Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Дүйсенбай Тұрғынов пен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Басқарма Төрағасының орынбасары Досым Еңкебаев қала тұрғындарына жаңа пәтер кілтін табыстады. Атап айтсақ, жаңа қоныс иелерінің арасында әскерилер де, мұғалімдер мен дәрігерлер де бар. Жаңа үйдің сырт көрінісі көздің жауын алса, іші – жылы да, жайлы. Өйткені, бұл нысан іріктелген силикат кірпіштен салынған. Қысы қатты солтүстік өңір тұрғындарына бұл құрылыс материалы жылылығы мен жайлылығы үшін бағалы.
- Пәтер иелеріне жаңа қоныс құтты болсын дегім келеді. Жаңа әрі кең пәтерлеріңіз әрдайым шаттыққа толсын. Ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп, шаңырақтарыңыздан сәбидің шырын күлкісі кетпесін. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне сенім білдіріп, мемлекеттік бағдарламаға қатысқандарыңыз үшін, біздің банкіміздің атынан клиенттерімізге алғыс айтқым келеді, – деп тілек білдірді Досым Еңкебаев.
Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында салынған 72-і пәтерлі бұл үй Павлодар қаласының Толстой көшесінде бой көтерді. Нысанның жалпы ауданы – 4,2 мың шаршы метр. Оның құрылысына жергілікті бюджеттен 466 млн.теңге жұмсалып отыр. 1 шаршы метрінің бағасы – 100 000 теңге.
ХОТИТЕ УЗНАВАТЬ О НАШИХ АКЦИЯХ ПЕРВЫМИ?!