Жылдық есеп 2024 Үй – арман емес, мақсат болған кезде
Ерсаин Хамитов
«Отбасы банк» АҚ Директорлар кеңесінің Төрағасы

Директорлар кеңесі
Төрағасының үндеуі

Құрметті әріптестер, серіктестер мен клиенттер!

Сіздерге «Отбасы банк» АҚ жылдық есебін ұсынамыз, мұнда 2024 жылғы жұмыстың қорытындысымен және азаматтарымыздың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған жетістіктермен бөлісеміз.

Өткен жыл біз үшін дамудың маңызды кезеңі болды: біз жаңа цифрлық шешімдерді енгіздік, қолжетімді кредиттеуді кеңейттік және клиенттеріміздің сенімін одан әрі нығайттық. Тұрақты даму, ашықтық және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына назар аудара отырып, біз он мыңдаған отбасыларды қолжетімді шарттар бойынша өз үйлерін сатып алу мүмкіндігімен қамтамасыз етуді жалғастырамыз.

«Отбасы банк» АҚ миссиясы мынадай: Ұзақ мерзімді әл-ауқатты арттыра отырып, отбасыларды өз тұрғын үйімен қамтамасыз ету арқылы Отанға деген сезімін нығайтамыз.

Банк осы жауапты тапсырманы сәтті орындап жатыр деп санаймын.

Өткен жылы Банк Қазақстанның 71 452 тұрғынына қоныс тойын атап өтуге көмектесті. Банк клиенттері барлығы 1,3 трлн теңгеге қолжетімді кредиттер алды.

Сондай-ақ, Банк тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын тиімді іске асыруда. Оның аясында 9 004 кезекте тұрғандар тұрғын үй сатып алды. Олардың барлығы 2 % (ЖТСМ 2,0 %-дан 2,1 %-ға дейін) және 5 % (ЖТСМ 5,2 %-дан 5,8 %-ға дейін) мөлшерлемелері бойынша жеңілдікті қарыздар алды. Қаржыландыру сомасы 108,1 млрд теңгеден асты. Мемлекеттің қолдауының арқасында 1 және 2 топтағы 1 212 мүгедек, 1 392 көпбалалы отбасы, 946 мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасы, «жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша тұрғын үйге кезекте тұрған 351 қазақстандық өз үйлерінде тұрады.

Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау шеңберінде 50 % мөлшерінде жалдау төлемдерін субсидиялау түріндегі көмекті 10 мыңнан астам адам алды. Бұл 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көп балалы отбасылар және «жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтар.

2024 жылы Отбасы банк ауылға назар аударды. Маусым айында «Асыл мекен» пилоттық жобасы басталды. Оның шеңберінде ауылдық елді мекендерден тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ жеке тұрғын үй салуға, оның ішінде жер учаскесін сатып алуға қарыз алуға болады. «Асыл мекен» бағдарламасын іске асыруға Банк өз қаражатынан 2 млрд теңге бөлді. 208 ауыл тұрғыны қоныс тойларын атап өтті.

Осылайша, Банк 2024 жылы қазақстандық ипотеканың жалпы үлесінің 55 %-ын берді.

Қазақстандықтардың тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне деген сенімі жылдан жылға артып келеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Банкте 2 871 115 депозит жұмыс істейді. 660 147 қазақстандық жаңа шоттар ашты. Банктің жалпы депозиттік портфелі 2 423 853 млн теңгеге тең.

Moody’s Investors Service халықаралық рейтингтік агенттігі 2024 жылы Банктің ұлттық валютадағы депозиттер бойынша ұзақ мерзімді рейтингін Baa2 деңгейінен Baa1 деңгейіне дейін көтерді. Кредиттік қабілеттіліктің базалық бағасы (ВСА) және түзетілген ВСА ba2-ден ba1-ге дейін көтерілді. Қысқа мерзімді рейтинг расталды. Ұзақ мерзімді рейтинг бойынша болжам – «Тұрақты».

Fitch Ratings халықаралық агенттігі Отбасы банкінің ұлттық валютасындағы эмитенттің ұзақ мерзімді рейтингін «BBB» деңгейінде растады. Рейтинг бойынша болжам «Тұрақты». Fitch Ratings мәліметтері бойынша, Отбасы банктің капитал қоры жоғары, өтімділігі жақсы және кредиттер сапасы жақсы.

Жалпы, 2024 жыл Отбасы банкі үшін жаңа өнімдерді шығаруға, өз клиенттеріне сапалы қызмет көрсету үшін процестер мен қызметтерді жетілдіруге бағытталған бірқатар маңызды бастамалар жылы болды.