ТҰРАҚТЫ ДАМУ ТУРАЛЫ ЕСЕП 2024 Үй – арман емес, мақсат болған кезде

Сыйақы

Банктің басшы қызметкерлеріне еңбекақы төлеу және сыйақы беру саясатының мақсаты орындалатын жұмыстың күрделілігі мен көлеміне, атқаратын лауазымына және Банк міндеттерін орындауға жеке салымына қарай әділ сыйақымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін адал, тиімді және сапалы еңбекті ынталандыру болып табылады.

Банктің Директорлар кеңесінің мүшелеріне – Жалғыз акционер – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ өкілдеріне сыйақылар мен сыйлықақылар төленбейді. Тәуелсіз директорларға – Банктің Директорлар кеңесінің мүшелеріне сыйақылар Банктің Директорлар кеңесі туралы Ережеге сәйкес белгіленеді.

Сыйақылардың мөлшері Тәуелсіз директордың тәжірибесі мен біліктілігін ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында және Банктің Жарғысында көзделген тәртіппен айқындалады.

Басқарма мүшелерінің бір жылдағы жұмыс қорытындылары бойынша сыйақы –Басқарма мүшелерінің еңбек тиімділігін ынталандыруға арналған, Қызметтің стратегиялық түйінді көрсеткіштеріне қол жеткізу нәтижелеріне және Банктің Директорлар кеңесінің шешімі бойынша қызметті бағалау нәтижелеріне байланысты төленетін сыйақы.

Басқарма мүшелерінің қызметін бағалау қызметтің негізгі көрсеткіштері (бұдан әрі – ҚНК) негізінде жүргізіледі, оның қорытындысы бойынша сыйақы төлеу жүзеге асырылуы мүмкін. Басқарма мүшелері қызметінің тиімділігін бағалау рәсімі мынадай кезеңдерден тұрады:

  1. ҚНК таңдау, мақсатты мәндерді қою, ҚНК карталарын жалғыз акционердің уәкілетті алқалы органымен келісу;
  2. ҚНК карталарын бекіту;
  3. Жалғыз акционердің уәкілетті алқалы органымен және Ішкі аудит департаментімен нақты нәтижелілікті есептеу және келісу;
  4. Банктің Директорлар кеңесінің Комитеттің ұсынымдары негізінде есепті жылдағы қызмет нәтижелері бойынша сыйақы төлеу/төлемеу туралы шешім қабылдауы.

2024 жылы тәуелсіз директорларға – Директорлар кеңесінің мүшелеріне төленген сыйақылардың мөлшері және Банк Басқармасының мүшелеріне төленген сыйақылар мен сыйлықақылардың мөлшері 338,8 млн теңгені құрады.