Жылдық есеп 2024 Үй – арман емес, мақсат болған кезде

Сатып алулар

Банк тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылатын сатып алу рәсімдерінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге ұмтылады. Бұл ретте баға ұсыныстарын сұрату және ашық тендер тәсілдерімен сатып алуды ұйымдастыру және өткізу процестерін автоматтандыруды қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелер белсенді пайдаланылады.

Сатып алуды жүзеге асыру қағидаттарға негізделеді:

  1. сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау;
  2. сатып алу процесінің ашықтығы мен анықтығы;
  3. әлеуетті өнім берушілерге сатып алу процесіне қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру;
  4. әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестік;
  5. сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігі;
  6. сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу.

Банк мемлекет қатысатын көптеген кәсіпорындардан тауарлар мен қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады. Мұндай сатып алулар жеке-жеке аз мөлшерде болады және әдетте коммерциялық негізде жүзеге асырылады. Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді әлеуетті жеткізушілер үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес іріктеу критерийлері қолданылады.

2024 жылы өткізілген сатып алу рәсімдерінің қорытындысы бойынша 759 шарт жасалды. Жасалған шарттардың жалпы сомасы 13 278 584 мың теңгені (ҚҚС-сыз 12 080 052 мың теңге) құрады, игерілген баптар саны – 1 679. Өткізілген барлық сатып алулар бойынша қорытынды үнемдеу 386 648 мың теңгені құрады, алайда бұл үнемдеу Банктің қосымша қажеттіліктерін қанағаттандыра отырып, жыл ішінде қайта бөлінеді және қайта игеріледі. Бұл ретте есепті кезеңде сатып алулардағы жергілікті қамту үлесі 64,2 %-ды құрады (01.01.2025 жылға алынған есептер бойынша орындау көлемі 14 972 589,3 мың теңгені құрайды).