Қазақстан және Германия экономика басты бес бағыттағы ынтымақтастық туралы уағдаласты
Берлинде Қазақстан-Герман Іскерлік кеңестің отырысы өтіп, оған кеңестің тең төрағалары – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің Басқарма Төрағасы Қуандық Бишімбаев және «Deutsche Bank AG» компаниясының Басқарушы директоры Питер Тильс қатысты.
Deutsche Bank және «Бәйтерек» холдингінің қатысуымен ұйымдастырылған отырысқа Қазақстанның түрлі компаниялары, сондай-ақ «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ, «ҚазЭкспортГарант» СК» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ өкілдерінен тұратын қазақстандық делегация да қатысты.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап түрлі мәселелер бойынша елімізге тұрақты қолдау көрсеткен Германия бүгінде Қазақстанның сенімді әрі конструктивті әріптесі болып табылады.
Тек соңғы 3 жыл ішінде Қазақстан мен Германия арасында жалпы сомасы шамамен 4 млрд. еуро болатын 72 инвестициялық және сауда келісімдеріне қол қойылды, жалпы сомасы 700 млн. еуроға 12 инвестициялық жоба іске асырылды.
«Ынтымақтастық жылдары ішінде неміс іскерлік топтары Қазақстанға шамамен 3,1 млрд. АҚШ долларын инвестициялады. Шетелдік инвестициялардың жалпы көлемінде бұл 2,5 %-ды құрайды», - деп мәлімдеді Іскерлік кеңес отырысында сөйлеген сөзінде Қ. Бишімбаев.
«Бәйтерек» холдингінің Төрағасы неміс әріптестеріне Холдинг және оның еншілес ұйымдары түрлі салаларда атқарып жатқан жұмысы жөнінде баяндап берді.
Бұдан басқа, Холдинг басшысы Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған жаңа бес институционалдық реформалар туралы айтты.
«Индустрияландыруды және экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі бастама аясында экспортқа бағдарланған тауарларды шығару үшін Қазақстанның қайта өңдеу секторына кем дегенде 10 трансұлттық корпорацияны тарту көзделеді. Экономиканың басым секторларында халықаралық стратегиялық әріптестер – «зәкірлік инвесторлармен» бірлескен кәсіпорындар ашылады. Кейіннен бірлескен кәсіпорындардағы мемлекеттің үлесі IPO-ға шығарылатын болады», - деп атап өтті Қ. Бишімбаев.
Экономикалық бастамаларды іске асыруда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі маңызды рөлге ие болып отыр. Қазірдің өзінде Холдинг ірі трансұлттық компанияларымен тығыз ынтымақтастық орнатты.
Сондай-ақ, Президент тапсырмаларын іске асыру шеңберінде 5 стратегиялық бағыт айқындалды, оның ішінде тоқыма саласы, автомобиль құрастыру, химия өнеркәсібі, шыны өндірісі, тамақ өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы.
«Осы салаларда неміс компаниялардың мол тәжірибесін ескере отырып, мен осы бағыттар бойынша жобаларды бірлесіп іске асыруға германдық әріптестерімізді шақырғым келеді», - деді «Бәйтерек» Төрағасы.
Өз кезегінде, неміс компаниялары аталған бағыттар бойынша Қазақстанмен бірлесіп жұмыс жасауға дайындығы мен қызығушылығын білдірді.
Қазақстандық делегацияның екі күндік сапары бағдарламасында Іскерлік кеңеске қатысудан басқа, ірі неміс концерндері, инжинирингтік компаниялары және институттары жетекшілерімен екіжақты кездесулер мен келіссөздерді өткізу жоспарланған.
Атап айтқанда, Іскерлік кеңес аясында Қ. Бишімбаев өнеркәсіптік құрылғыларды орнатумен және өндірістік процестердің технологияларын енгізумен айналысатын Chemieanlagenbau Chemnitz GmbH (С.A.C.) неміс компаниясының басшысымен кездесті. Компанияның Қазақстанда жұмыс істеу тәжірибесі бар екенін атап өткен жөн. Әңгіме барысында тараптар өзара ынтымақтастық мәселелерінің кең көлемді спектрін талқылады.
Сондай-ақ, «Бәйтерек» Төрағасы тау-кен металлургия кешені, тоқыма өндірісі, машина құрастыру және басқа да салаларда жұмыс істейтін түрлі неміс компанияларының өкілдерімен кездесіп, келіссөздер өткізді.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша неміс компанияларымен ынтымақтастық туралы бірқатар құжатқа қол қою күтілуде.
Анықтама: Бүгінде Қазақстанда бірлескен кәсіпорындарды қоса алғанда, германдық капиталдың қатысуымен 1,5 мың экономикалық құрылым тіркелген. 700-ден астам германдық кәсіпорындар белсенді жұмыс істейді. Ынтымақтастық өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік пен байланыс, ауыл шаруашылығы, өзге коммуналдық, әлеуметтік және дербес қызмет көрсету секторларында және экономиканың басқа да салаларында жүзеге асырылады.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы Жарлығына сәйкес құрылды. Холдингті құру мақсаты ұлттық экономиканы дамыту мен әртараптандыру, инвестицияларды тарту, кластерлерді дамыту және оның еншілес ұйымдарындағы корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру болып табылады. Холдингке кіретіндер: «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ, «ҚазЭкспортГарант» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ, «Kazyna Capital Management», АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ, «Қазақстанның ипотекалық кредиттерге кепілдік беру қоры» АҚ және «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын сүйемелдеу орталығы» ЖШС. Холдинг осы компаниялардың акцияларының мемлекеттік пакетіне иелік ету және оларды пайдалану құқығына ие.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ баспасөз қызметі, т. 8(7172) 919205, 919206, сайты: www.baiterek.gov.kz