Бүгін Петропавл қаласында қуанышты оқиға. Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары көптен күткен пәтерлерінің кілтін алды. Олар 2% және 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген әлеуметтік тұрғын үйге қол жеткізді*. Бастапқы жарна бар болғаны 10%-ды құрады. Қоныс иелеріне арналған баспаналарәкімдік желісі бойынша салынған. Қолжетімді несиелерді «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы– «Отбасы банк» ұсынды.
Пәтер иелерінің қатарында көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар, жесірлер, сондай-ақ «жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар бар. Олардың барлығы ұзақ жылдар бойы қолжетімді шарттармен жеке баспана алуды күткен.
Жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова табыстады.
– Бүгін біз 32 отбасын қоныс тойымен құттықтаймыз. Бұл 32 отбасы үшін көптен күткен қуанышты сәт. Әр шаңырақ шаттыққа, жылулыққа және жайлылыққа толы болып, үйлеріңізде әрдайым сәби күлкісі естілсін. Өз баспанаңның болуы – ертеңге деген сенім және әр отбасы өміріндегі жаңа кезең. Өңір әкімдігімен бірлескен жұмыс нәтижесінде 665 кезекте тұрған азамат осындай сенімге ие болады деп жоспарлануда. Ұлттық даму институты ретінде біз қазіргі таңда кезекте тұрған азаматтарға тұрғын үйді белсенді түрде үлестіріп жатырмыз. Жалпы алғанда, Петропавл қаласы мен аудандарда 489 несиелік пәтер және 156 жалдамалы тұрғын үй берілетін болады, – деп атап өтті «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Жалпы, 2019 жылдан бері мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында Солтүстік Қазақстан облысында 3 134 азамат баспана мәселесін шешті. Оларға 25,9 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несиелер берілді.
Мемлекеттік бағдарламалармен қатар, азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешуге «Отбасы банктің» «Корпоративтік» өнімі де көмектесуде. Бүгін банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова С.М. Киров атындағы зауыт және Петропавл ликер-арақ зауыты (ПЛВЗ) басшылығымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Алдағы уақытта кәсіпорындар осы корпоративтік өнімді жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл өнім жұмыс берушінің қатысуымен зауыт қызметкерлеріне жеңілдетілген шарттармен тұрғын үй несиесін алуға мүмкіндік береді.
Өңірде сәтті жүзеге асқан «Корпоративтік» өнім бағдарламасы да бар. Жұмыс беруші – «Петропавл электротехникалық зауыты» ЖШС – өз қызметкерлерінің бастапқы жарнасына қаражат бөлді. Бұл қаражат «Отбасы банкіндегі» депозиттерге аударылды. Қазіргі таңда банк тұрғын үй сатып алуға 7%** мөлшерлемемен несие беруді бастады. Қоныс иелерінің бірі жақында баспаналы болып, Отбасы банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованы қонаққа шақырды.
– Мен өз баспанама қол жеткізгеніме өте қуаныштымын. Корпоративтік өнімнің шарттары өте қолайлы екен. Жұмыс берушім бастапқы жарна төлеуге көмектесті. Соның арқасында мен жинақсыз-ақ «Отбасы банктен» несие алып, жаңа үйге кірдім. Енді несиені төлеймін, ай сайынғы төлемдер отбасымыз үшін қолжетімді. Пәтерім кең. Осындай мүмкіндік үшін «Отбасы банкке» алғысымды білдіремін, – деді Бейбiт Ыбраев.
Банк басшысының жұмыс сапары Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы ұжымымен кездесумен аяқталды. Кездесу барысында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, өңір тұрғындары үшін қолжетімді тұрғын үй құралдарын одан әрі дамыту жоспарлары талқыланды.
*2% - ЖТСМ 2,0% бастап 2,1% дейін;
5% - ЖТСМ 5,2% бастап 5,8% дейін
**7% - ЖТСМ 7,3%-дан 10,7%-ға дейін
ХОТИТЕ УЗНАВАТЬ О НАШИХ АКЦИЯХ ПЕРВЫМИ?!