Қоңырауға тапсырыс беру
«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі»    Акционерлік қоғамның еншілес ұйымы 

Онлайн-табыстау қызметінің алғашқы айында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жалпы сомасы 300 млн теңге болатын 140 депозит сатты

22 Июня 2018 Онлайн-табыстау қызметінің алғашқы айында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жалпы сомасы 300 млн теңге болатын 140 депозит сатты
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) депозиттерді сатуға арналған онлайн-табыстау атты жаңа қызметінің алғашқы айының нәтижесін жариялады.
Ең жоғары сомасы бар сатылған шотта 10,3 млн теңге болған. Орта есеппен банк салымшылары орташа сомасы 2,1 млн теңгенің депозиттерін сатылымға шығарған. Жаңа қызметті Алматы және Астана қалаларының тұрғындары ең жиі пайдаланған екен. Бұл екі қалада бір ай ішінде 50 мәміле жасалған. Бұдан бөлек Павлодар облысында 19 депозит, Оңтүстік Қазақстан облысында 10 мәміле ресімделіпті.
Әзірге жаңа сервис Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы және Семей қаласындағы салымшылар тарапынан төмен сұранысқа ие болып отыр.
Мәміле бекіту процесі толықтай қашықтан жүргізіледі. Депозит сатушы «ЖССБ 24» интернет-банкингінде бастапқы бағаны көрсете отырып, шотын сататыны туралы хабарландыру жариялайды. Ал ең жоғары баға ұсынған адам шот сатып алушы деп жарияланады.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бұл қызметі туралы толық ақпаратты https://hcsbk.kz/online-ustup/ сілтемесі арқылы өтіп білуге болады. Сондай-ақ сервисті пайдалану туралы нұсқаулық «ЖССБ 24» интернет-банкингінің «Онлайн-табыстау» бөлімінде жарияланған.
Қызмет жұмысының алғашқы айы клиенттерде бастапқы кезде алуан түрлі сұрақ туындап жатқанын көрсетіп отыр. Банк ең жиі қойылатын сауалдарды топтастырып, жауабын назарларыңызға ұсынады.

1) Депозитті сату кезінде жинақ сомасына мемлекет сыйлықақысы кіре ме?
Депозитті сатылымға шығарғанда лотта шоттың қаншалықты құнды екенін білдіретін бірнеше параметр көрсетіледі, олар – жинақтың жалпы сомасы, шоттың ашылған күні және берілген сыйақы сомасы. Соңғы көрсеткішке тек банк сыйақысы ғана емес, мемлекет сыйлықақысы да кіреді. Ол ҚР азаматтарына төленеді және депозит сатылған жағдайда күйіп кетпейді, керісінше толықтай шоттың жаңа иесі атанып отырған ҚР азаматына аударылады. Ал депозит алушы ҚР азаматы болмаса, онда мемлекет сыйлықақысы бюджетке қайтарылады.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасы туралы» заңға сәйкес, банк салымшысы шоттың ашылғанына үш жыл толмай тұрып келісім-шартты бұзатын болса, онда ол мемлекет сыйлықақысын республикалық бюджетке қайтаруға мәжбүр болады. Онлайн-табыстау қызметі, өз кезегінде, мемлекет сыйлықақысын сақтап қалуға көмектеседі.
Алдағы уақытта жаңа сервис жетілдіріліп, дамытылатын болады, сатып алушыға депозитке берілген сыйақының неден құралғанын детальді түрде көру мүмкіндігі ұсынылады.

2) Неге лоттарда бағалау көрсеткіші туралы ақпарат жоқ? Себебі бұл да үй сатып алу үшін қандай да бір несие сомасын ресімдеу мүмкіндігінің маңызды коэффициенті ғой?
Өздеріңіз білетіндей, бағалау көрсеткіші – несиелендіру мерзімі мен пайыздық мөлшерлемені анықтайтын негізгі критерий.
Қол жеткізу керек ең төменгі бағалау көрсеткішінің мәні – 16. Банк салымшысы бірнеше талапты орындаса, бұл көрсеткішке қол жеткізуге болады. Олар:
- шотты кемінде үш жыл бойы тұрақты түрде толықтырып отыру;
- келісім-шарт сомасының кем дегенде 50%-ын жинау. Келісім-шарт сомасы – бұл депозит ашқан кезде көрсетілетін және салымшыға қажет жалпы сома. Ол үй бағасы, жер телімінің құны, т.с.с. болуы мүмкін. Мысалы, келісім-шарт сомасы 10 млн теңге деп көрсетілсе, салымшыға 5 млн теңге жинау керек. Осы 5 миллион келісім-шарт сомасының 50%-ы болып саналады.
Банк клиенті аталған шарттарды орындап, 16-ға тең минимал бағалау көрсеткішіне қол жеткізсе, жылдық мөлшерлемесі 5% болатын тұрғын үй займынан үміткер атанады. Депозиттің ашылғанына неғұрлым көп уақыт болса, бағалау көрсеткіші де соғұрлым жоғары болады, пайыздық мөлшерлеме де соғұрлым төмен болады.
Мысалы, салымшы 4 жыл ақша жинаса, оның бағалау көрсеткіші 20-ға тең болады, сәйкесінше заем бойынша пайыздық мөлшерлеме 4,8%-ға дейін түседі.
Алайда, онлайн-табыстау бойынша лот таңдау барысында бағалау көрсеткіші депозит сатып аламын деген адамды шатастырып жіберуі мүмкін.
Жоғарыда айтылғандай, бағалау көрсеткіші келісім-шарт сомасына тәуелді, ал ол сома әр салымшыда әртүрлі. Мысалы, бір клиент 2 млн теңгеге шот ашуы мүмкін. Соманың жартысы 1 млн теңгені жинап қойды, депозит мерзіміне қатысты да талапты орындады. Яғни ол тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің негізгі талаптарын орындап, қажетті бағалау көрсеткіші мәніне қол жеткізді. Алайда банктің ар жағындағы беретін 1 млн теңге көлеміндегі займы депозит сатып алушының көңілінен шықпауы, оның тұрғын үй мәселесін шешпеуі мүмкін.
Тағы бір мысал. Банк салымшысы 8 млн теңгеге депозит ашты. Бес жыл ішінде қажет соманың жартысын жинады. Алайда қажетті бағалау көрсеткішіне әлі жеткен жоқ. Сол себепті депозит сатып аламын деген адам бұл шотқа мән бермей өтіп кетуі ықтимал. Бірақ, шын мәнінде, бұл шот бойынша бағалау көрсеткіші талабын орындау үшін бірнеше ай бойы толықтырып отыру ғана жеткілікті болуы мүмкін, осыдан кейін 4,5% мөлшерлемемен тұрғын үй займын ресімдеп көруге болады.
Сондай-ақ бірқатар депозит сатып алушылар басқа шоттарға өз салымымен біріктіру үшін қызығып жатады. Бұл жағдайда, яғни депозиттер біріктірілсе, бағалау көрсеткіші мәні өзгереді.
Осыдан келіп, сатып алушыны шатастырмас үшін онлайн-табыстау қызметін ұсынушылар лотта бағалау көрсеткіші туралы ақпаратты жарияламау туралы шешім қабылдады.
Әзірге банк депозит аламын деушілерге шот таңдау кезінде оның мерзімін және жинақ сомасын ескеруді ұсынып отыр.
Алайда болашақта бағалау көрсеткіші мен келісім-шарт сомасы туралы депозит параметрлері туралы ақпарат ұсынылатын болады. Бұл көрсеткіштер де сатып алушыға өз бетінше шот таңдауға көмектеседі.

