желі жұмысының тұрақтылығын арттырып, шешімнің функционалдық мүмкіндіктерін кеңейтті және қауіпсіздік пен басқарылу бойынша өзекті талаптарға сәйкестікті қамтамасыз етті.
6) Компьютерлік паркті жаңғырту шеңберінде 2025 жылы жоспарлы жаңарту жүргізілді: ноутбуктер - 40%-ға, моноблоктар - 9%-ға, үздіксіз қуат көздері 19%-ға жаңартылды. IT стратегиясының жол картасы шеңберінде Банктің компьютерлік паркі мен ұйымдастыру техникасын жыл сайын кезең-кезеңімен жаңарту жоспарланған.
7) Банктің орталық аппараты Алматы қаласынан Астана қаласына көшірілген кезеңде жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша іс-шаралар жүргізілді (ноутбуктер беру және көшу кезеңінде пайдаланушылардың қашықтан жұмыс істеуін қамтамасыз ету, жұмыс станциялары мен ұйымдастыру техникасын қосу, тиісті бағдарламалар мен сервистерді орнату).
8) Банкте көрсетілетін басып шығару қызметтерінің тиімділігін арттыру, шығыстарды/шығындарды оңтайландыру және сапасын жақсарту мақсатында Банктің Орталық аппаратында аутсорсинг негізінде «Басып шығару сервисі» қызметі енгізілді. Оның шеңберінде толық техникалық сүйемелдеуі бар 19 жоғары өнімді көпфункциялы құрылғы жалға алынды. Соның нәтижесінде ескірген баспа техникасының 285 бірлігі пайдаланудан шығарылды, оның ішінде пайдалануға жарамды 123 бірлік Банктің облыстық филиалдарына жіберілді. Банктің Орталық аппаратында «Басып шығару сервисі» қызметін енгізу жөніндегі шешім өзінің жоғары тиімділігін, оңтайландыру әсерін, тәжірибелік пайдасын және одан әрі ауқымды кеңейту перспективасын көрсетті. Қағаз тасығыштардағы құжаттарды басып шығару процесінің ашықтығы мен басқарылуы артты, орталықтандырылған бақылау және реттеу есебінен баспа өнімдерінің жалпы көлемі азайды, сондай-ақ баспа техникасы мен қағазды мақсатсыз пайдалану жағдайлары барынша қысқарды. Аталған шешім баспа техникасын жаңартуға арналған капиталдық шығындардан бас тартуға, сондай-ақ моральдық тұрғыдан ескірген баспа паркін амортизациялау, есептен шығару және кәдеге жарату рәсімдерін алып тастауға негіз болды. Банк пайдаланатын жоғары өнімді көпфункциялы құрылғылар энергия тұтынуы оңтайландырылған жаңа буын жабдығы болып табылады, бұл тұрақты даму (ESG) саясатының маңызды элементі саналады.
Ақпараттық жүйелерді енгізу және дамыту
2025 жылы IT-ны дамыту шеңберінде Банк мынадай жобаларға бастамашылық жасап, оларды іске асырды:
- «ҚОДЖ» жүйесін (Қаржылық операциялар туралы деректерді жинау жүйесі) дамыту;
- «Электрондық архив» жүйесін дамыту;
- «Ситуациялық мониторинг» жүйесін дамыту;
- «RPM» жүйесін (Қаржылық емес тәуекелдерді басқару жүйесі) дамыту;
- «Oracle BI» деректер қоймасының аналитикалық жүйесін дамыту;
- «Сыртқы қызмет жеткізушілерінің қызмет кабинеті - Бағалаушы кабинеті» жүйесін дамыту;
- «ТҚО кезекте тұрғандар дерекқоры» жүйесін және orken.baspana.kz веб-ресурсын іске қосу және дамыту;
- «Colvir» АБАЖ модульдерін дамыту және оңтайландыру: «Онлайн архивтеу», 24/7 шоттар процессингі, заңды тұлғаларға арналған интернет-банкинг;
- Computer Vision енгізуді қоса алғанда, Банктің бизнес-процестерін роботтандыру;
- MS SQL Server дерекқорларын басқару жүйесін лицензиялау;
- Oracle дерекқорларын басқару жүйесін лицензиялау;
- серверлік және желілік жабдықты жаңғырту;
- қолданыстағы IT-сервистерді басқару жүйесін таңдау және кейіннен ауыстыру мақсатында ITSM-жүйелерді тестілеу бойынша пилоттық жобаны өткізу;
- баламалы (open source және басқа) ДҚБЖ-ға көшу:
1) қателер логтарының дерекқорын Microsoft SQL Server ДҚБЖ-дан PostgreSQL ДҚБЖ-ға көшіру;
2) BPM депозиттік операцияларындағы пайдаланушылар әрекеттері логтарының дерекқорын Microsoft SQL Server ДҚБЖ-дан PostgreSQL ДҚБЖ-ға көшіру;
3) Банктің интеграциялық шинасының білім базасын Microsoft SQL Server ДҚБЖ-дан PostgreSQL-ге көшіру;
4) Биометрия базасын (ДБО) Microsoft SQL Server ДҚБЖ-дан PostgreSQL ДҚБЖ-ға көшіру;
5) Genesys (GCTI8) дерекқорын Oracle ДҚБЖ-дан PostgreSQL ДҚБЖ-ға көшіру;
- UEM жүйесін дамыту;
- электрондық архивтің өткен жылдардағы файлдарын архивтеу;
- компьютерлік паркті жаңғырту;
- орталық аппаратта баспа сервисі қызметін енгізу.
