Қоңырауға тапсырыс беру
«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі»    Акционерлік қоғамның еншілес ұйымы 

«Нұрлы жер» бағдарламасының аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларын 50 млрд теңгеге несиелендіруді жоспарлап отыр

23 Января 2018 «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларын 50 млрд теңгеге несиелендіруді жоспарлап отыр
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) клиенттеріне арналған мемлекеттік бағдарлама аясындағы тұрғын үй елдің барлық аймақтарында сатылатын болады. Қазіргі уақытта 7 462 пәтер пайдалануға берілді және салымшылардың сатып алуына дайын тұр. Бұған қоса 2018 жылы тағы 16 938 пәтер салынады деп жоспарланып отыр. Бұл жайында үкімет отырысы нәтижесі бойынша өткен баспасөз мәслихатында «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова хабарлады.

«Нұрлы жер» бағдарламасының шарттарына сәйкес қолжетімді бағамен сатылатын мұндай баспананы шотына үй құнының 30%-на тең алғашқы жарнаны жинаған банк салымшылары ала алады. Бұл жағдайда мемлекеттік бағдарламаға қатысушы жылдық мөлшерлемесі 5% болатын жеңілдетілген заем ресімдеу мүмкіндігіне ие. Арнайы осы мақсатта банкке 2016-2017 жылдары 30 млрд теңге бөлінген болатын. Оның 22 миллиардын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлттық қордан алды. Бұған қоса Қаржы министрлігі «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асырылуы үшін тағы 8 млрд теңге бөлді. Берілген қаражатты банк 2017 жылдың ішінде 100%-ға игерді.

- Бұл ақшаға 3 488 заем ресімделді, нәтижесінде біздің салымшылар төмен бағамен өз баспанасын сатып ала алды. Болжауымызша, осы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында 8 500-дей азаматты 50 млрд теңгеге несиелендіре алатын боламыз. Қазір банк қоржынында 30% көлеміндегі алғашқы жарнасы бар 33 000-нан астам депозит бар. Бұл шоттардың иелері мемлекеттік бағдарламаға қатысып, кредиттік тұрғын үй ала алады. Қажет жарна қаражаты бар депозит саны бойынша Астана және Алматы қалалары көш бастап тұр. Сондай-ақ Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының тұрғындары да тұрақты түрде салымдарын толықтырып отырады, - деді Ләззат Ибрагимова.

Ол «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынып жатқан барлық нысандар туралы қазақстандықтар baspana.kz сайтынан біле алатынын атап өтті. Мұнда қолжетімді үй алудан үміткер азамат пәтер алғысы келетін қаланы таңдап, салынып жатқан нысандар, өтініштердің қабылдануы туралы біліп, ұнаған пәтерді таңдап, тұрғын үй сатып алушылар пулына қатысу үшін өтініш бере алады. Қазіргі уақытта порталда 24 300 пәтерден тұратын 159 нысан туралы ақпарат топтастырылған.

Осы жылы банк салымшылары «Нұрлы жер» бағдарламасының «Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту» атты пилоттық бағытының аясында жеке коттедждер де сатып ала алады. 2018 жылы Алматы (48 үй), Жамбыл (100 үй), Солтүстік Қазақстан (72 үй) және Ақтөбе (194 үй) облыстарында 414 коттедж пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Өткен жылы Қостанай облысының тұрғындары алғашқы болып жеке коттедж иегерлері атанды. Мұндай баспанаға қол жеткізгендердің саны – 10, барлығы да Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары. Олар жергілікті әкімді жер телімін алуға кезекте тұрған болатын. Кезегі жеткенде мемлекет тиесілі 10 сотық жерді тегін берді. Ал сол жерде салынған дайын үйді тұрғындар жеңілдетілген займмен сатып алды. «Нұрлы жер» бағдарламасының шарттарына сәйкес, мұндай үйдің 1 шаршы метрінің бағасы 120 мың теңгеден аспауы керек.

2017 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банк жалпы сомасы 289,8 млрд теңгені құрайтын 41 728 заем ресімдеген. Жыл басындағы жоспар 181 млрд теңге болатын. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында берілген займдардың банк қоржынындағы үлесі 15%-ға тең.

Қазіргі уақытта миллионнан астам адам Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен депозит ашып, баспана алуға ақша жинап жатыр. Олардың шотында құралған қаражатың жалпы көлемі – 520 млрд теңге. 2017 жылы 352 мың жаңа салым ашылды. Жыл басындағы жоспарланған көрсеткіш 290 мың болатын.




қайтару

ПОЗВОЛЬТЕ НАМ ДЕРЖАТЬ ВАС В КУРСЕ!

Подпишитесь на нашу рассылку, и мы будем отправлять вам на электронную почту информацию о самых выгодных акциях и предложениях Жилстройсбербанка

Суреттегі кодты енгізіңіз