Жылдық есеп 2024 Үй – арман емес, мақсат болған кезде

Банк қызметкерлерін ынталандыру

2024 жылы Банк персоналмен жұмыс істеудің маңызды бағыттарының бірі болып табылатын және Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес нормалар мен кепілдіктердің сақталуын қамтамасыз ететін материалдық және материалдық емес уәждеме жүйесінің тиімділігін, ашықтығы мен теңгерімділігін арттыру саласындағы жұмысты жалғастырды. Жоғары білікті мамандарды тарту, персоналдың тартылуы мен қанағаттанушылығын арттыру, кадрлар айналымын төмендету және HR-брендті дамыту мақсатында Банк тұрақты негізде еңбек нарығы мен жалақы деңгейіне зерттеулер жүргізеді.

Банк қызметкерлеріне сыйлықақы берудің бекітілген жүйесі әрбір қызметкер қызметінің нәтижелерінің тиімділігін және оның Банк қызметінің нәтижесіне қосқан жеке үлесін ескереді. Персоналды ынталандыру жүйесі жоғары өндірістік нәтижелерге қол жеткізуге және еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған. Еңбек нәтижелері бойынша сыйлықақылардан басқа, Банк қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелеріне сыйлықақы төленеді.

Сондай-ақ Банкте қызметкерлердің және құрылымдық бөлімшелердің моральдық көтермелеу жүйесі жұмыс істейді, ол қызметкердің алғыс жариялау, құрмет грамотасымен марапаттау, Банктің Құрмет кітабына енгізу, сондай-ақ мемлекеттік наградалар мен атақтарға ұсыну түріндегі жеке еңбегін тануды қамтиды. Қызметкерлерді және құрылымдық бөлімшелерді моральдық көтермелеу қағидаларына сәйкес жыл сайын Банктің Орталық аппаратының филиалдары мен құрылымдық бөлімшелерінің үздік қызметкерлері айқындалады.