Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен «Отбасы банк» («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) университет қызметкерлеріне арналған тұрғын үй бағдарламасын іске қосу туралы келісімге қол қойды. Енді оқытушылар мен ғалымдар өз жұмыс берушісінің қолдауы арқасында баспана мәселесін шеше алады.
Ынтымақтастық аясында университет қызметкерлерге несие (ссуда) бөледі. Оның мөлшері әр қызметкер үшін 6 млн теңгеге дейін жетеді. Кейін қызметкер бұл соманы өз жинақтарымен толықтырып, аралық қарыз рәсімдей алады. «Корпоративтік» өнімі шеңберінде қарыздың бұл түрін бағалау көрсеткішінсіз-ақ алуға болатыны маңызды. Бұл күту уақытын қысқартуға және қоныс тойын жақындатуға мүмкіндік береді.
Қарыздың максималды сомасы - 40 млн теңге, пайыздық мөлшерлемесі - 7%-дан басталады (ЖТСМ 7,3%-дан 9,6%-ға дейін).
«Жоба ЕҰУ-дың 30 жылдығына орайластырылған және бұл Астанадағы жоғары оқу орындары арасындағы алғашқы шешім болмақ. Әрбір мықты университеттің артында адамдар - күн сайын өз білімі мен күш-жігерін білім мен ғылымды дамытуға жұмсайтын оқытушылар, ғалымдар, зерттеушілер мен мамандар тұр. Олар үшін меншікті баспана - ертеңгі күнге деген сенімділік пен отбасыларының әл-ауқатының маңызды құрамдас бөлігі. Біздің бірлескен жобамыз қоныс тойын тездетуге, қолжетімді қарыз алуға көмектеседі. Университет қызметкерлері Астанадағы бастапқы (жаңа) нарықтан да, қайталама нарықтан да пәтер сатып ала алады. Бағдарламаны ЕҰУ-дың 30-дан астам қызметкері пайдаланады деп жоспарлануда», - деп атап өтті «Отбасы банк» Басқарушы директоры – Орталық филиалының директоры Жанар Ізімбетова.
Корпоративтік өнім аясында бүкіл ел бойынша кәсіпорындар мен зауыттардың мыңнан астам қызметкері қоныс тойын тойлап үлгерді. «Отбасы банк» бұл өнімді 2019 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. Ол кәсіпорындарға жұмыс берушінің өз қаражаты және банктің жеңілдікті несиесі есебінен қызметкерлердің баспана сатып алуына қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда «Отбасы банк» пен кәсіпорындар арасында корпоративтік өнім аясында жалпы сомасы 5,3 млрд теңгеге 25 келісім жасалды. Оның ішінде 4,8 млрд теңгені кәсіпорындар, тағы 540 млн теңгені «Отбасы банк» ұсынды.
«Корпоративтік» өнімінің көмегімен «Қаражанбасмұнай» АҚ, Eurasian Resources Group (ERG) компаниялар тобының, атап айтқанда «Шұбаркөл көмір» АҚ, «Еуроазиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ, «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ, «ТҰК «Қазхром»» АҚ, «Қазақстан Алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «ERG Service» ЖШС, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті» КЕАҚ қызметкерлері, медициналық және құрылыс компаниялары және т.б. баспана сатып ала алды.
ХОТИТЕ УЗНАВАТЬ О НАШИХ АКЦИЯХ ПЕРВЫМИ?!