- Басты бет
- /
- Ұлттық даму институты мәртебесіндегі қызмет
Ұлттық даму институты мәртебесіндегі қызмет
Азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асырудағы маңызды қадамдардың бірі Отбасы банкке ұлттық даму институты мәртебесін беру болды. 2025 жылғы 24 мамырдан бастап «Отбасы банк» АҚ тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу, сондай-ақ кезекте тұрған азаматтардың бірыңғай базасын жүргізу және әкімшілендіру функцияларын атқарады. Осы жұмыс барысында бұрын жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктердің) есебінде тұрған азаматтар туралы мәліметтер тексеріліп, өзектендіріледі, анықталған сәйкессіздіктер мен қайталанатын жазбалар жойылады, сондай-ақ алдыңғы жылдары жинақталған олқылықтар толықтырылады.
Кезекте тұрған азаматтардың «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» (ТҮҚО) электрондық дерекқоры 14 мемлекеттік ақпараттық жүйемен және дерекқормен интеграцияланған. Бұл мәліметтерді автоматтандырылған режимде түгендеуге, отбасының цифрлық портретін қалыптастыруға, ақпараттың өзектілігін сақтауға және тұрғын үй беру кезектілігінің ашық әрі әділ тәртібін қалыптастыруға ықпал етеді.
Банк тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу функцияларын атқара бастаған сәттен бастап кезекке тұруға бастапқы сұраныстың жоғары болғаны байқалды. Мәселен, 2025 жылғы 24-31 мамыр аралығында 176 664 адам тіркелді. Маусым айында жаңа өтініш берушілер саны 81 317 адамға дейін төмендеді, ал кейінгі айларда өтініштер динамикасы тұрақтанып, орта есеппен айына 15 мың азаматқа дейін болды. Кезекте тұрған азаматтар санының негізгі өсімі 2025 жылғы мамыр-маусым айларына тиесілі: аталған кезеңде 257 981 азамат кезекке қабылданды.
2025 жылы ТҮҚО іске қосылған сәттен бастап тұрғын үйге мұқтаждар ретінде 367 953 азамат есепке алынды. Бұл динамика бастапқы кезеңдегі өтінімдердің негізгі көлемі халықтың бұрын толық ескерілмеген тұрғын үйге қажеттілігімен байланысты болғанын көрсетеді. Кейіннен есепке алу процесі тұрақты әрі болжамды қалыпқа түсті.
2025 жылғы 13 тамызда тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған және бұрын жергілікті атқарушы органдарда тіркелген азаматтар туралы деректерді Банкке қабылдау-беру процесі аяқталды. ТҮҚО-ға 642 281 азамат туралы мәлімет көшірілді. Алайда берілген деректер ЖАО тарапынан белгіленген тәртіппен өзектендірілмегендіктен, мәліметтерді қосымша тексеру қажеттілігі туындады.
2025 жылғы қыркүйекте Банк Ақмола облысының Қосшы қаласында жалға берілетін тұрғын үйді пилоттық режимде бөлді. Пилоттық жобаны іске асыру кезекте тұрған азаматтар деректерінің сапасына байланысты бірқатар жүйелі проблемаларды анықтады. Соның ішінде тұрғын үйге нақты мұқтаждықтың болмауы, азаматтардың меншігінде тұрғын үйдің болуы, тұрғылықты жерінің өзгеруі, тұрғын үй алуға құқық беретін мәртебеден айырылу, сондай-ақ тұрғын үйді бөлуге қатысу құқығына әсер ететін өзге де мән-жайлар анықталды. Бұдан бөлек, сұраныс құрылымы мен қолда бар тұрғын үй қоры арасында сәйкессіздік байқалды: бөлінетін үйде алты адамнан асатын көпбалалы отбасыларға арналған ауданы 90 шаршы метрден жоғары пәтерлер болмаған.
Пилоттық жобаның нәтижелері кезекте тұрғандарға түгендеу жүргізу қажеттілігін растады. Тұрғын үйді бөлудің объективтілігін, ашықтығын және әділдігін қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылғы қазанда Банк ЖАО-дан алынған тарихи деректер негізінде есепте тұрған азаматтарға ауқымды түгендеу жүргізуге кірісті.
2025 жылғы 20 қазанда Банк жалға берілетін тұрғын үйді бөлудің жаңа механизмін де іске қосты. Бұл механизм тұрғын үй беру туралы түпкілікті шешім қабылдау үшін кезекте тұрғандардың дербес деректерін кейіннен жинауды және өңдеуді көздейді. Осы механизмді іске асыру барысында нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізуді талап ететін құқықтық реттеудің жекелеген мәселелері анықталды. Осылайша, Банктің бастамасы ретінде заңнамаға азаматтың бөлінген пәтер бойынша шешім қабылдау мерзімін бес жұмыс күні ішінде белгілеуді көздейтін өзгерістер енгізілді. Аталған норма 2025 жылғы желтоқсанда күшіне еніп, тұрғын үйді бөлу процесінің тиімділігін арттырды.
Түгендеу жүргізу барысында Банк азаматтармен ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді, оның ішінде рәсімнен өту қажеттілігі туралы телефон арқылы хабардар етті. Сонымен бірге бұрын ЖАО ұсынған байланыс деректерінің өзекті болмауына қатысты көптеген жағдайлар анықталды. Хабардар ету ауқымын кеңейту мақсатында аталған жұмысқа жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері тартылды.
Байланыс ақпаратын өзектендіру мәселесін шешу үшін Банк өзекті телефон нөмірлері қамтылған мобильді азаматтар базасымен интеграцияны қамтамасыз етті. Осы шараны іске асыру азаматтарды хабардар етуді қамтуын кеңейтіп, дербес деректерді жинауға және өңдеуге берілген келісімдер санын ұлғайтты, сондай-ақ түгендеу рәсімінен неғұрлым тиімді өтуге ықпал етті.
Осылайша, толық емес бір жыл ішінде Банк тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың толық әрі объективті дерекқорын қалыптастырды, бұл республикалық деңгейде тұрғын үйге қажеттілікті ашық және орталықтандырылған есепке алуды қамтамасыз етті.