Жинақ күні «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі»    Акционерлік қоғамның еншілес ұйымы 

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттері видеобайланыс көмегімен «Нұрлы жер» бағдарламасы туралы кеңес ала алады

7 Сентября 2017
Бұл туралы ЭКСПО-2017 көрмесіндегі «Сандық Қазақстан» павильонында өткен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі-онлайн» шарасының қонақтарына «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова айтып берді. Ол осы жылы банктің видеобанкинг атты мүлдем жаңа қызметті іске қосқанын атап өтті. Бұл технология менеджермен видеобайланыс арқылы хабарласып, «Нұрлы жер» бағдарламасының шарттары, бағдарлама аясында салынып жатқан тұрғын үйдің шаршы метрінің бағасы, сонымен қатар дайын нысандар мен банк өнімдері туралы қашықтан кеңес алуға мүмкіндік береді. Әзірге видеобанкинг тест түрінде Алматы және Орал қалаларының тұрғындары үшін қолжетімді болып отыр. Келесі жылдан бастап аталған жаңа сервис ТҮҚЖБ-ның барлық бөлімшелерінде жұмыс істейтін болады.
- Видеобанкинг клиенттемізге уақыт үнемдеуге көмектесіп, банктің жұмыс процестерін айтарлықтай оңтайландыруға жол ашады. Біз банкке хабарласқан әр адамның өзіне жайлы ортада барынша ауқымды ақпарат алғанын қалаймыз. Әзірге аталған технология тек банк бөлімшелерінде қолданылып отыр. Менеджерге кезекте тұрмас үшін салымшы арнайы қызмет көрсету аймағына өтіп, операторға хабарласып, өз сұрағын қоя алады. Болашақта бұл қызметті ұялы телефонның немесе үй компьютерінің көмегімен алу мүмкіндігі пайда болады, - деп түсіндірді Ләззат Ибрагимова.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің клиенттері қашықтан қызмет алудың тағы бір жолы – «ТҮҚЖБ 24» интернет-банкингін пайдаланып көрсе болады. Қазір сервисте 220 000 қазақстандық тіркелген, оның 70 000-ы IOS және Аndroid тұғырнамаларындағы мобильді нұсқаны қолданады. Онлайн-режимде банк клиенттері жинақтарының, есептелген сыйлықақының жағдайын біліп, бағалау көрсеткішін қадағалап, депозит толықтырып, кез келген банктің картасымен комиссиясыз несие өтеп, банк бөлімшелерінде кезек брондай алады. Тіпті пулға қатысу үшін өтініш беру мүмкіндігі де қарастырылған. Осы қосымшаның арқасында 47 000 салымшы мемлекеттік бағдарламаларға қашықтан қатыса алды.
Депозитті банкке келмей-ақ ашуға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің тағы бір технологиясы – «Кеңесшілердің әлеуметтік желісі» ақпараттық жүйесі көмектеседі. Қазіргі уақытта бұл әлеуметтік желі Қазақстанның барлық аймақтарындағы 1200-дей кеңесшіні біріктіріп, олардың жұмысын жылдамдатып отыр. Банк агенті планшет пен мобильді принтерін алып, салымшының үйінде немесе жұмысында отырып-ақ оған шот ашып бере алады. Мысалы бүгін ЭКСПО-2017 павильонында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен депозит ашылды. Қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова жаңа шоттың иесі атанды.
Сонымен қатар банк төлем қабылдаудың балама жолдарын қосу бойынша үлкен жұмыс жүргізуде. Бұл да ТҮҚЖБ салымшыларының уақытын үнемдеу үшін жасалып жатқан іс. Банк клиенті үйінің немесе жұмысының жанындағы Қазпочта, Халық банкі, E-gov порталы, Қазкоммерцбанк, Каспи Банк, Еуразиялық Банк, Банк Центр Кредит, Qiwi және Pay point төлем терминалдары секілді ТҮҚЖБ серіктестері ұсынатын қызметтің көмегімен депозит толықтырып, несие өтей алады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттері үшін ақша аудару кезіндегі комиссия 0 теңгені құрайды.
2017 жылдың мамыр айында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі QR-кодтың көмегімен жүргізілетін жаңа төлем әдісін іске қосты. Бұл – ТҮҚЖБ клиентінің барлық реквизиті шифрленген екі-өлшемді штрих-код. Мұндай код шот ашу кезінде клиентке берілетін әр банк сертификатында таңбаланады. Ол клиенттерге қарапайым жолмен ұялы телефонды қолдану арқылы депозит толықтыруға мүмкіндік береді. Мәліметтерді оқып, операция жүргізу үшін камерасы және Интернеті бар смартфонды пайдалану жеткілікті болмақ. Сондай-ақ клиентке алдын-ала гаджетке QR-код сканерлейтін арнайы қосымша орнатып алу керек болады.
2017 жылдың 26 қыркүйегінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тағы бір жаңа технологияны іске қоспақ. Ол – бір тұғырнамада банк клиенттерін, құрылыс компанияларын және мемлекеттік органдарды біріктіретін жылжымайтын мүлік порталы.

қайтару