- Басты бет
- /
- Ішкі бақылау жүйесі
Ішкі бақылау жүйесі
Банктегі ішкі бақылау жүйесі ҚР заңнамасының, Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің талаптарына, үздік әлемдік тәжірибелерге сәйкес қалыптастырылған. Банк ішкі бақылау жүйесін құруда 2013 жылғы «COSO интеграцияланған моделі» тұжырымдамасын қолданады. Банктің ішкі бақылау жүйесі (бұдан әрі - ІБЖ) күнделікті қызметке кіріктірілген, Директорлар кеңесі, алқалы органдар, құрылымдық бөлімшелер және Банктің барлық қызметкерлері өз міндеттерін орындау кезінде жүзеге асыратын процесс болып табылады.
Директорлар кеңесі ішкі бақылау жүйесін (ІБЖ) енгізуге жағдай жасау және оның жай-күйін тұрақты назарда ұстау арқылы Басқарма қызметін бақылайды. Директорлар кеңесінің Тәуекелдер және ішкі бақылау комитеті ІБЖ жұмысына мониторинг жүргізіп, оның жұмыс істеу сапасы мен тиімділігін бағалау нәтижелерін қарайды.
Басқарма ІБЖ-ның барлық компоненттері мен қағидаттарының болуын және жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Банктің уәкілетті алқалы органдары тоқсан сайын операциялық тәуекелдер, ақпараттық технологиялар мен ақпараттық қауіпсіздік тәуекелдері және ішкі бақылау бойынша есептерді қарайды, олар бойынша тиісті шешімдер қабылдайды. Бұдан басқа, Директорлар кеңесі Банктегі ІБЖ-ны реттейтін негізгі ішкі құжаттарды қарайды және бекітеді.
Тәуекелдерді басқару рәсімдері жаңа тәуекелдерге жедел ден қоюды, оларды сәйкестендіруді және тәуекел иелерін айқындауды қамтамасыз етеді. Банкке тән тәуекелдерді тұтас түсіну үшін жыл сайын тәуекелдерді сәйкестендіру және бағалау жүргізіледі, олар тәуекелдер тізілімінде, тәуекелдер картасында, маңызды тәуекелдер тізбесінде, алдағы жылға арналған тәуекел-аппетит туралы мәлімдемеде көрсетіледі және Директорлар кеңесі бекітеді.
Тәуекелдерді айқындау тәсілдері, тәуекелдерді сәйкестендіру және бағалау тәртібі, ден қою әдістерін айқындау, мониторинг тәуекелдерді басқару жүйесі шеңберіндегі ішкі құжаттарда көзделген.
Банктің ІБЖ-сы үш қорғаныс желісінен тұрады және Банктің барлық бөлімшелерін қамтиды.
Бірінші қорғаныс желісін Банктің барлық құрылымдық бөлімшелері қамтамасыз етеді және процестердегі күнделікті операциялардың дұрыс орындалуын қамтамасыз ету үшін әзірленген бақылаулар жүйесін білдіреді. Бақылауларды процестердің бизнес-иелері әзірлейді және процестердің сәйкестендірілген және бағаланған тәуекелдерін рұқсат етілген деңгейге дейін барынша азайту үшін бизнес-процестердің ажырамас бөлігі болып табылады. Бақылауларды басқаруды және олардың мониторингін бөлімшелердің өздері жүзеге асырады, бұл процестердің бизнес-иелерінің тәуекелдерді, бизнес-процестердің әлсіз тұстарын, ықтимал күтпеген оқиғаларды анықтау және оларға уақтылы ден қою қабілетін көздейді.
Екінші қорғаныс желісін ІБЖ мониторингін, үйлестіруін және құжаттандыруын жүзеге асыратын ішкі бақылау бөлімшесі және Банк қызметінің жекелеген бағыттары бойынша тәуекелдерді сәйкестендіру мен бағалауды қамтамасыз ететін бөлімшелер қамтамасыз етеді.
Үшінші қорғаныс желісін Банктің ІБЖ тиімділігін аудиторлық тексерулер нәтижелерін пайдалана отырып тәуелсіз бағалау түрінде немесе ІБЖ тиімділігін жеке бағалау түрінде ішкі аудит бөлімшесі қамтамасыз етеді.
