Шрифт көлемі:
Сайттың түсі:
Дауыстық көмекші
Отбасы банк «Наурыз 2026» бағдарламасына қатысушылардың тізімін жариялады

Отбасы банк «Наурыз 2026» бағдарламасына қатысушылардың тізімін жариялады

6 сәуір 2026

Сүйінші! Бүгін көптен күткен жаңалықты Отбасы банктің 16 000 салымшысы естіді. Олар «Наурыз 2026» бағдарламасына қатысушылардың тізіміне енді.

Өтініш берушілердің толық тізімі «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – Отбасы банктің ресми сайтында "Наурыз" бағдарламасына қатысу қорытындылары жарияланды.

Жалпы 26 822 өтініш қабылданды.

Енді «Наурыз 2026» бағдарламасына қатысушылар тізіміне енген қазақстандықтар 2026 жылдың 6 сәуірі мен 2026 жылдың 12 мамыры аралығында (қоса алғанда) Отбасы банкте несиеге өтінім беруі қажет.

Егер олардың несиесі мақұлданса, 6 ай ішінде өздеріне баспана тауып, сатып алу мүмкіндігі беріледі.

«Наурыз» бағдарламасының қатысушылары еліміздің жастары. Олардың орташа жасы – 32. Көбінің тұрақты табысы бар, алайда баспана мәселесі әлі шешілмеген. Қатысушылардың басым бөлігі – отбасылы, балалары бар азаматтар. Мысалы, шамамен 16 000 қатысушының 9 296-сының баласы бар, ал 7 569-ы некеде тұр.

Сонымен қатар, бағдарлама қатысушыларының жартысынан көбі, яғни 8 690 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың ішінде 2 689 азамат халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады. Оларға баспана мәселесін өз бетінше шешу әсіресе қиын.

Сондықтан олар тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің мүмкіндіктерін белсенді пайдаланып, алдын ала қаражат жинай бастаған. Қазіргі таңда олардың шоттарында кемінде 2 млн теңге жинақталған. «Наурыз» бағдарламасы арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар жылдық 7% мөлшерлемемен несие алып, өз баспанасын сатып ала алады.

Биыл ең жоғары ұпай – 1 284,67 – алматылық Жанар Омарова жинады. Ол Отбасы банкте 2013 жылдан бері қаражат жинап келеді. Жанардың жинақ жасау барысында қатаң ұстанған қарапайым ережесі болған.

– Таңертең өте қуанышты жаңалық алдым. Мен Алматыдан үш бөлмелі пәтер алуды армандаймын және осы мақсатқа көптен бері келе жатырмын. Маған қаржылық тәртіп көмектесті. Жалақы алған сайын, ең алдымен Отбасы банктегі депозитіме ақша салып отырдым. Ай сайын 50 мың теңгеден аударып тұрдым. Бір де бір рет ай сайынғы толықтыруды өткізіп алған жоқпын. Дәл осы тұрақтылық маған қомақты қаражат жинап, қатысушылар тізіміне өтуге көмектесті, – деп бөлісті «Наурыз» бағдарламасының қатысушысы Жанар Омарова.

Өтініштерді қабылдау «Наурыз» бағдарламасына қазақстандықтардың алдын ала әрі саналы түрде дайындала бастағанын көрсетті. Олар жинақ шоттарын белсенді түрде толықтырып, депозит бойынша сыйақы жинаған. Себебі ең көп балл дәл осы сыйақы үшін беріледі. Биыл бағдарлама қатысушыларының орташа жинақ сомасы 4,3 млн теңге болды.

Дәл ең ұқыпты, тұрақты түрде ақша жинаған салымшылардың «Наурыз» бағдарламасына қатысушылар тізіміне ену мүмкіндігі жоғары болды.

Балдар қалай есептеледі?

