«Отбасы банкке» ұлттық даму институты ретінде 2025 жылдың қазан айынан бастап бүгінгі күнге дейін жергілікті әкімдіктер тұрғын үйді бөлу үшін 34 098 баспана ұсынды. Оның басым бөлігі қазақстандықтар арасында бөлініп үлгерді.
19 618 адам жалдамалы баспанамен қамтылды. Ал тағы 10 117 отбасы 2% және 5%* жеңілдетілген мөлшерлемемен өз баспанасына қол жеткізді. Осылайша, тұрғын үй мәселесінің шешімін жылдар бойы күткен 29 735 қазақстандық қоныс тойын тойлады.
Тұрғын үй түгендеуден (инвентаризациядан) өткен азаматтар арасында бөлінеді.
Инвентаризация не үшін қажет?
Инвентаризация – тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар туралы мәліметтерді тексеру және нақтылау рәсімі. Оның нәтижесінде азаматтың қазіргі мәртебесі, отбасы құрамы, тұрғын үйінің бар-жоғы туралы өзекті ақпарат қалыптасады.
Мемлекеттік тұрғын үйді тиімді бөлу үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға нақты қанша азамат мұқтаж екенін және олардың қай өңірлерде көбірек шоғырланғанын білу маңызды.
Бұл мәліметтер тұрғын үй құрылысын жоспарлау үшін де қажет. Олар қай өңірлерде тұрғын үйді көбірек салу керектігін алдын ала анықтауға және ресурстарды нақты қажеттілікке қарай тиімді бөлуге мүмкіндік береді.
2026 жылдың 14 қыркүйектен бастап не өзгерді?
Бұған дейін инвентаризация жүргізу үшін азаматтардан дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім алу қажет болатын. Азаматтардың бір бөлігі мұндай келісімді бермеді.
Қазіргі таңда тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтардың 63%-ы дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім беріп, инвентаризациядан өтті. Ал қалған азаматтардың деректері толық көлемде тексеріліп, жаңартылған жоқ. Бұл өз кезегінде тұрғын үйді бөлудің жылдамдығы мен тиімділігіне елеулі әсер етеді.
2026 жылдың 14 қыркүйегінен бастап «Отбасы банк» азаматтың немесе оның заңды өкілінің дербес деректерді жинауға және өңдеуге бөлек келісімін алмай-ақ инвентаризация жүргізе алады. Тиісті өзгерістер «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңға енгізілді.
Бұл жаңашылдық тұрғын үй көмегін нақты қажеттілікке қарай, жүйелі әрі атаулы түрде көрсетуге мүмкіндік береді.
14 қыркүйектен бастап кезекте тұрған азаматтарды тағы қандай өзгерістер күтеді?
1. Отбасы мүшелерінің құрамы кеңейтілді.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді отбасы мүшелеріне тек ерлі-зайыптылар мен олардың балалары ғана емес, ерлі-зайыптылардың ата-аналары, немерелері және қамқоршы ата-аналары да жатқызылуы мүмкін. Олар тараптардың өзара келісімі бойынша отбасы құрамына енгізіледі.
2. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды анықтау тәртібі нақтыланды.
Тұрғын үйге мұқтаждар қатарына меншігінде тұрғын үйі жоқ немесе жалғыз тұрғын үйдегі үлесі 50% және одан жоғары емес азаматтар және олардың отбасы мүшелері жатады.
Яғни азаматтың немесе оның отбасы мүшесінің меншігінде тұрғын үйдегі 50% немесе одан да көп үлесі болса, ол тұрғын үйге мұқтаждар есебіне тұра алмайды.
Бұл ретте аталған өзгерістер қазірдің өзінде тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған және тұрғын үйдегі 50% немесе одан да көп үлесі бар азаматтарға қолданылмайды.
3. Жетім балалардың құқықтары қосымша қорғалады.
Егер бала асырап алу, қорғаншылық немесе қамқоршылық тоқтатылған жағдайда, жетім балалар тұрғын үйге мұқтаждар есебіне алғаш қойылған бастапқы күнін сақтай алады. Яғни олар қайтадан есепке тұрған кезде кезекке қойылған алғашқы күні негізге алынады.
4. Тұрғын үйді бөлу кезінде пәтердің ауданы ғана емес, отбасы құрамы да ескеріледі.
Бұл өзгеріс кезекте тұрған азаматтарға отбасы құрамына сәйкес тұрғын үйді неғұрлым нақты әрі атаулы түрде ұсынуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін банк тұрғын үйді отбасының әрбір мүшесіне 15–18 шаршы метрден келетіндей есеппен бөлетін. Бұл қолданыстағы талаптарға сәйкес жүргізілді. Алайда іс жүзінде, әсіресе көпбалалы отбасылар үшін ауданы 90–100 шаршы метрден асатын пәтерлердің жеткіліксіздігіне байланысты жағдайлар туындады. Яғни азаматтың кезегі келгенімен, оған отбасы құрамына сәйкес келетін тұрғын үй болмауы мүмкін еді.
Енді тұрғын үйді бөлу кезінде отбасының құрамына сәйкес келетін бөлме саны ескеріледі.
Мысалы, төрт адамнан тұратын отбасыда – ата-анасы және екі ұл бала болса, оларға екі бөлмелі пәтер ұсынылуы мүмкін. Бұл жағдайда бір бөлме ұл балаларға, екінші бөлме ата-анасына арналған болады.
Егер осы отбасының екі баласы әртүрлі жынысты – ұл мен қыз болса, оларға үш бөлмелі пәтер ұсынылады. Бұл жағдайда балалардың әрқайсысына бөлек бөлме қарастырылады.
Тұрғын үй отбасының келісімімен ұсынылады. Бұл ретте тұрғын үйдің нақты шаршы метріне байлау болмайды.
5. Ауылдық елді мекендерде жалдамалы тұрғын үй өтініш беру арқылы бөлінеді.
Яғни ауылдық елді мекендерде тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтар жалдамалы тұрғын үйді өздері таңдап, оған өз бетінше өтініш бере алады.
* 2% – жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 2,0%-дан 2,1%-ға дейін; 5% – ЖТСМ 5,2%-дан 5,8%-ға дейін.
ХОТИТЕ УЗНАВАТЬ О НАШИХ АКЦИЯХ ПЕРВЫМИ?!