Ақтау қаласында «Бәйтерек» холдингінің, әкімдіктер мен «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ өкілдерінің қатысуымен пәтер кілттерін табыстау бойынша салтанатты іс-шара өтті. Әлеуметтік жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы бойынша Ақтау қаласының тұрғындары 100 жаңа пәтердің иелері атанды. Ақтау тұрғындары алғаш рет «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде баспана алып жатқанын атап өту қажет. Ақтауда барлығы жыл соңына дейін жалпы алаңы 12 мың шаршы метрлік 190 пәтер үлестірілетін болады.
Бұдан басқа, қазіргі уақытта Астана, Ақтөбе, Талдықорған қалаларында жалпы алаңы 22,3 мың шаршы метрлік 425 пәтердің үлестірілуі жүргізіліп жатыр. Аталған пәтерлер бойынша кезекте тұрғандарға кілттерді табыстау осы айдың соңына дейін өткізіледі деп жоспарлануда.
Ағымдағы жылы «Бәйтерек» холдингі алдында Қазақстан бойынша 401 мың шаршы метрді немесе шамамен 7 мың пәтерді пайдалану беру міндеті тұр.
Қазіргі уақытта Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Көкшетау, Қостанай, Семей, Тараз, Қарағанды, Ақтау, Талдықорған және Павлодар қалаларында 245 мың шаршы метрлік 4 229 пәтер пайдалануға тапсырылды. Осы жылдың соңына дейін Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Талдықорған, Тараз, Қызылорда, Ақтау, Өскемен, Семей қалаларында тағы да 3 мыңға жуық пәтерді пайдалануға беру жүзеге асырылады.
Жалдамалы пәтерлер жергілікті атқарушы органдардың кезегінде тұрған азаматтар санаттарына беріледі, олар: жас отбасылар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, көп балалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, жетім балалар, толық емес отбасылар, әскери қызметшілер.
Тұрғын үйді жалға алудың орташа құны Алматы және Астана қалаларында 1 120 теңгеге дейін, ал қалған өңірлерде 923 теңгеге дейін құрайды. Жалдамалы тұрғын үй 20 жылға дейінгі мерзімге сатып алу құқығымен алғашқы жарнасыз жалға беріледі. Осы мерзім аяқталғаннан кейін жылжымайтын мүлік жалға алушының меншігіне өтеді. Жалға алудың 5 жылы өткеннен кейін баспананы қалған сомасы бойынша сатып алуға болады.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы 2014 жылғы қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында қолжетімді тұрғын үй құрылысының тәсілдерін қайта қарауды және қазақстандықтарды қолжетімді, сапалы әрі арзан баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды. Осыған байланысты Үкімет Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын бекітті, оның шеңберінде жалдамалы тұрғын үй мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді.
ХОТИТЕ УЗНАВАТЬ О НАШИХ АКЦИЯХ ПЕРВЫМИ?!