Ішкі бақылау бөлімшесі ҚР заңнамасының талаптарына және Банктің ішкі нормативтік құжаттарына сәйкес Банк қызметкерлеріне ішкі бақылау мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетеді.
Ішкі бақылау бөлімшесі жыл сайын Банктің барлық қызметкерлеріне ІБЖ бойынша ішкі оқыту өткізіп, кейіннен тестілеу жүргізеді.
ІБЖ-ны мониторингтеу және құжаттандыру бойынша жұмыстар шеңберінде ішкі бақылау бөлімшесі жұмыс жоспарына/басшылықтың тапсырмасына сәйкес Банктің бизнес-процестеріне іріктемелі тексерулер жүргізеді, оның ішінде процестерде сәйкестендірілген тәуекелдердің алдын алатын немесе оларды анықтайтын ішкі бақылаулар дизайнының барабарлығын диагностикалау, сондай-ақ бақылаулардың операциялық тиімділігін тестілеу қамтылады.
2025 жылы бөлімше мынадай процестерге тексеру жүргізді:
- «Банктің активтері мен пассивтерін басқару»;
- «Наурыз бағдарламасы бойынша тұрғын үйді өткізу»;
- «Кредиттеу» (Банктің жазбаша хабарламасы бойынша кепілдегі жылжымайтын мүліктен ауыртпалықты алып тастау бойынша әрекеттер жасалатын пост-кредиттік қызмет көрсету процестері);
- «ҚР Ұлттық қорынан нысаналы жинақ төлемдерін алушыларға беру».
Процестердегі бақылауларды диагностикалау/тестілеу қорытындысы бойынша бақылау рәсімдерін регламенттеу қажеттілігі, ішінара тиімді дизайны бар бақылаулардың болуы, қолмен орындалатын бақылаулар үлесінің мәнді болуы сияқты анықталған жайттар болды, бұл бақылауларды/процестерді автоматтандыру қажеттілігін туындатады. Процестердегі бақылауларды жетілдіру мақсатында процестерді регламенттеуді/автоматтандыруды/оңтайландыруды пысықтау бойынша ұсынымдар әзірленді. Банктің Тәуекелдер жөніндегі комитеті жүргізілген тексерулер бойынша есептерді қарады, анықталған кемшіліктерді жою бойынша түзету әрекеттерінің жоспарларын бекітті. Банктің жауапты құрылымдық бөлімшелері бұзушылықтарды жою, түзету әрекеттері жоспарларының іс-шараларын орындау бойынша жұмыстар жүргізуде.
Барлық қорғаныс желілерінің қатысушылары болып табылатын құрылымдық бөлімшелер - бизнес-процестердің иелері жыл сайын өз процестеріндегі тәуекелдерді сәйкестендіру және бағалау, сондай-ақ сәйкестендірілген тәуекелдерді жұмсартатын ішкі бақылаулар дизайнының барабарлығына өзін-өзі бағалау жүргізеді. Өзін-өзі бағалау нәтижелері Банктің бизнес-процестер, тәуекелдер және бақылаулар матрицасында (бұдан әрі - Матрица) көрсетіледі. Бизнес-иелердің өзін-өзі бағалауын қамтитын алдағы есепті жылға арналған Матрица ішкі бақылау бөлімшесінің үйлестіру және әдіснамалық қолдауымен процестер иелері тарапынан өзектендіріледі және Басқарма бекітеді. Қажет болған жағдайда бизнес-процестердің иелері процестердегі ішкі бақылау кемшіліктерін жою бойынша іс-шаралар жоспарларын әзірлейді және оларды Банктің уәкілетті органдары бекітеді.
Банктің ішкі бақылау жүйесіне (ІБЖ) мониторинг тұрақты негізде бірінші және екінші қорғаныс желілері, сондай-ақ Банк Басқармасы тарапынан жүргізіледі. Ішкі бақылаудың маңызды кемшіліктері Банктің Директорлар кеңесінің назарына жеткізіледі.