Ақмола облысы – «Отбасы банк» Ұлттық даму институты ретіндегі жаңа мәртебесінде жалдамалы тұрғын үйлерді үлестіруді бастаған Қазақстандағы алғашқы өңір болған. Бүгін Қосшы қаласында 60 отбасы жалдамалы пәтерлердің кілтін алды. Олардың көпшілігі тұрғын үй кезегінде 10 жылдан астам уақыт тұрған. Қоныс тойын тойлағандар қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар, жетім балалар мен жесірлер бар. Дәл осы санаттағы азаматтар үшін ең маңызды мәселелердің бірі – баспанамен қамту түбегейлі шешімін тапты.
Өңір тұрғындарын қоныс тойымен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова құттықтады.
– Қазіргі уақытта тұрғын үйлер кезекте тұрған азаматтар арасында автоматты түрде бөлінеді. Бұл үдеріс ашықтық пен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етеді. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, пәтерлердің 70 пайызы көпбалалы отбасыларға және халықтың әлеуметтік осал топтарының өзге де санаттарына беріледі. Біз үшін мемлекет қолдауына шынымен мұқтаж азаматтардың бірінші кезекте баспаналы болуы аса маңызды, – деп атап өтті Ләззат Ибрагимова.
Қосшы қаласы Ақмола облысында нысандарды пайдалануға беру және кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша көшбасшы болып отыр. Жыл басынан бері жергілікті әкімдік пен «Отбасы банктің» қолдауымен 416 отбасы қоныс тойын атап өтті.
Жаңа қоныстанушылардың бірі – Қосшы қаласының тұрғыны Раушан Әубәкірова өз әсерімен бөлісті:
– Біз өз баспанамызды ұзақ күттік. Осындай мүмкіндік бергені үшін мемлекетке және «Отбасы банкке» зор алғысымды білдіремін. Қаламыз қарқынды дамып келеді, жаңа үйлер салынуда, енді солардың бірінде біздің отбасымыз тұратын болады, – дейді Раушан Әубәкірова.
Жалдамалы және несиелік тұрғын үйлерді үлестіру кезең-кезеңімен басқа өңірлерде де жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда облыстық әкімдіктер бұл мақсатта банкке 7 715 пәтерді тапсырды. Нәтижесінде Ақмола облысынан бөлек, Павлодар және Жетісу облыстарында да тұрғындар қоныс тойын атап өтуде. Алдағы кезекте – Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Ұлытау, Қарағанды, Абай және Қызылорда облыстары.
ХОТИТЕ УЗНАВАТЬ О НАШИХ АКЦИЯХ ПЕРВЫМИ?!