  • депозит бойынша сыйақы мөлшері – әр 1 000 теңгеге 1 балл;
  • тіркелген некенің болуы – 5 балл;
  • баланың болуы – 10 балл (балалар санына қарамастан);
  • халықтың әлеуметтік осал топтарына (ӘОТ) жату – 10 балл;
  • жасы 35-ке дейін (қоса алғанда) – 5 балл.

Мысалы, 1 000 балл жинау үшін Отбасы банктегі депозит бойынша 1 млн теңге көлемінде сыйақы жинау қажет. Сол сияқты, 500 мың теңге сыйақы үшін – 500 балл, ал 200 мың теңге сыйақы үшін – 200 балл беріледі.

Сыйақы мөлшері өз кезегінде депозиттегі қаражат көлеміне, оны қаншалықты жиі (белсенді) толықтыруға және жинақ шотының ашылған мерзіміне байланысты. Салымшы депозитті неғұрлым ертерек ашып, оны жиі әрі көбірек толықтырса, соғұрлым тез және көп сыйақы жинайды.

Маңыздысы – өтінімдер тек бағдарламаға қатысуға өтініш бергендер арасында ғана салыстырылады. Отбасы банк қандай балл ең жоғары немесе ең төмен екенін өзі белгілемейді – бұл процесті автоматтандырылған жүйе жүзеге асырады. Жүйе қатысушыларды жинаған балдарына қарай жоғарыдан төменге қарай ретімен орналастырады.

«Наурыз» бағдарламасына өту мүмкіндігін қалай арттыруға болады? Отбасы банктің кеңестері:

  1. «Отбасылық пакет» аясында жинақтау.
    Бұл – баспана үшін бүкіл отбасы бірге ақша жинайды деген сөз. Әр отбасы мүшесі өз атына депозит ашады, оны тұрақты түрде толықтырады, ал өтінім берер алдында барлық шоттар бір депозитке біріктіріледі.
  2. Депозитті тұрақты түрде толықтырып отыру.
    Айына бір рет қана емес, мүмкіндігінше бірнеше рет ақша салып отыру керек - қаржы мүмкіндік берген сайын толықтырған дұрыс.
  3. Зейнетақы артық қаражатын пайдалану.
    Зейнетақы шотын үнемі тексеріп отыру қажет. Егер онда жеткіліктілік шегінен асқан қаражат болса, оны депозитке аударуға болады.

«Наурыз» бағдарламасының шарттары:

  • бастапқы жарна — 10%-дан бастап;
  • несие мөлшерлемесі:
  • 7% (ЖТСМ 7,3%–8,9%) — әлеуметтік осал топтар мен кезекте тұрғандар үшін;
  • 9% (ЖТСМ 9,3%–11,8%) — барлық басқа азаматтар үшін;
  • несие мерзімі — 19 жылға дейін.

Тұрғын үй сатып алу шарттары:

  • бастапқы нарықтағы тұрғын үй (соның ішінде үлестік қатысу, ҚТҮК кепілдігімен және сақтандырумен);
  • екінші нарықтағы тұрғын үй — тек моноқалалар мен ауылдық жерлерде (жылдық бөлінген қаражаттың 30%-ынан аспайды).

Несие сомасының ең жоғары мөлшері:

  • Алматы мен Астанада — 36 млн теңгеге дейін;
  • басқа өңірлерде — 30 млн теңгеге дейін.

Пәтерді Баспана маркет (otbasybank.kz) порталында таңдап, брондап және сатып алуға болады. Бұл бағдарлама іске қосылған кезде тұрғын үй бағасының жасанды өсуіне жол бермеу үшін жасалған.

Бұл туралы бөлісіңіз:

Дауыстық көмекші

сайтта дауыстық көмекшісі бар
мәтінді таңдап дыбыс деңгейі түймесін басу керек

ХОТИТЕ УЗНАВАТЬ О НАШИХ АКЦИЯХ ПЕРВЫМИ?!

Қоңырауға тапсырыс беру