Жалпы, Банкте цифрлық технологиялар мен инновацияларды дамытуға қолдау көрсетудің салыстырмалы түрде жоғары деңгейі байқалады, бұл одан әрі өнімді даму үшін жақсы негіз болып табылады.
Киберқауіпсіздік

Ақпараттық активтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құпиялылығын қорғау Банк қызметі шеңберіндегі маңызды міндеттер болып қала береді. Бұл міндеттердің өзектілігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы №832 «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды бекіту туралы» қаулысын, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 наурыздағы №48 «Банктердің, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды, ақпараттық қауіпсіздік инциденттері, оның ішінде ақпараттық жүйелердегі бұзушылықтар мен іркілістер туралы мәліметтерді қоса алғанда, ақпарат ұсыну қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы» қаулысын сақтау қажеттілігімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің және Холдингтің ішкі нормативтік құжаттарының талаптарына сәйкестікті қамтамасыз ету қажеттілігімен айқындалады.
Ақпараттық қауіпсіздікті күшейтудің негізгі тұжырымдамалық бағыттары мыналар болып табылады:
· ақпараттық қауіпсіздік бойынша ішкі нормативтік құжаттар базасын өзекті күйде ұстау;
· Банктің ақпараттық технологиялар инфрақұрылымын пайдаланушылардың ақпараттық қауіпсіздік саласындағы хабардарлық деңгейін арттыру;
· сыртқы реттеушінің комплаенс талаптарына сәйкестікті қамтамасыз ету;
· Банктің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бағдарламалық-аппараттық шараларды техникалық қолдау және дамыту, оның ішінде мынадай бағыттар қамтылады:
1) ақпараттық қауіпсіздік оқиғаларын мониторингтеу;
2) ақпараттық қауіпсіздік инциденттерін тіркеу және шешу, сондай-ақ олар бойынша білім базасын дамыту;
3) қорғауға жататын маңызды ақпараттың айналымын бақылау (дербес деректер және банк құпиясы);
4) Банктің қолданбалы ақпараттық жүйелеріндегі қолжетімділіктерді басқаруды бақылау;
5) Банктің ақпараттық технологиялар инфрақұрылымындағы осалдықтарды басқару;
6) дерекқорлардағы ақпаратты қорғау;
7) артықшылықты қолжетімділікті бақылау;
8) электрондық поштаны және Internet желісінде жұмыс істеу кезінде пайдаланушыларды қорғау;
9) Банктің web-қосымшалары мен мобильді қосымшаларын қорғау;
10) Банктің ақпараттық технологиялар инфрақұрылымын эшелонды антивирустық қорғау;
11) Банктің маңызды хосттарындағы өзгерістерді бақылау және қосымшаларды бақылау.
