Қоңырауға тапсырыс беру
«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі»    Акционерлік қоғамның еншілес ұйымы 

Қостанай облысындағы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында бірінші болып коттедж кілтіне ие болды

25 Сентября 2017 Қостанай облысындағы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында бірінші болып коттедж кілтіне ие болды
Қостанай облысында он төрт адам бүгін баспаналы болып отыр. Оның 10-ы – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары. Барлығы да – жер телімін алуға кезекте тұрған аймақ тұрғындары. «Нұрлы жер» бағдарламасының жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға арналған пилоттық бағытының аясында мемлекет салымшыларға тиесілі 10 сотық жерді ғана беріп қоймай, сол жер телімінде жеке тұрғын үй салуға да көмектесті.

Алғашқы болып үй алған қуаныш иелерін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова құттықтап, баспана кілтін тапсырды.

 

- Бүгін Қазақстанда тұңғыш рет мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында азаматтарымыз пәтер емес кең, жайлы жеке үйдің иелері атанып отыр. Бұл кездейсоқ жайт емес. Себебі республикамыздағы пайдалануға беріліп жатқан тұрғын үйдің жартысы қазір жеке тұрғын үй құрылысы санатына кіреді. Алайда үй құрылысы – көңіл бөлуді, шығынды талап ететін іс. Сондықтан біз әкімдік, құрылыс жүргізуші, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі және Қазақстан ипотекалық компаниясы болып бірлесіп, қазақстандықтарға қолжетімді жолмен, артық салмақ түсірмей баспаналы болуға көмектесіп жатырмыз, - деді Ләззат Ибрагимова.

Коттедждер Қостанайдың жанындағы Заречный кентінде орналасқан. Барлығы да шетелдік үлгіде бірыңғай стильде салынған. Айырмашылығы тек үйдің көлемінде ғана: тұрғындарға аумағы 90 және 110 шаршы метр болатын бірқабатты және екіқабатты үйлер бұйырып отыр. Жер телімінен үміткерлер өздеріне тиесілі 10 сотық жерде мемлекеттік тегін ресімдеді, ал сол жерде тұрғызылған үйді 1 шаршы метрін 115 000 теңгеден сатып алды. Бұл ретте жер иелеріне Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) көмектесті. Банк салымшыларға жылдығы 5% болатын заем берді. Сыйақы мөлшерлемесі Қазақстан ипотекалық компаниясы төлеген мемлекеттік субсидияның арқасында төмендетілді. Несие ресімдеу үшін қойылған басты шарт ТҮҚЖБ депозитінде үй құнының кем дегенде 30%-на тең сома ұстау болды.

- Жұбайым екеуміз 11 жыл бойы жер телімін алу үшін кезекте тұрдық. Бізді шақырып, жермен бірге дайын үйді де алуды ұсынған кезде, келісім бердік. Себебі негізінен жұмыстамыз, үй құрылысымен айналысуға мүмкіндік жоқ, оның үстіне қазіргі нарықтық жағдайда бұл – қымбатқа шығатын іс. Екі баламыз бар, жаңа үйге көшетінімізге бәрінен де қатты қуанып жүрген солар, себебі әрқайсында жеке бөлме болады, - деп әсерімен бөлісті банк салымшысы Динара Ерғазина.

Динара да басқа салымшылар секілді үй салынып жатқанда құрылыс жұмыстарын бақылап отырған. Құрылыс жүргізуші ұйым болашақ баспана қожайындарын тұрақты түрде құрылыс алаңына шақырып тұрыпты. Үй иелерінің көзінше ғимараттың іргетасы құйылып, қабырғасы қаланған екен.

- Ең жақсы тексеруші – болашақ қожайын. Олар күн сайын келіп құрылыс барысын бақылап отырды. Себебі бұл – ұзақ жылдар бойы тұрады деп салынған тұрғын үй, сондықтан біз келісімізді беріп, қожайынның қалауы бойынша бөлмелердің орналасу тәртібін, аумағын немесе жуыну бөлмесінің орнын өзгертіп отырдық, - дейді құрылыс компаниясының директоры Қайрат Бижанов.

Жыл соңына дейін Қостанай облысында тағы 60 үй пайдалануға беріледі. Келесі жылы коттедж қалашығының құрылысы жалғасады. Жалпы алғанда бұл аумақта 270 нысан бой көтереді деп жоспарланып отыр.


қайтару

ПОЗВОЛЬТЕ НАМ ДЕРЖАТЬ ВАС В КУРСЕ!

Подпишитесь на нашу рассылку, и мы будем отправлять вам на электронную почту информацию о самых выгодных акциях и предложениях Жилстройсбербанка

Суреттегі кодты енгізіңіз