Шрифт көлемі:
Сайттың түсі:
Дауыстық көмекші
Sustainable Fitch Отбасы банктің тұрақты даму рейтингін растады

Sustainable Fitch Отбасы банктің тұрақты даму рейтингін растады

25 қараша 2026

Отбасы банктің («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) ESG рейтингі «3» деңгейінде расталды. Сондай-ақ Sustainable Fitch халықаралық агенттігі екінші жыл қатарынан ұйымның бағасын 60 балл деңгейінде сақтап отыр. 2024 жылы бұл көрсеткіш 55 баллды құраған болатын.

Рейтинг пен бағаның расталуы банктің әлеуметтік бағдарламаларды табысты дамытып, өз қызметіне тұрақты даму қағидаттарын енгізіп, ESG бастамалары туралы ақпаратты ашық жариялап отырғанын көрсетеді.

Sustainable Fitch агенттігі бүгінде Қазақстанның мемлекеттік тұрғын үй саясатын іске асыруда маңызды рөл атқаратын Отбасы банк қызметінің елеулі әлеуметтік әсерін атап өтті.

Қазіргі таңда Отбасы банк – ұлттық даму институты. Жаңа мәртебеде банк өзінің IT-командасының күшімен тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою және тұрғын үйді бөлу бойынша негізгі процестерді цифрландырып, автоматтандырды, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияны қамтамасыз етті және orken.otbasybank.kz цифрлық платформасын іске қосты.

Автоматтандыру нәтижесінде бөлінген жалдамалы пәтерлердің саны бірнеше есе артты. Даму институты ретінде Отбасы банк 26 455 тұрғын үйді бөліп үлгерді. Бұдан бөлек, 2% және 5%* мөлшерлемелері бойынша берілетін жеңілдетілген қарыздардың көмегімен тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған тағы 9 718 азамат қоныс тойын атап өтті.

Қоныс тойын тойлағандардың қатарында мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар, көпбалалы отбасылар, сондай-ақ жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша есепте тұрған қазақстандықтар бар.

– Жыл соңына дейін тұрғын үйге аса мұқтаж тағы 3 827 қазақстандық жеке пәтерлерімен қамтамасыз етіледі. Осылайша, тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған 40 000 азамат қоныс тойын тойлайды. Олардың отбасы мүшелерін қоса есептегенде, 160 мыңға жуық қазақстандық өзінің жылы әрі жайлы баспанасында тұратын болады. Бұл көрсеткіш Талдықорған немесе Көкшетау сияқты тұтас бір қаланың халқымен шамалас. Біз үшін мүмкіндігінше көп отбасының өз баспанасына ие болуы, ал балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада өсіп-жетілуі маңызды, – деп атап өтті Отбасы банктің Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Sustainable Fitch бағасы – Отбасы банктің алдағы қызметі үшін бағдар. Банктің жобалары БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізумен, атап айтқанда, теңсіздікті азайтумен, тұрақты қалаларды дамытумен және өмір сүру сапасын арттырумен тікелей байланысты. Банк қызметінде «жасыл ипотеканы» дамытуға және гендерлік теңдікті сақтауға ерекше мән беріледі. 2026 жылы Отбасы банк Азия даму банкімен бірлесіп «Ұмай» бағдарламасын қайта іске қосты. Бөлінген екі транш аясында (жалпы көлемі – 29 млрд теңге) 1 705 өтінім қабылданды. Оның ішінде 1 323 өтінім бойынша қарыз беруге оң шешім қабылданып, 600 қазақстандық әйел қоныс тойын атап өтті.

Сондай-ақ жақын арада «жасыл ипотека» бойынша өтінімдер қабылдау басталады. Өтінімдерді қабылдау күні туралы қазақстандықтарға қосымша хабарланады.

Жалпы, Азия даму банкімен ынтымақтастық аясында «Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламаларын қаржыландыруға 90 млрд теңге қарастырылған.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы тұрғын үйлердің 80%-дан астамы энергияны көп тұтынады. Бұл олардың иелері жылу мен электр энергиясына көбірек шығын жұмсайды деген сөз.

«Жасыл ипотеканы» іске қосу және «жасыл» тұрғын үй сатып алу коммуналдық төлемдер бойынша шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл құрылыс нарығы үшін елімізде «жасыл» құрылысты дамытуға ынталандырушы фактор болмақ.

«Жасыл ипотекаға» қатысушылар бастапқы нарықтан дайын тұрғын үйді, сондай-ақ Қазақстан Тұрғын үй Компаниясының (ҚТК) кепілдігі бар немесе сақтандыру тетігі қолданылатын құрылыс кезеңіндегі тұрғын үйді сатып ала алады. Сонымен қатар қайталама нарықтан да пәтер сатып алуға мүмкіндік беріледі. Бұл ретте пәтер сатып алынатын тұрғын үйлер құрылыстың «жасыл стандартына» сәйкес келуі және OMIR сертификатына (күміс, алтын немесе платина деңгейіндегі) ие болуы тиіс.

«Жасыл» тұрғын үй сатып алу үшін банк пәтер құнының 80%-ына дейінгі мөлшерде қарыз береді. Қалған 20%-ын қарыз алушы бастапқы жарна ретінде жылжымайтын мүлікті сатушыға өзі аударуы тиіс.

Азия даму банкімен ынтымақтастық аясында «Жасыл ипотека» бойынша өтінімдерді қабылдау күні туралы банк өз салымшыларына қосымша хабарлайды.

Қазақстанда «Жасыл ипотеканы» алғаш рет Отбасы банк 2023 жылы іске қосты. Сол кезде банк бағдарламаны қаржыландыруға өз қаражатын бөлген болатын. Жоба Астана, Алматы, Шымкент, Қосшы, Түркістан қалаларын, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Алматы және Ақтөбе облыстарын қамтыды. Жалпы сомасы 46,2 млрд теңгеге 1 827 қарыз берілді.

Sustainable Fitch агенттігі 2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша Отбасы банктің кредиттік портфеліндегі «жасыл» ипотекалық қарыздардың үлесі 1,1%-ды құрағанын атап өтті. Агенттіктің есебінде банктің әлеуметтік бейіні қызметкерлер арасындағы гендерлік теңгеріммен сипатталатыны да көрсетілген: әйелдердің үлесі қызметкерлердің жалпы санының 59,3%-ын құрайды.

*2% – ЖТСМ 2,01%-дан 2,11%-ға дейін.
5% – ЖТСМ 5,27%-дан 5,76%-ға дейін.

Бұл туралы бөлісіңіз:

Дауыстық көмекші

сайтта дауыстық көмекшісі бар
мәтінді таңдап дыбыс деңгейі түймесін басу керек

ХОТИТЕ УЗНАВАТЬ О НАШИХ АКЦИЯХ ПЕРВЫМИ?!

Қоңырауға тапсырыс беру