Қазақстанның басқа өңірлерінен Шығыс Қазақстан облысына қоныс аударған азаматтар тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдетілген ипотекаға үміткер бола алады. Отбасы банк («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп алғаш рет «Шығыс шақырады» атты өңірлік тұрғын үй бағдарламасын іске қосады. Жобаны қаржыландырудың алғашқы кезеңінде тараптар 100 млн теңгеден бөледі. Өтінімдерді қабылдау және қатысушыларды іріктеу келесі жылы басталып, оны облыс әкімдігі жүргізеді. Ал Отбасы банк қолжетімді тұрғын үй несиелерін беруге қолдау көрсетеді. Бағдарлама аясында бастапқы немесе қайталама нарықтан пәтер, Қазықстанның тұрғын үй компаниясының кепілдігі бар құрылыс сатысындағы тұрғын үй, сондай-ақ жеке тұрғын үй сатып алуға болады. Сатып алынатын жылжымайтын мүлік Шығыс Қазақстан облысының аумағында орналасуы тиіс.
Банк тарапынан алдын ала депозит ашып, бастапқы жарнаны жинақтауды бастау ұсынылады. Бастапқы жарна мөлшері 10 пайызды құрайды. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылына 5 пайыз болады (ЖТСМ 5,2–5,7% аралығында). Қарыздың ең жоғары сомасы – 20 млн теңге. Бағдарламаға өтінімді ерлі-зайыптылардың тек біреуі ғана бере алады.
Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптар: өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде Шығыс Қазақстан облысының аумағында меншігінде немесе жалға алынған (сатып алу құқығымен немесе онсыз) тұрғын үйі болмауы тиіс. Ерекше жағдай ретінде апатты деп танылған жалғыз тұрғын үй есепке алынбайды. Сонымен қатар өтініш берушінің соңғы 6 ай ішінде ресми еңбек табысы болуы қажет, ал кәсіпкерлер үшін бұл талап соңғы 12 айды қамтиды.
«Шығыс шақырады» бағдарламасы еліміздің басқа өңірлерінен келген мамандарға Шығыс Қазақстан облысында тұрақтап, жаңа өңірде өмір сүруге берік негіз қалыптастыруға көмектеседі. Бағдарламаға «Серпін» жобасының қатысушылары да қатыса алады. Бұл жоба Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен шыққан жастарды қолдауға бағытталған. «Серпін» жобасы кадр тапшылығы ерекше сезілетін өңірлерде білім алып, сұранысқа ие мамандықты меңгеруге, кейін сол жерде жұмыс тауып, тұрақтап қалуға мүмкіндік береді. «Серпін» жобасына Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу және Маңғыстау облыстарының түлектері қатыса алады.
ХОТИТЕ УЗНАВАТЬ О НАШИХ АКЦИЯХ ПЕРВЫМИ?!