Шрифт көлемі:
Сайттың түсі:
Дауыстық көмекші
Балаға баспана мен білім алуға қалай қаражат жинауға болады: «Отбасы банкі» балаларды қолдаудың тиімді құралдары туралы айтып берді

Балаға баспана мен білім алуға қалай қаражат жинауға болады: «Отбасы банкі» балаларды қолдаудың тиімді құралдары туралы айтып берді

26 тамыз 2026

Бүгінде Қазақстанның әрбір баласында бұрын болмаған мүмкіндіктер бар. Мемлекеттен берілетін бастапқы капитал және Ұлттық қордан түсетін қаражат. Балаға берілетін бұл қаражат уақыт өте келе бірнеше миллион теңгеге дейін өсіп, оның білім алуына немесе жеке баспанасын сатып алуына жұмсалуы мүмкін. Ата-аналар үшін басты артықшылығы – жинақты нөлден бастаудың қажеті жоқ. Себебі алғашқы қадамды мемлекет жасап қойды.

Баланың болашағына капитал жинауға «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы, «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі және «AQYL» білім беру депозиті көмектеседі. «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – «Отбасы банкі» жинақтарды тиімді сақтап, оларды болашақта білім алуға немесе тұрғын үй сатып алуға жұмсау үшін көбейтуге мүмкіндік береді.

Алғашқы капитал қазірдің өзінде бар

2024 жылдан бастап Қазақстанның әрбір баласына Ұлттық қордан инвестициялық табыстың бір бөлігі аударылады. Бағдарламаға үш жыл қатарынан қатысып келе жатқан балалардың шотында қазірдің өзінде 370,56 АҚШ доллары жинақталды. 18 жасқа толған қазақстандықтар бұл қаражатты бірден пайдалана алады. Оны тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуға төлеуге жұмсауға болады.

Жинақ сомасы әзірге салыстырмалы түрде аз. Сондықтан қазақстандықтардың басым бөлігі бұл қаражатты бастапқы капитал ретінде пайдаланып, әрі қарай жинақтарын жалғастырып, «Отбасы банкіндегі» депозиттерін толықтырады. Мұны қазірдің өзінде 198 949 жасөспірім жасады. Үш жыл ішінде олар Ұлттық қордан түскен 19,5 млрд теңгені жинақ шоттарына бағыттаған.

Олардың барлығы қаржылық сауаттылықтың негізгі қағидатын жақсы түсінеді: ақша қозғалыста болуы керек. Өйткені кәмелетке толғаннан кейін қаражат БЖЗҚ-дағы нысаналы шотта қала берсе, оған қосымша табыс есептелмейді. Ал егер ақша 10 жыл ішінде пайдаланылмаса, ол шот иесінің зейнетақы шотына аударылады.

Ұлттық қордан түскен жинақ «Отбасы» банкіндегі азаматтарға қалай жұмыс істейді:

  • жинаққа банктің 2% мөлшеріндегі сыйақысы және 200 АЕК-тен аспайтын сомаға 20% мөлшерінде мемлекеттік сыйлықақы есептеледі. Мемлекеттік сыйлықақыны ескергенде, депозит бойынша ЖТСМ 14%-ға дейін жетеді;
  • қаражатты тұрақты түрде жинақтау арқылы жылдық 3,5%-дан 8,5%-ға дейінгі мөлшерлемемен тұрғын үй заемын алуға болады.*
  • бастапқы жарнасы мен мөлшерлемесі төмендетілген тұрғын үй бағдарламаларына, оның ішінде «Наурыз» бағдарламасына қатысу мүмкіндігі артады;
  • депозитті тұрақты толықтырып отыру табысты растаусыз тұрғын үй заемын алуға мүмкіндік береді.

