Қазақстанның Отбасы банкі жаңалықтары
Нашар көретіндерге арналған нұсқа
60 мыңнан астам қазақстандық БЗТ көмегімен Отбасы банкіндегі депозиттерін толықтырды

60 мыңнан астам қазақстандық БЗТ көмегімен Отбасы банкіндегі депозиттерін толықтырды

10 марта 2022

Баспасөз мәлімдемесі


Жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарының көмегімен 62 мың қазақстандық Отбасы банкіндегі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) депозиттерін жалпы сомасы 107 млрд теңгеге толықтырды. Күн сайын біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) банктегі жинақ шоттарына 1 мыңға жуық адам аударады, ондағы орта сома 1,7 млн ​​теңге.

2021 жылдың 16 желтоқсанында Тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында БЗТ пайдалану қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енгеннен кейін, қазақстандықтар үшін Отбасы банкіндегі депозитті толықтыру мүмкіндігі қолжетімді болды. Оны жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтары алғашқы жарна ретінде қолдануға және тұрғын үйді толық сатып алуға әзірге жеткіліксіз болып тұрған азаматтар қолданды.

Отбасы банкіндегі депозиттерін БЗТ толықтыра отырып, қазақстандықтар болашақ баспанасына қажетті қаражатты тиімдірек жинай алады. Өйткені, бұл қаражатқа тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің барлық стандартты шарттары тиесілі болады. Яғни, БЗТ қосылған шоттарға жыл сайын 2% банк сыйақысы мен 200 АЕК-тен аспайтын жинақ сомасына 20% мемлекеттік сыйлықақы беріледі. Алғашқы жарна жиналғаннан кейін бұл депозиттің көмегімен 3,5%-дан 8,5%-ға дейінгі мөлшерлемемен банктен несие алуға болады.

– Enpf-otbasy.kz платформасының іске қосылғанына бір жыл болды. Осы уақыт аралығында 600 мыңға жуық қазақстандық жалпы сомасы 2,3 трлн теңгеге тең БЗТ-ін тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделу мақсаттарына жұмсады. БЗТ пайдалану мақсаты бойынша бірінші орында – тікелей сатып алу тұр, оны 233 мың адам таңдаған. Екінші орында – Отбасы банкіндегі несие бойынша қарызды өтеу мақсаты, бұл опцияны 70 мың қазақстандық қолданған. Үшінші орында – Отбасы банкіндегі салымды толықтыру мақсаты тұр. Бұл мүмкіндікті қазірдің өзінде 62 мың адам пайдаланып үлгерген. Ал зейнетақы қорындағы қаражатты емделу мақсатына 139 мың адам жаратқан, – дейді «Отбасы банк» АҚ Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимова.

БЗТ-ін Отбасы банк депозитіне аудару мақсатының пайда болуымен, баспанаға деп қаражат жинап жүрген жастарға жақсы мүмкіндік туғаны маңызды. Қазір Отбасы банкіндегі жинақ шоттарын жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарымен толықтырған 35 жасқа дейінгі клиенттердің үлесі 30,4 пайызға тең.

Отбасы банкіндегі БЗТ қосылған депозит көмегімен үш жыл ішінде:

- бір банктік қарыз шарты бойынша баспана алу үшін тұрғын үй, аралық немесе алдын ала заем алуға, оның ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге;

- Отбасы банкінде несиені қайта қаржыландыруға;

- жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге (оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық сияқты нысаналы мақсаты бар жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда) пайдалануға болады.

2022 жылдың 5 наурызынан бастап БЖЗҚ салымшысы шешімін өзгерткен жағдайда, Отбасы банкіндегі депозитті жаппай, БЗТ зейнетақы қорына қайта қайтару мүмкіндігі туды. Бұрын бұл салымды тоқтату шартымен ғана жүзеге асырылатын. Азаматтардың өтініші бойынша Отбасы банк бұл процесті оңтайландырды.

2022 жылдың 1 сәуірінен бастап зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегі көтеріледі. БЗТ-ін бұрынғы шарттармен пайдалану үшін қазақстандықтар 2022 жылдың 28-29 наурызына дейін enpf-otbasy.kz платформасында өтініш берулері қажет. Отбасы банк өтінішті 2 күн ішінде қарап, БЖЗҚ-на жібереді. БЖЗҚ 2022 жылдың 31 наурызына дейін қабылдаған өтінімдер бойынша БЗТ 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін жарамды шекті мәндерге сәйкес аударады.

БЗТ Отбасы банкіндегі арнайы шотқа түскен күннен бастап салымшыға таңдаған мақсатын растап, қажетті құжаттарды тіркеп үлгеру үшін 20 жұмыс күні беріледі. Оны enpf-otbasy.kz порталындағы жеке кабинетте жасауға болады. Тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша барлығы 15 мақсат, емделу бойынша 7 мақсат бар. Олардың әрқайсысы бойынша қажетті құжаттар тізімі порталда жарияланған.

 

                                                          

***

 

««Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ — еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк. Ұйым Еуропалық құрылыс жинақ кассалары федерациясына (ЕҚЖКФ) және Халықаралық тұрғын үйді қаржыландыру одағына кіреді. Банкінің жалғыз акционері – «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ.

Бұл туралы бөлісіңіз:

ХОТИТЕ УЗНАВАТЬ О НАШИХ АКЦИЯХ ПЕРВЫМИ?!

Қоңырауға тапсырыс беру