· Банктің активтерінің нақты қорғалу деңгейіне сыртқы көзқарас алу үшін Банктің маңызды қосымшаларына ену тесттерін, әлеуметтік инженерия тесттерін және бастапқы кодқа талдау жүргізу;
· аномалияларды анықтаудың автоматты құралдары арқылы ықтимал зиянды қатерлерді үздіксіз іздеу, анықталған күдікті әрекеттерді ықтимал инцидент тұрғысынан зерделеу;
· Банкте пайдаланылатын тиісті мамандандырылған жүйелер арқылы CVE2 және CVE3 халықаралық стандарттарына сәйкес осалдықтарды анықтау мақсатында Банктің цифрлық активтеріне тұрақты талдау жүргізу;
· қолданыстағы қорғау құралдарымен қамтылмайтын ықтимал қатерлерді анықтау үшін деректерді проактивті іздеу және талдау;
· ақпараттық қауіпсіздік қатерлерінің алдын алу/оқшаулау бойынша іс-шараларды жүзеге асыру;
· қатерлерді оқшаулау және олардың алдын алу бойынша міндеттерді қалыптастыру және Банктің тиісті жауапты бөлімшелеріне тағайындау;
· жаңа қатерлер бойынша хабарламаларға бастапқы ықпал ету саласын және маңыздылық дәрежесін айқындау үшін талдау жүргізу.
Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін деректердің таралуынан, кибершабуылдардан, вирустық белсенділіктен, Банктің ресурстарына рұқсатсыз кіруден, көшіруден, рұқсатсыз өзгерістер енгізуден және басқа да қатерлерден қорғау жүйелері пайдаланылады.
Банк ақпараттық қауіпсіздік инциденттерін анықтау және оларға уақтылы ден қою мақсатында ақпараттық қауіпсіздік бойынша қорғалатын ақпаратқа жатқызылған мәліметтерді қамтитын, өңдейтін және (немесе) беретін Банктің барлық маңызды ақпараттық жүйелеріне тұрақты негізде мониторинг жүргізеді. Есепті жылы деректердің таралу жағдайларының саны - 0. Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы бұзушылықтарға байланысты төленген айыппұлдардың жалпы сомасы - 0.
Алдағы уақытта ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Банк жүйелерді жаңарту және баптау бойынша іс-шаралар жүргізеді, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік саласындағы қағидаларды, саясаттарды және қорғау жүйелерін өзекті күйде ұстап отырады.
Банкте дербес құрылымдық бөлімше - Антифрод басқармасы жұмыс істейді, оның негізгі міндеті Банкті және оның клиенттерін алаяқтықпен байланысты фрод-оқиғалардан қорғау болып табылады.
Алаяқтық белгілері бар транзакциялар мен құқыққа қайшы инциденттерді анықтау мақсатында Банкте қашықтан банктік қызмет көрсету жүйесіндегі клиенттердің транзакцияларына күнделікті мониторинг пен талдау жүргізуді қамтамасыз ететін Антифрод жүйесі тұрақты негізде жұмыс істейді. Антифрод басқармасының қызметкерлері ішкі құжаттардың талаптарына сәйкес алаяқтық белгілері бар операциялар бойынша алерттерге талдау жүргізеді.
Есепті 2025 жылы Антифрод жүйесінің жоспарлы пысықтаулары мен жаңартулары іске асырылды, оның ішінде:
1) сыртқы интеграциялардағы өзгерістерге байланысты жүйе компоненттерін жаңарту және қайта баптау;
2) заңды тұлғаларды қарау үшін жүйенің функционалдық мүмкіндіктерін кеңейту;
3) ішкі санаттар мен белгілерді өзектендіру және дамыту;
4) клиенттердің шоттары бойынша шектеулер мен бақылау механизмдерін жетілдіру.
Сонымен қатар Банк Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Антифрод орталығымен өзара іс-қимылды жалғастырды, бұл инциденттер туралы өзекті ақпаратты ескеруге және операцияларды мониторингтеу сапасын арттыруға септігін тигізеді.
Қосымша түрде алаяқтық фишингтік сайттарды проактивті анықтау үшін «Brand Protection» класындағы жүйелерге, сондай-ақ клиенттердің дербес деректерінің таралуын анықтау үшін «Data Base Protection» («Дерекқорларды қорғау») класындағы жүйелерге пилоттық тестілеу жүргізілді. Алаяқтық тәуекелдерін төмендету мақсатында Антифрод басқармасы Ақпараттық жүйелерді дамыту және қолдау департаментімен бірлесіп клиенттердің операцияларын (мобильді қосымшада жасалған операцияларды қоспағанда) ҚРҰБ Антифрод орталығының базаларымен деректердің сәйкестігі тұрғысынан тексеру сервисін әзірледі (сенімділікті бағалау).
Антифрод басқармасы Банктің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, ішкі және сыртқы қауіпсіздік қатерлерінің алдын алу, Банктің және оның клиенттерінің заңды мүдделерін құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғау, сондай-ақ Банктің персоналы мен мүлкінің қауіпсіздігін күшейту бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды жалғастыруда.