Баспасөз мәлімдемесі
Нұр-Сұлтан қаласында жастарға арналған «Elorda Zhastary» тұрғын үй бағдарламасы ашылады. Бұл елорда әкімдігі мен Отбасы банкінің («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) бірлескен жобасы. Бағдарлама жас мұғалімдерге, дәрігерлерге, журналистерге, мәдениет саласының қызметкерлеріне, спортшыларға, әлеуметтік қызметкерлерге, коммуналдық қызмет қызметкерлеріне, полиция департаменті қызметкерлеріне, ТЖҚ қызметкерлеріне, жетім балаларға жеке тұрғын үй сатып алуға жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік береді. «Elorda Zhastary» жобасы бойынша қарыз алушылардың жасы 35-тен аспауы тиіс.
Жуырда Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен Отбасы банк Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимова ынтымақтастық туралы тиісті меморандумға қол қойды.
- «Elorda Zhastary» - табысы жоғары емес жастарға тұрғын үй мәселесін шешуге арналған. Біз олардың Отбасы банкінің есепшоттарында құлшыныспен ақша жинап жатқандарын және де пәтер алуға дайын екенін білеміз, бірақ олардың қаражаты мен мүмкіндіктері жеткіліксіз. Ал жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылса, олар биыл жаппай қоныс тойын тойлауға мүмкіндік алады. Оның дәлелі ретінде – Алматы қаласын келтіруге болады, аталмыш қалада осыған ұқсас бағдарлама үлкен сұранысқа ие. Оның көмегімен қазірдің өзінде тұрғын үй мәселесін 2000 алматылық шешті, - деп түсіндірді Отбасы банк Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Елорда әкімдігі мен Отбасы банк «Elorda Zhastary» тұрғын үй бағдарламасы бойынша қарыз алушыларға несие беру үшін 3,6 млрд теңге бөледі. Бұл қаражат бағдарламаның 200-ге жуық қатысушысын несиелендіруге көмектеседі.
Әлеуетті қарыз алушылардың тізімін жергілікті атқарушы билік қалыптастырады. Бағдарламаға қатысу үшін qatysu.zhilfond.kz сайтында биылғы жылдың 14 қазанынан бастап өтініш беруге болады. Авторизациядан өту үшін электрондық цифрлық қолтаңба қажет, оны онлайн режимінде немесе жақын орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығында алуға болады.
Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң қатысушыларды іріктеу басталады. Үміткерлер пулы балдық жүйе бойынша қалыптасады. Ол еңбек өтілін және өтініш берушінің (ерлі-зайыптылардың біреуінің немесе олардың балаларының) 1,2,3 мүгедектік тобына жататын-жатпайтынын ескереді.
Пул құрылғаннан кейін оның қатысушылары Отбасы банкінен несие алуға жолдама алады. Банк бағдарлама қатысушысының төлем қабілеттілігін тексеріп, жылдық 5 пайызбен жеңілдетілген несие береді. Алғашқы жарна – 10%. Елордалық жас тұрғындарға берілетін несиенің ең жоғары сомасы – 18 млн теңге, мерзімі – 25 жылға дейін. Оның көмегімен алғашқы немесе қайталама нарықтан, сондай-ақ «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның кепілдемесімен үлестік қатысу шарты бойынша салынып жатқан тұрғын үй сатып алуға болады.
«Elorda Zhastary» қатысушыларына қойылатын талаптар:
1. Өтініш берген уақытта қатысушының жасы 35-тен (қоса алғанда) аспауы тиіс.
2. Қатысушының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің соңғы 1 жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласында үздіксіз тұрақты тіркеуі болуы қажет;
3. Қатысушының Отбасы банкінде сатып алатын баспана құнының 10% мөлшеріндегі алғашқы жарнасын бар депозиті болуы тиіс (салымның бар екендігі туралы анықтама немесе шот бойынша үзінді көшірме).
4. Соңғы 5 жыл ішінде бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің ҚР аумағында сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үйі немесе меншік құқығында тұрғын үйі болмауы қажет.
5. Қатысушының өтініш берген кезде кемінде соңғы бір жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласында таңдалған саласында ресми жұмыс тәжірибесі болуы тиіс. Ол зейнетақы шотының үзінді көшірмесімен расталады.
6. Отбасының 1 мүшесіне шаққандағы соңғы 6 айдағы табыс 6 ең төменгі күнкөріс деңгейінен немесе 205 812 теңгеден аспауы тиіс (зейнетақы жарналары, жеке табыс салығы және басқа да міндетті жарналарды қоспағанда);
7. Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.
***
««Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ — еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк. Ұйым Еуропалық құрылыс жинақ кассалары федерациясына (ЕҚЖКФ) және Халықаралық тұрғын үйді қаржыландыру одағына кіреді. Банкінің жалғыз акционері – «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ.
ХОТИТЕ УЗНАВАТЬ О НАШИХ АКЦИЯХ ПЕРВЫМИ?!