Шрифт көлемі:
Сайттың түсі:
Дауыстық көмекші
«AQYL» депозитіне 235 920 теңгені қалай алуға болады: Отбасы банк ата-аналарға маңызды ақпаратты еске салды

«AQYL» депозитіне 235 920 теңгені қалай алуға болады: Отбасы банк ата-аналарға маңызды ақпаратты еске салды

17 желтоқсан 2025

Биыл Қазақстанда мемлекеттік жинақтау жүйесі – «Келешек» бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама ата-аналарға балалардың біліміне қаражат жинауға көмектеседі.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 5 жасқа толған 7 340 қазақстандық бала мемлекет тарапынан қолдау алды. Олардың Отбасы банкіндегі «AQYL» білім беру депозиттеріне жалпы сомасы 1,7 млрд теңге болатын бастапқы білім беру капиталы аударылды.

Соның ішінде 23 бала жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ретінде 471 840 теңгеден алды.

Бастапқы капитал алдағы уақытта балаларға армандаған мамандығына апарар жолды бастауға көмектеседі. Қаражат сақталып, балаңыздың болашағына жұмыс істеуі үшін қарапайым, бірақ міндетті шартты ұмытпау маңызды. Баланың кәмелет жасына толғанына дейін немесе білім беру ұйымына оқуға түскенге дейін «AQYL» депозитін жыл сайын толықтырып отыру қажет.

2025 жылы білім беру депозитіне ең төменгі жыл сайынғы жарна мөлшері:

  • 24 АЕК немесе 94 368 теңге – барлық балалар үшін;
  • 12 АЕК немесе 47 184 теңге – әлеуметтік осал санаттағы балалар үшін;
  • 0 теңге – жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін.

Жарнаны бір реттік толық сома ретінде де, бөліп-бөліп те салуға болады – бастысы, ол 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін енгізілуі тиіс.
Егер жыл қорытындысы бойынша қажетті сома толық төленбесе, мемлекет бөлген бастапқы капитал бюджетке қайтарылады.

2025 жылдың екінші жартыжылдығында 5 жасқа толатын балаларға қаражат 2026 жылдың ақпан айында аударылады.

«Келешек» бағдарламасы аясындағы бастапқы білім беру капиталы тек «AQYL» білім беру депозиттеріне ғана және ағымдағы жылы 5 жасқа толатын балаларға ғана есептеледі.

Мысалы, егер бала 5 жасқа екі жылдан кейін, яғни 2027 жылы толатын болса, бастапқы білім беру капиталы 2027 жылы аударылады.

Бастапқы капиталды алу үшін «AQYL» білім беру депозитін алдын ала ашқан немесе бұрын ашылған «AQYL» депозиттеріне қосымша келісімге қол қойған дұрыс.

Бұл неліктен маңызды? Өйткені «AQYL» – білім алуға кететін шығындарға алдын ала және ең аз қаржылық жүктемемен дайындалуға мүмкіндік беретін құрал. Ол Қазақстанда да, шетелде де білім алуға арналған. Депозит неғұрлым ертерек ашылса, жеке жинақтарға банктің сыйақысы мен мемлекеттік сыйлықақысы соғұрлым ертерек есептеле бастайды.

«AQYL» депозитінің шарттары:

  • Сыйақы мөлшерлемесі14,9 % (ЖТСМ 16%-дан);
  • Мемлекеттік сыйлықақы: салымшылардың барлық санаттары үшін – 5%. Ал жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардағы балаларға – 7%;
  • Депозит ашу кезіндегі міндетті бастапқы жарна мөлшері3 АЕК немесе 11 796 теңге (2025 жылы). Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін – 1 000 теңге.

Мемлекеттік сыйлықақы жинақтау мерзімі депозит ашылған күннен бастап кемінде 1 жыл болған жағдайда есептеледі. Мысалы, егер депозит 2025 жылдың ақпан айында ашылса, мемлекеттік сыйлықақы тек 2027 жылы есептеледі, себебі 2026 жылдың 1 қаңтарына депозиттің ашылғанына небәрі 11 ай ғана болады.

Мемлекеттен берілетін бастапқы капиталды қандай мақсатқа пайдалануға болады?

Мемлекет бөлген бастапқы капитал, ата-аналардың жарналары, банктің сыйақысы және есептелген мемлекеттік сыйлықақы «AQYL» депозитінде бірге жинақталады. Бала мектепті аяқтағаннан кейін жиналған қаражатты Қазақстанда немесе шетелде білім алуға жұмсауға болады.

Егер бала білім беру грантын иеленсе, дипломды ұсынғаннан кейін депозитте жиналған қаражатты келесі бағыттар бойынша пайдалануға болады:

  • білім беру жинақтау депозитінде қаражат жинауды жалғастыруға;
  • жинақталған қаражатты бауырларына, туыстарына, достарына және басқа да тұлғаларға аударуға;
  • білім берудің өзге деңгейлерін алу мақсатында білім беру қызметтеріне ақы төлеуге;
  • қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін Отбасы банкіндегі депозитке аударуға.

«AQYL» депозитін ашудың бес жолы:

  1. Baspana Market порталында. Ол үшін otbasybank.kz сайтында жеке кабинетке кіріп, «Менің банкім», одан кейін «Депозиттер» бөліміне өтіңіз. Кейін «Жаңа депозит» батырмасын басып, «AQYL» депозитін ашуға болады;
  2. Otbasy bank мобильді қосымшасында. Қосымшада «Менің банкім» батырмасын басып, «Жаңа депозит ашу» бөліміне өтіп, білім беру депозитін таңдаңыз;
  3. Банк бөлімшелерінде;
  4. Кеңесшілердің көмегімен. Өз қалаңыздағы кеңесшіні https://hcsbk.kz/network-agents/ сілтемесі арқылы таңдауға болады;
  5. Банк сайтындағы бейнеқоңырау арқылы (kz).
Бұл туралы бөлісіңіз:

Дауыстық көмекші

сайтта дауыстық көмекшісі бар
мәтінді таңдап дыбыс деңгейі түймесін басу керек

ХОТИТЕ УЗНАВАТЬ О НАШИХ АКЦИЯХ ПЕРВЫМИ?!

Қоңырауға тапсырыс беру