3) Жинақ мерзімі бір жылға жетпейтін депозиттерді сатылымға шығаруға шектеу қоюдың себебі неде? Мұның орнына депозиттерді екі топқа бөлуге болмай ма?
Онлайн-табыстау қызметінің шарттарына сәйкес, жинақ мерзіміне кем дегенде бір жыл болған және жинақ мерзімі ішінде берілген сыйақы мөлшері кемінде 8 000 теңгені құрайтын депозиттерді сатуға немесе сатып алуға болады.
Мұндай шектеу шот сатып аламын деген адамдарға қызықсыз салымдарды ұсынбау үшін енгізіліп отыр.
Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің шарттарына сәйкес, жылдық мөлшерлемесі 5% болатын тұрғын үй займын алу үшін үш негізгі талапты орындау керек:
- минимал бағалау көрсеткішіне қол жеткізу;
- келісім-шарт сомасының 50%-ын жинау;
- кемінде үш жыл бойы жинау.
Яғни жинақ мерзімі – ең маңызды параметрлердің бірі. Осы себепті ашылғанына 1 жыл толмаған және сатылымға шығарылған депозиттер қызығушылық туғызбайды. Мұндай сұраныссыз шоттардың арасында шынымен тиімді ұсыныстар жоғалып кетуі мүмкін.
Клиенттер тарапынан түсіп жатқан сұрақтар мен ұсыныстарды ескере отырып, банк болашақта лоттарды «жинақ мерзіміне 1 жыл толмаған депозиттер», «жинақ мерзімі 1-3 жыл аралығындағы депозиттер», «жинақ мерзімі 3 жылдан жоғары депозиттер» деп топтастыруды қарастыруы мүмкін.
Жаңа сервистің алғашқы 2 апта ішіндегі жұмысы депозит сатып аламын деушілер тарапынан негізінен жинақ мерзімі 2 жылдан асқан шоттар сұранысқа ие екенін көрсетті.

4) Мерзімі 3 жылдан асқан депозиттер бойынша шот аламын деген адамның қандай ең үлкен несие сомасын ресімдей алатыны көрсетілсе, бұл қызмет түсініктірек және айқынырақ бола түсер еді деп санаймыз.

Шынымен, шот алушылардың көпшілігі жинақ мерзімі үш жылдан асып кеткен депозиттерге қызығып жатады. Себебі жинақ мерзімі – жылдық мөлшерлемесі 3,5-5% болатын тұрғын үй займын алудың негізгі үш шартының бірі.
Бірақ бұдан басқа екі шартты, яғни бағалау көрсеткіші мен шотта жиналған сома көлемін де ұмытпау керек. Бұл талаптарды шотты тұрақты түрде толықтырып отырумен ғана емес, бірнеше депозитті біреуге біріктіру арқылы да орындауға болады.
Яғни депозит сатып алатын әр банк клиентінің өз мақсаты бар: не ол шоттың жаңа иесі атанып, ары қарай ақша жинауды жалғастырады және кейін өз депозитімен біріктіреді, не бірден үй қарастырып, несие алуға өтініш береді. Сондықтан шот аламын деген адам ресімдей алатын ең жоғары заем сомасын көрсетпеген дұрысырақ.
Қазір онлайн-табыстау бойынша көмекші атты қосымша сервис әзірленіп жатыр. Бұл функция сатып алушыларға сатылымға шығарылған депозиттің барлық мүмкіндіктерін таныстырып, оны қалай пайдаланған тиімді болатынын көрсетіп береді.

қайтару

ПОЗВОЛЬТЕ НАМ ДЕРЖАТЬ ВАС В КУРСЕ!

Подпишитесь на нашу рассылку, и мы будем отправлять вам на электронную почту информацию о самых выгодных акциях и предложениях Жилстройсбербанка

Суреттегі кодты енгізіңіз