Бүгінде Ұлттық қордан түскен қаражатты Otbasy bank мобильді қосымшасы арқылы бірнеше қадаммен алуға болады. Алдағы күндері бұл процесс жасанды интеллект агентін енгізу арқылы одан әрі жеделдетіледі. Жасанды интеллект құжаттарды автоматты түрде тексеріп, өтінімді қарау уақытын бір минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

«Келешек» бағдарламасы бойынша «Отбасы» банкіндегі балалардың шоттарына 8,2 млрд теңге аударылды

Өткен жылдан бастап Қазақстанда «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі жұмыс істейді. Бағдарлама аясында мемлекет бес жасқа толған балаларға бастапқы білім беру капиталын береді. Бұл қаражат «AQYL» білім беру депозиттеріне аударылып, баланың болашақтағы біліміне арналған алғашқы жинағына айналады.

«Отбасы банкі» арқылы мұндай мемлекеттік қолдауды қазірдің өзінде 35 070 қазақстандық бала алды. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың жалпы сомасы 8,2 млрд теңгені құрады.

Алдағы күндері мемлекеттік қолдау алатын балалардың саны тағы да артады. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында бес жасқа толған 15 085 баланың шотына бастапқы білім беру капиталы аударылады. Олардың «Отбасы банкіндегі» білім беру депозиттеріне 3,9 млрд теңге түседі. Ал 2026 жылдың екінші жартыжылдығында бес жасқа толатын балаларға қаражат 2027 жылғы ақпанда аударылады.

Осылайша, 2026 жылдың қорытындысы бойынша 29 099 бала бастапқы білім беру капиталын алады. Мемлекеттік қолдаудың жалпы сомасы 7,5 млрд теңгені құрайды.

Старттық капиталды мемлекеттен сақтап қалу үшін ата-аналар баласы кәмелетке толғанға дейін немесе білім беру ұйымына түскенге дейін «AQYL» депозитіне жыл сайын жарна салып отыруы қажет.

2026 жылы жылдық ең төменгі жарна 24 АЕК немесе 103 800 теңгені құрайды.

Әлеуметтік осал топтарға жататын балалар үшін бұл сома 12 АЕК немесе 51 900 теңге.

Ал жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың атына ашылған «AQYL» депозитіне міндетті жыл сайынғы жарна салу талап етілмейді.

«AQYL» депозитінде қаражат жинауға ата-аналарға мемлекет пен «Отбасы банкі» қолдау көрсетеді:

  • банк сыйақысы 13,84% мөлшерінде есептеледі (ЖТСМ – 14,75%-дан бастап);
  • мемлекеттік сыйлықақы: салымшылардың барлық санаты үшін – 5%. Ал жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүгедектігі бар балаларға, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға – 7%.

Мысал:

2026 жылы баласы бес жасқа толған отбасын алайық. Ата-анасы баласына «Отбасы банкінен» «AQYL» білім беру депозитін ашады. «Келешек» бағдарламасы аясында тамыз айында мемлекет баланың шотына 260 мың теңге мөлшерінде бастапқы білім беру капиталын аударады.

Мемлекеттік қолдау мұнымен аяқталмайды. Бала кәмелетке толғанға дейін ата-анасы депозитті жыл сайын міндетті жарна – 24 АЕК мөлшерінде толықтырып отырады. Жинаққа мемлекеттік сыйлықақы мен банктің сыйақысы да есептеледі.

Бала 18 жасқа толғанда білім беру депозитіндегі жинаққа «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша алған қаражатын қосуға болады. Осылайша, колледжге немесе университетке түсер кезде отбасының қолында бірнеше миллион теңге көлемінде капитал қалыптасады.

Егер бала грантқа оқуға түссе, жинақталған қаражатты іні-қарындастарына немесе сіңлілеріне беруіне, не болмаса қаражатты «Отбасы банкіндегі» депозитке аударып, баспана сатып алуға пайдалануға болады.

* 3,5% – ЖТСМ 3,6%-дан 4,4%-ға дейін, 8,5% – ЖТСМ 9%-дан 9,6%-ға дейін.

Бұл туралы бөлісіңіз:

Дауыстық көмекші

сайтта дауыстық көмекшісі бар
мәтінді таңдап дыбыс деңгейі түймесін басу керек

ХОТИТЕ УЗНАВАТЬ О НАШИХ АКЦИЯХ ПЕРВЫМИ?!

Қоңырауға тапсырыс беру